Мәдениет

Аналар аманатқа адал болуға үндеді

Аналар аманатқа адал болуға үндеді


Алматы шаһарынан арнайы ат терлетіп келген «Ел бірлігі» одағының аналары мен жастары өздерінің шағын көрінісі мен концерттік бағдарламасын «Аманат» деп атапты. Алматылықтардың осы бірауыз сөзбен көп нәрсені айтқысы келгенін шығысқазақстандық жастар жақсы түсінді, әрине.
Өйткені қазақ үшін аманат деген – ардақты сөз. Ата-бабаларымыз ешқашан аманатқа қиянат жасамаған. Ендеше аманатқа адалдық – ұрпақ парызы. Мұны өз сөзінде «Ел бірлігі» одағының президенті, белгілі заңгер Шолпан Ризабекова да ерекше атап айтты. Жалпы, осыдан он жыл бұрын құрылған «Ел бірлігі» одағы тарихымызды ұлықтап, ұлттық салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрыптарымызды, тілімізді дәріптеуде біраз іс тындырыпты. Бүгінде аталған одақтың үш жарым мыңдай мүшесі бар. Одақ мүшелері тек Алматы облысында ғана емес, өзге өңірлерде де баршылық. Одақтың Нұр-Сұлтан қаласы бойынша ғана 250-дей, ал Павлодар облысында 300-дей мүшесі бар екен. Осыдан бір ай бұрын «Ел бірлігі» одағының Шығыста да филиалы құрылып, жұмысын бастап жатқан көрінеді.

– Әрине, қазақ халқы – ештеңеге мойынсұнбайтын, қиыншылықтан қорықпайтын халық. Біздің халықтың ұлағатты тарихы бар. Осы орайда жастарға тәлім-тәрбие ретінде үлкен іс-шарамызды алдарыңызға алып келіп отырмыз. Біздермен бірге жастар да келді. «Әліп би» аналардың құқығын қорғау қоғамдық бірлестігі, көпбалалы аналардың қоғамдық бірлестіктерінің өкілдері бар. Тұңғыш Президентіміз 2019 жылды Жастар жылы деп жариялады. Біз жастарға үміт артамыз. Олар салт-дәстүрімізді, тілімізді, діліміз бен дінімізді сақтап, тарихымызды ұлықтайтынына сенеміз, – деді Шолпан Бостанқызы.

Осылайша, «Ел бірлігі» одағының аналары мен жастары шығысқазақстандықтардың назарына өз өнерлерін ұсынды. Көпбалалы, алтын құрсақты аналар Ардақ Ибрайымова «Елге сәлем» әнін әуелетсе, тоғыз баланың анасы, «Алтын алқа» иегері Нәсихан Имашқызы апамыз «Бүлдірген» әнімен көрерменнің жүрегін жаулап алды. Ал зейнеткер ұстаз Сажида Тұрғанбайқызы «Айжан қыз» биін мың бұрала биледі. Өз кезегінде шығысқазақстандық аналарымыз да өз өнерлерін көрсетті.

Алыстағы Алматыдан келген ақжаулықты аналарға облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Арайлым Есімбекова зор алғысын білдіріп, сый-сияпатын тарту етті. «Ел бірлігі» одағының өнерпаздары Шығыстан кейін Павлодарға да баруды жоспарлап отырған көрінеді.

Мейрам Екпін

Осы айдарда

Back to top button