Білім

Аманжолов атындағы университет алпысқа толды

Егемен еліміз үшін бүгін 60 жылдығы аталып өтіп жатқан Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің орны бөлек. Ол мемлекетіміздің экономикасы мен мәдениетінің дамуына белсене араласып отыр. Сонау егемендікке қол жеткен жылы Өскемен педагогикалық институты қазақтың ілім-ғылымының дамуында өзіндік орны бар Ережеп Мәмбетқазиевтің мұрындық болуымен университет дәрежесіне жеткен-ді. Содан бері оның аты ғана емес, заты да өзгеріп, білім берудегі жаңашылдығы да сан есе артқанын уақыт көрсетіп келеді.

Аманжолов атындағы университет алпысқа толдыШығыстағы білімнің қара шаңырағы – Сәрсен Аманжолов атындағы мемлекеттік университеттің 60 жылдығына арналған мерейтойды ашқан облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ сөзін осылай, үлкен ілтипатпен бастады. Аталған мерекеге тек өз еліміздің ғана емес, Қытай, Ресей, Моңғолия сынды мемлекеттердің ғалымдары да жиналды. Бүгінде білім берудің сапасы жағынан жүргізілетін рейтинг-бағалау бойынша бұл оқу орны Қазақстанның ең өрелі білім беруі негізделген, жан-жақты дамыған университеттерінің қатарына кіріп отырғанын тілге тиек еткен аймақ басшысы ол жыл сайын 50-ге жуық мамандық бойынша түлек ұшыратынын және ол түлектер елдің индустриялық-инновациялық дамуына ерекше үлес қосып келе жатқанын жеткізіп, білім ордасының басты міндеті алыс-жақын шетелдердің жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс жасап, студенттермен алмасу екенін баса айтты.

Содан соң-ақ оқу орнының биік белестен көрінуі жолында еселі еңбек етіп келе жатқан бірнеше ұстаз-ғалымдарды марапаттады. Аймақ басшысының қолынан университеттің Маратбек Ақанов, Жұбандық Адайханов, Сіләмбек Оразалин, тағы бірнеше ғалым-оқытушылары грамоталар мен төсбелгілер алды.

Мерейтой басталмас бұрын университеттің әкімшілік ғимаратының кіреберістегі кең фойесінде қойылып, «Университеттің 60 жылдығына орай жарық көрген 60 монография көрмесі», «Университеттің ғылыми-техникалық жетістіктер көрмесі» және «Кітапхана мен мұражай қорларының экспозициялық көрмесі» атты үш бірдей тақырыпты қамтыған танымдық, деректі ұсынылымдардың осы білім ордасының айқын бет-бейнесі екенін айта келіп, мұндағы білгір оқытушылар туралы әдемі әңгіме тиегін ағытқан Ережеп Мәмбетқазиевтің сөзі жиналған қауымды баурап алса, білім ордасының бүгінгі басшысы, ғылым докторы Мейір Ескендіров пен Ислам әлемі ғылымдары Академиясының бас директоры Муниф Рафэ Абдел-Хамид Зоубидің мәнді де мазмұнды баяндамалары танымды шықты.

– Білім ордасы білім беру, ғылымды дамыту және салада инновациялық бағдарламаларды жүзеге асыру бойынша үш бағытта жұмыс атқаруда. Біздің ел университеттері арасында алдыңғы лектен көрінуіміз тек осындағы оқытушылардың, ізденімпаз студенттердің арқасы деп ойлаймын. Биылғы 60 жылдығымыз бұйыртса, келесі жылы кең көлемде атап өтуді ойластырып отырған Сәрсен Аманжоловтың 110 жылдығымен жалғасатын болады, – дейді университет ректоры Мейір Ескендіров.

Салиқалы басқосу барысында аталған білім ордасын бейнекөрсетілім арқылы соңғы бірнеше жыл бедерінде онымен студенттер және оқытушылық құраммен алмасып келе жатқан Оңтүстік Кореяның, Порто университеттерінің (Португалия), сондай-ақ, Францияның Севр қаласындағы халықаралық педагогикалық зерттеулер орталығының өкілдері құттықтады. Соңғы өкілдің айтуына қарағанда, келесі жылы Францияда Қазақстан жылы, ал 2014 жылы Қазақстанда Франция жылы деп аталып өтетін кезеңге үлкен үміт артылып отырған көрінеді.

Бұл шетелдік оқу орындары өкілдерінің құттықтауын іле ШҚМУ-дың бұдан бұрынғы ректоры Арыстан Ғазалиев, Семейдегі жоғары оқу орындарының басшылары құттықтап, сый-сияпаттарын ұсынды.

Екі күнге жоспарланған «Аманжолов оқулары» аясындағы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысушылар бүгін секциялар бойынша жұмыс істеп, дөңгелек үстел отырыстарын және шеберлік сыныптарын өткізуде.

Ғафура Сәрсенбайқызы

Осы айдарда

Back to top button