Жаңалықтар

Америкадағы ару Ақжарға ақша аударды

10 жылдан бері Америкада тұратын, бүгінде Нью-Йорк қаласында IT саласында жұмыс істеп, сол жерде қосымша білім алып жүрген Толғанай Сейтқазина Тарбағатай ауданы Ақжар ауылындағы ауруханаға қаражат аударды.
Не үшін? Бұл туралы фейсбук желісін қолданушы Ермек Құрманғалитегі жазды. Оның сөзінше, Толғанай Сейтқазина Ақжардағы Қыдырбек Билиялов атындағы гимназияның түлегі. Ол ауруханаға қажетті дәрі-дәрмек пен оттегі аппараттарын алу үшін ауыл адамдары қаражат жинап жатқанын естіген. Қол ұшын созуға бел байлаған.
«Толғанай екеуіміз мессенджер арқылы екі елдің жағдайын сұрап ұзақ әңгімелестік. «Экономикасы мен медицинасы ең дамыған деген АҚШ-тың өзінде адамдар осы індетпен жаппай ауырып, көбі көз жұмды. Ол кезде Қазақстан тыныш болатын. Енді, міне, коронавирус менің ауылыма дейін жетті. Мұны естігенде қатты шошыдым. Өйткені біздің халық өте бейғам ғой. Той-томалаққа көп барады, бір-бірінің үйіне жиі қыдырады» деді маған Толғанай. Айналайын Толғанай! Ауылдастарың әрқашан саған ақжол тілейді! Қайда жүрсең де аман бол! Саған барлық тарбағатайлықтардың атынан алғысымызды білдіреміз, – дейді Ермек Құрманғалитегі.
Айтуынша, Толғанай Сейтқазина Ермек Құрманғалитегінің банк картасына 112 мың теңге аударып, ақшаны ауыл халқының ем-домына жұмсауды аманаттаған.

Тасқын Болатұлы

Осы айдарда

Back to top button