Аналар әскери бөлімді аралады
Ата-аналар комитетінің өкілі Наталья Косолапова Өскемен қаласындағы «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 27943 әскери бөлімінде болды. Бұл шара «Сарбаз қызметі – аналар көзімен» акциясы аясындай ұйымдастырылды.
Комитет мүшелері алдымен мерзімді қызметтегі сарбаздардың тұрмыс жағдайын, сондай-ақ әскери қызметшілердің бос уақытында немен айналысатынын көрді. Әрине, сарбаздардың күн тәртібін үйдегі өмірмен салыстыруға келмес. Әскердегі ықшамдылықты мұнда барлық жерден, атап айтқанда, біркелкі жиналған төсек-орындардан, бірдей ас мәзірі мен киім үлгісінен көруге болады.
– Ата-аналар Отан алдындағы борышын өтеп жүрген балалары үшін алаңдайтыны жасырын емес. Сондықтан біз бүгін әскери бөлімдегі казармаларды, асхананы, моншаны, кір жуу орындарын және әскери лазаретті араладық. Офицерлермен, сарбаздармен сөйлестік. Мұндағы сарбаздар үшін бар жағдай жасалғанына көзіміз жетті, – деді ата-аналар комитетінің өкілі Наталья Косолапова.
Сонымен қатар олар азық-түлікті сақтау тәртібін және олардың жарамды мерзімін қарап, медициналық пунктті аралады. Онда медицина қызметкерінің жұмысымен, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілердің медициналық көмекке жүгіну журналындағы жазбалармен де танысты.
Жүргізіліп жатқан жұмыс аясында сарбаздардың ата-аналар комитеті мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер мен ата-аналар арасында байланыс орнатып, әскери ортадағы туындаған мәселелерді уақтылы шешу бойынша шаралар қабылдайтынын айта кету керек.
Әскери бөлім басшылығы келген меймандарға ынтымақтастықты нығайту және әскери қызметке деген сенімді арттыру ісінде табыс тіледі әрі алдағы уақытта бірлесіп қызмет атқаруға шақырды.
Асхат Жиенбаев,
Өскемен гарнизонының баспасөз қызметі