Мәдениет

Ана барда көңіл бүтін, бас аман

Жанарына нұр тұнған арулар, жүрегіне мейірім ұялаған аналар, көктем-көңіл келіншектер бас қосты бұл күні. Олар облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ басшы-лығымен Халықаралық әйелдер күніне орай ұйымдастырылған салтанаттың құрметті қонағы ғана болған жоқ, өздеріне арналған ән мен күйге, ерекше марапатқа бөленді.

Ана барда көңіл бүтін, бас аманӘдемілік пен шуақ тұнған «Ulba» мәдениет сарайына жиналған соғыс және еңбек ардагерлерін, іскер әйелдер мен жас аруларды алдымен облыс басшысы Бердібек САПАРБАЕВ құттықтады.

– Ақ жаулықты аналар, әпке-қарындастар! Отан от басынан бас-талады. Сол отбасының ұйтқысы, берекесі және қуанышы өздеріңізсіз-дер, – деді ол. – Мемлекеттің, бола-шақтың дамуы тікелей сіздерге байланысты. Біз әр уақытта Сіздердің алдарыңызда борыштымыз, әр уа-қытта Сіздердің алдарыңызда басымызды иеміз. Бүгінде біздің облысымызда 350 мыңнан астам әйел: мұғалімдер, дәрігерлер, мемлекеттік қызметкерлер мен журналистер ер адамдардан қалыспай, Отанымыз-дың гүлденуіне өздерінің мол үлестерін қосып жүр. Облыс басшылығы атынан барлықтарыңызға зор ден-саулық, ұзақ та бақытты өмір және отбасыларыңызға ересен береке тілеймін.

Аймақ басшысының жүрекжарды құттықтауын ерекше дуылмен қарсы алған нәзік жандар ендігі жерде Әкім қолынан сый-сияпат көрген он әйелді қошеметтей жөнелген.

Сонымен әдемі әуен әлдиінде облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-лицей интернатының директоры Айгүл Абдулдина («Өскелең ұрпақты тәрбиелеуге сіңірген еңбегі үшін»), облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық мұражай-қорығы директоры-ның орынбасары Тамара Быкова («Мәдениетке қосқан үлесі үшін»), шаңғы спорты бойынша Қазақстан Респуб-ликасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Қайникамал Дүйсенова («Қазақстан спортының дамуына қосқан үлесі үшін») марапат көрді.

Ал аймақ басшысының қолынан екі бірдей денсаулық сақшысы: семейлік дәрігер-хирург Римма Короленко мен №2034 әскери бөлімнің фельдшері Қарлығаш Жикебаева ескерткіш-сыйлық алғанда бүкіл зал дуылдата қол соққан. Сондай-ақ, дәл осы салтанатта құрмет көргендердің арасында «ҮМЗ» акционерлік қоғамының әлеуметтік сала және персонал бойынша директоры Елена Денисова мен Өскемен қалалық ішкі істер басқармасының тергеушісі Гүлвира Мусинова, «Өскемен құс фабрикасы» АҚ-ның құс өңдеу жөніндегі операторы Любовь Кокушинская болды. Ал «Мемлекеттік қызметтегі қажырлы еңбегі үшін» Глубокое ауданы әкімі аппаратының бас маманы Базира Оразаева мен «Азаматтық қоғамды дамытуға қосқан үлесі үшін» Семейдегі «Исток» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Людмила Михайлова ерекшеленді.

Салтанат-думанның ән мен бисіз өтетін кезі болар ма?! Бұл мереке де жергілікті әншілер мен бишілердің өнерімен өрнектелген. Оның ең тамаша сәті соңғы отыз жыл көлемінде ән-тақтан түспей келе жатқан «Ялла» ансамблі болғанын бөлектеп айтқымыз келеді.

– Біздің мұнда келіп, аяулы жандардың алдында өне-рімізді көрсетуге Сіздердің Әкімдеріңіз Бердібек-әкә ұйтқы болды. Дәйім ел қамын ойлап жүретін басшыларыңыздың шақыруын қуана құп алып, өткен күндеріңіздің ұмытылмас әндерін шырқап беру – біз үшін үлкен бақыт. Қашанда әр үйдің берекесі де, мерекесі де бола білген әрқайсыңыздың жүректеріңізге де, отбасыларыңызға да көктем орнасын, – деген ансамбль жетекшісі, Өзбекстанның Халық әртісі Фарух Закиров бүкіл елге танымал «Шәйхана», «Үшқұдық», «Бұл махаббат…» әндерімен қатар қазақ ән әлемінің мэтрі Нұрғиса Тілендиевтің «Құстар қайтып барады» әнін жаңа әрмен, төгілте орындағанда бүкіл зал теңселіп кеткендей болғаны бар.

Бұл – облыс Әкімінің ардақты жандарға арнаған ерекше сыйы болғанын салтанаттан тарап жатқан әр әйелдің ризалығынан байқағанымызды жасыруға болмас.

Әйелдерді еркектерден көп дейді,
Ойбай, ойбай, бола берсін көп мейлі.
Әйел деген әдемі ғой, әдемі,
Әдемілік бізге көптік етпейді,

– деп ақиық ақын Мұқа-ғали жырлаған парасаттылық пен сұлулық бұл күні шынымен де шарықтап тұр еді…

Ғафура Сәрсенбайқызы

Осы айдарда

Back to top button