Ана тіліміздің абыройын асқақтатып жүр

Адам біткен аттап басқанын ақшаға, жалғыз ауыз сөзін алтынға бұлдаған алмағайып заманда ұлты үшін, оның тілі мен болашағы үшін ақысыз-пұлсыз игі істерге барып жүретін жандарды көрудің өзі бұл күнде ертегіге айналғандай.
Дегенмен, елі үшін небір тәуекелдерге барып жүретін жандар некен-саяқ болса да, арамызда бар екендігін көргенде, кәдімгідей марқайып, мақтанып қалсың. Балаларды мейлінше әдемі сөйлеуге баулып, қазақтың сөз құдіретін қаршадайынан саналарына құйып жүрген сондай жаны жайсаң жандардың бірі – Зайсан халық театрының режиссері Алмагүл Сүлейменова.
ЗАЙСАНҒА КЕЛІН БОЛҒАН СЫР СҰЛУЫ
Алмагүл Төлегенқызы – қасиетті Сыр елінің тумасы. Дүниеге келген, балалық шағын өткізген Бірлестік ауылындағы орта мектепті 1976 жылы тәмамдап, сол жылы Алматының М.Әуезов атындағы театр-студиясына оқуға түседі. Атаулы оқу орнынан актриса мамандығын алған жас талапкер алғашқы еңбек жолын Семейдің «Абай» атындағы музыкалық-драма театрынан бастайды. Арада біраз уақыт өткенде, отбасылық жағдайына байланысты Зайсан ауданының мәдениет бөліміне қызметке ауысады. Жалынды жастық пен бойындағы табиғи таланттың, сұлулық пен шеберліктің ұштасуы талабы зор жас актрисаны айтулы қойылымдардың басты рөлдерінде ойнауына жол ашады. Еңбек ете жүріп, білімін де ұштастыра білген Алмагүл есімдері елге белгілі, театрдың хас шеберлері Асқар Тоқпанов, Есмұхан Обаев, Әубәкір ағалары сынды білікті режиссерлерден тәлім алып, білімін жетілдіре түседі.
Бүгінгі таңда Алмагүл Төлегенқызы – өмірден мол тәжірибе жинаған, талай түлектерін қияндарға самғата білген ұлағатты ұстаз. Қазақ дегенде, оның кестелі тілі мен көркем әдебиеті дегенде кеудесінде намыс оты жалындап шыға келетін ұлтжанды, қазақтың қайсар қызын зайсандықтардың үлкен-кішісі құрмет тұтады.
«Тілі бар халық – халық, тілі жоқ халық – балық» деген. Алмагүл – қайда жүрсе де, мәртебелі тіліміздің өркендеуіне, өшпеуіне атсалысып, тұғырынан түспеуіне күш-жігерін жұмсап жүрген қазақтың нағыз патриот перзенті. Көркемсөз бен терең мағыналы, оттай жалынды өлеңді жанына серік еткен ұстаз «Абай», «Махамбет», «Оралхан», «Мұхтар» оқулары сияқты тіл мәртебесін көтеретін сайыстарға жанашыр болып қана қоймай, дарынды оқушылардың әділ бағасын беріп отырады. Аудандық мәдениет үйі жанынан өзі құрған «Поэзия» жастар театрына сайыскерлердің арасынан жақұттай жарқырай білгендерін теріп алып, үлкен өнер сахнасына дайындап, бабына келген шәкірттерін аудандық, облыстық, республикалық, тіпті халықаралық сайыстардың дүлділі қатарына қосып, өнер өлкесіне бағыт-бағдар беруден жалыққан емес.
Қазақ «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген. Әр тәрбиеленушісіне тіл мәдениеті мен тазалығын, өлеңнің құдіретін, өнердің парасатын бойына сіңіріп, үлкен өнеге иесіне айналдыра білген Алмагүлдің театрға үш жастан бастап аяқ басқан кішкентай әртістері үлкен азамат болып, өнер, оқу орындарында шыңдалып жатқандары да баршылық. Қаншама жастар үлкен өнерге араласты. Үш жылда бір сараланатын «Халық театры» атағын қорғау барысында балалар театры, сол кездегі Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің бұйрығымен «Халық театры» атағына ие болды.
«Поэзия» жастар театрының әртістері ауданға келген ақын-жазушылардың кез келген шығармашылық кештерін өткізеді. Тәрбие ошақтарының барлығын дерлік аралап, тәрбиелік-танымдық спектакльдер қойып, бұл күндері көрермен қауымның көзайымы болып қана қоймай, көркемсөз бен поэзияның жұлдыздарына айналды. Бүгінгі таңда олар өз күштерімен сценарий жазып, ауқымды шаралар ұйымдастыратын дәрежеге жетті.
СӨЗ ШЕБЕРЛЕРІН ШЫҢДАЙТЫН ШЕБЕРХАНА
– Бала буыны қатпаған тал шыбық секілді. Қалай исе, солай майысады. Бабын таба білсе, бір тал көшет уақыт өте келе мәуелі бәйтерекке айналады. Жасырып жабары жоқ, қазіргі дамыған ғаламтор заманында баланы қойып, үлкендердің өзі де кітаптан алшақтаған. Орны толмас осы бір олқылықтың алдын алуда жастар театры қараңғыда жанған шамшырақ іспетті. Жасандылық пен жалаң, компьютерленген өмірге зәмзәм бұлақтай тамылжытып өлең төгілдіріп, көркемсөз оқып, ана тіліміздің абыройын асқақтатып, алды мыңнан, арты жүзден өлең жаттап, жұртшылықты тамсандырып жүрген дарынды шәкірттерімнің болашағынан зор үміт күтемін, – дейді болашақ өнер майталмандарын үлкен аламанға жаратып жүрген білікті бапкер.
«Поэзия» жастар театры С.Сейфуллиннің «Аққудың айырылысуы» поэмасын, М.Шахановтың поэтикалық спектакльдері «Махаббат заңы», «Сенім патшалығы», Ш.Құсайыновтың «Алдар көсе», У.Қыдырханов, Ұ.Есдәулетов, Ә.Қалыбекова, Қ.Мырзәлі, Қ.Қайсенов, Қ.Алтыбаев, Н.Мәукенұлы секілді көптеген белгілі авторлармен қатар, ел арасындағы көрінбей жүрген қаламгерлердің де шығармаларын сахналап келеді. Сондай қойылымдардың ішінде Желтоқсан құрбандарының бірі – жерлесіміз Г.Аманбаеваның тергеуде жүрген кездерінде жазған күнделігінен сахналанған «Көк дәптер сыры» атты қойылым көрермендерді селт еткізгені де шындық. Ал домбыраның сүйемелдеуімен ертегі, жыр-дастандар айтатын бүлдіршіндер мен мың бұрала, шиыршық атып түрлі кейіпкерлерді сомдайтын «Көлеңке әлемін» айтпай кетуге тағы болмайды.
Зайсандық жастар театрының осы күнге дейінгі жеткен жетістіктері де аз емес. Айталық, 2002-2003 жылы ұйымдастырылған «Туған жерге – тағзым», «Ақсақ Темір» көрінісі облыстық көркемөнерпаздар байқауында лауреат атанып, арнайы төс белгімен марапатталса, 2008-2009 жылдары Зайсан ауданының 80 жылдығы мен Зайсан қаласының 140 жылдығында режиссер таңдаулы мәдениет қызметкері атанды. 2012 жылы облыста бірінші өткізілген «Халық театрлары» фестивалінде бас жүлдені жеңіп алған жас өнерпаздар, 2013 жылы Семей қаласында өткен байқауда да ерекше көзге түсіп, «Ең талантты жас актерлер» номинациясын ұтып алады. 2017 жылы өткізілген О.Кәкеев атындағы облыстық фестивальда да жүлделі екінші орынға ие болды. Бір айта кетерлігі, бұл сайыстардың барлығы да зайсандық жастардың өздері құралыптастармен емес, тіс қаққан үлкен театрлармен болған сайыстар еді.
Сондай-ақ 2016 жылы Астана күніне орай «Тіл» журналы өткізген «Ұлы дала дарынды балалары» халықаралық фестивалінде І орын, осы жылы Тұңғыш Президент күніне орай облыс орталығында білімі мен өнері қоса сынға түскен «Мәңгілік ел – болашаққа бастар жол» байқауында 21 мектептің арасынан бас жүлде, 2017 жылғы телевизиялық байқауда лауреат, 2017 жылдың шілде айында өткен халықаралық «Бейбітшілік әлемі» байқауында тағы да бас жүлде иеленіп, Түркияның Стамбул қаласына өнер фестиваліне жолдама алды. Осындай тынымсыз, ұшан-теңіз еңбегі үшін Алмагүл Төлегенқызы да ескерусіз қалған жоқ. Өз кезегінде «Элита» медалімен марапатталды.
– Шіркін, кез келген мектепте өз театры болса, – дейді біздің бүгінгі кейіпкеріміз. – Иә, сонау бір келмеске кеткен кездегідей «Пионерлер үйі» қайта қолға алынса. Сол үйде арнайы, осындай театрларға қолдау көрсетілсе, керемет болар еді.
Осының барлығын жарғақ құлағы жастыққа тимей, бойындағы білімі мен талантын халқына арнап жүрген Алмагүл Төлегенқызының жас ұрпаққа деген сүйіспеншілігі, туған елінің алдындағы жауапкершілігі, болашақ ұрпақ алдындағы борышы мен соларға қалдырар асыл мұрасы деп қабылдап, кейіпкерімізге:
– Шалдықпай, шаршамай, шығармашылық шыңдарды бағындыра беріңіз, – деген тілек білдірдік.
Байбура