«Қамажай» қалжыңға қарық қылды

Жылдан-жылға көрермендері көбейіп, жастардың сүйікті шоуына айналған бір өнер бар. Ол – «Жайдарман». Бүгінде көгілдір экраннан түспейтін бұл өнер Шығыс өңірінде де жақсы дамып келеді.Қоғамның кемшін тұстарын ащы кекесінмен, әдемі әзілмен дөп басатын бұл өнерді аудан мен қаланың жастары былай тұрсын, жекелеген ауылдардың өзінде мықтап қолға алған.
Жуырда облыс орталығында республикалық жоғары лигада ойнап жүрген өңірдің бес командасы өзара бақ сынады. Астананың жиырма жылдығы мен латын әліпбиіне ауысуды қолдау мақсатында өткен күлкі жәрмеңкесіне облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма мұрындық болған.
Бұдан бір күн бұрын іріктеу сайысы өткен болатын. Сол сыннан сүрінбей өткен Өскемен қаласының «Қамажай», Аягөз ауданының «Махаббат станциясы», Абай ауданының «Сәлем», Катонқарағай ауданының «Швейцария», Семей қаласының «Әуезов құрамасы» өнер көрсетті.
– Бүгінгі ойында бес команда бақ сынайды. Бұлардың барлығы Астанада өнер көрсетіп келген үзік командалардың қатарынынан саналады. Жүлде қоры да жаман емес. Жүлдегер командалардан бөлек үздік ойыншылар да сыйланатын болады, – деді байқауды ұйымдастырушы Лаура Қайратқызы.
Байқау үш кезең бойынша өтті. Сәлемдесу кезеңінде өскемендік командамен, катонқарағайлық команданың аты озса, екінші кезеңдегі топтық додада бес команда бір-біріне ұпай бере қойған жоқ. Ал үшінші кезеңдегі үй тапсырмасы бойынша семейлік құрама мықты шыққандай көрінді. Ұлылар елінен келген команда Астанада жүрген белгілі ақын Қалқаман Саринның ақ сәлемін ала келіпті. Ал абыздар елі мен аңыздар елінен келген «Махаббат станциясы» сахнадағы ширақтығымен ел есінде қалып жатты. Айтпақшы бұл байқаудың шымылдығын бір күн бұрын үздік ойын көрсеткен күршімдік ойыншылар ашқан болатын.
Маусым бойы үздік өнер көрсеткен командалар бүгін ақтық сынға жолдама алып отыр. Осы орайда жастардың өнерін қолдап, қаржылай көмек көрсеткен облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармаға, біздің әрдайым қолдаушымыз болып келе жатқан қазылар алқасына үлкен алғысымызды айтамыз, деді Жайдарманның Өскемен филиалының директоры Асқар Тоқтарханов.
Қазылар демекші, жастардың жалыны мен дарынына облыстық жастар орталығының басшысы Арайлым Есімбекова, Туристік орталықтың басшысы Сымбат Рамазанов, «Жас Отан» жастар қанатының төрайымы Маржан Бақытқызы, облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың бөлім басшысы Сәуле Қалиғазина, осы Жайдарманда үздік өнерімен танылған Айдар Есімханов және облыстық ішкі саясат басқармасының қызметкері Еркебұлан Балтабеков қазылық жасады.
Шаттыққа шомылып, күлкіге қарық болғысы келген көрермен Ертіс концерт орталығының үлкен залына сыймай жатты. Бұлардың көбі оқушылар мен студенттер. Әрине, залдың көбі №20 мектеп оқушыларынан құралған «Қамажай» командасының жанкүйерлері. Бұл команда өткен жыл қорытындысының жеңімпаздары екен. Биыл да жанкүйерлерін жерге қаратпады. Әзіл жебелерін көздеген жерге тигізіп жатты. Ал ішкі істер саласындағы кейбір келеңсіздіктерді нысанаға алған катонқарағайлық жастар елдің шынайы ықыласына бөленді. Бір әттегенайы, кеш тізгінін ұстаған Асқар Тоқтарханов қазылар қорытынды шығарғанша ойыншыларын бір ширатып алайын деген мақсатпен ел алдында «Ширату» ойынын өткізді. Бұл ойынның шарты бойынша көрермен қызықты һәм қиқар сұрақтар қоюы керек те, ойыншылар соған сай жауап беруі керек болатын. Бұл ойыншылардың ой ұшқырлығы мен ділмарлығын сынға салатын ойын. «Қиналған жәкем жер осы» демекші, көрермендердің көптеген сұрағы жауап таппай жатты. «Әншейінде ауыз жаппас, той дегенде өлең таппастың» кебін киді ойыншылар. Біз ойыншылардың жастығын ескеріп үнсіз өткізе салуымызға да болушы еді, бірақ бұл өңірдің үздік командалары ғой. Бұл олқылықтың орны болашақта толықталар деген үмітпен, қазылардың қорытындысына құлақ түрдік.
Сонымен «Жылдың үздік әзілі» деген аталымды бір күн бұрын үздік ойын көрсеткен Күршім құрамасы еншіледі. Оларға 35000 теңге сыйақы табысталды. Ал аталмыш сайыстың «Көрермендер көзайымы» аталымын аягөздік команда қанжығасына байласа, 50000 теңгелік үшінші орынды Семейден келген серілер, «Әуезов құрамасы» қоржынға салды. Дәл сондай үшінші орынды ұлылар елінен келген «Сәлем» құрамасы да алды. Екінші орын мен 120000 теңге жүлдені катонқарағайлық «Швейцария» командасы екінші швейцария аталып кеткен Алтай қойнауындағы ауданға әкетті. Бірінші орынға тігілген 170000 теңгелік жүлде мен кубокты өскемендік «Қамажай» командасы облыс орталығына алып қалды.

Бұл жолғы Жайдарман ойынының қалай өткені туралы қазылар не дейді?
Айдар Есімханов: – Бірінші кезең өте сәтті шықты. Көрініс кезеңінде сол деңгейге жете алмай жаттыңыздар. Жалпы жақсы. Бұл өзі жақсы ұйымдастырылып, жақсы өтетін ойын. Қолдап жатқандарыңыз үшін облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма мен қатысушыларға үлкен рақмет!
Маржан Бақытқызы: – Финал өте тартысты өтті. Келіп жатқан мерекелеріңіз құтты болсын. Халықтың көңілінен шықты ғой деп ойлаймын.
Еркебұлан Балтабеков: – Осындай бейбіт күнде өмір сүруіміз, думанды кеш өткізіп жатуымыздың өзі Елбасымыздың, тәуелсіздігіміздің арқасы деп ойлаймын. Бүгінгі ойынға қатысқан барлық командаға шексіз алғысымды білдіремін. Өзіме ерекше ұнаған командалар «Сәлем», «Махаббат станциясы», «Швейцария» және «Қамажай». Ойынға қолдау білдіріп жатқан барлығына шексіз алғыс.
Сымбат Рамазанов: – Бүгінгі финал шынымен де жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Осы орайда жастарға жанашыр болып, қаржылай көмек көрсетіп жатқан тілдерді дамыту басқармасына шынымен де рақмет айтуымыз керек. Барлық командалар өз әлінше ойын көрсетті. Маған ерекше ұнаған әзілдер Шәкәрім Құдайбердіұлының ұлы тойы жайлы айтқан әзіл болды. Бұл ащы да болса шындық. Сонымен қатар катонқарағайлық команданың ойыншылары да атауға тұрарлық.
Сәуле Қалиғазина: – Біз алғаш рет осы ойынға қолдау көрсетіп отырмыз. Бірінші рет Жайдарманның қазылар қатарында отырмын. Әсерімді айтып жеткізу қиын. Барлық командаға көңіліміз толды. «Жастары өршіл елдің, еңсесі де биік болады» деп Елбасымыз айтқандай, еліміздің еңсесін көтерер осындай жастардың қатары көбейе берсін.
Арайлым Есімбекова: – Командалармен бір жыл бойы бірге болдық. Ойын сайын өрелерінің өскенін байқадық. Бүгін ақтық мәреде жолығып отырмыз. Өткен жылдармен салыстырғанда катонқарағайлықтар ерекше өскен. Жалпы ойыншылар жартылай финалда көбірек күш салып, шешуші ойында әлсіреп қалады. Оны Жайдарманның жанында жүргендер жақсы біледі. Осындағы бес команданың өз бағыты бар. Аттары айтып тұрғандай әр команда өз мақасатына жетті деп ойлаймын.
Мұратхан Кенжеханұлы
Мақала облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың тапсырысы бойынша дайындалды.