Amanat берген уәделерін қалай орындап жатыр?
ШҚО бойынша Amanat партиясының 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі жол картасы бес негізгі бөлімге бөлінген 96 іс-шарадан тұрады.
Аталмыш іс-шаралардың дені өңір экономикасын дамыту, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, экологиялық ахуалды оңалту, партиялық жобаларды іске асыру сияқты бағыттарды қамтиды. Жол картасының әрбір тармағына және халықтан келіп түскен өтінімдерге партияның облыстық мәслихаттағы депутаттық фракциясының мүшелері, сондай-ақ резервтік тізімнің кандидаттары бекітіліп, жауап береді. Бұл туралы арнайы брифинг барысында облыстық партия филиалының төрайымы Сайрангүл Жұмаділова мәлім етті, деп хабарлайды Didar ақпарат.
Айтуынша, партияның сайлауалды бағдарламасының орындалуына қатысты жүргізілген талдау ағымдағы жылдың қаңтар мен маусым айларының аралығында облысымызда 96 іс-шараның 12-сі (12,5 пайыз) жүзеге асқанын көрсеткен. Белгіленген іс-шаралардың дені, яғни 81-і (83,7 пайыз) орындалу үстінде болса, қалған алтауы бойынша (6,25 пайыз) жұмыс жүргізілмеген.
– Атап айтқанда, орындалған іс-шаралар аясында бірқатар жаңа өндірістік нысан іске қосылды. Мәселен, Ұлан ауданындағы «Өскемен құс фабрикасы» АҚ бройлер өндірісінің көлемін 31 мың тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік туса, Самсоновка ауылында («Жанартау КЗ» ЖШС) бір мың басқа шақталған бордақылау алаңы, ал Привольное ауылында («Багратион» шаруа қожалығы) 300 басқа арналған тауарлы сүт фермасы жұмысын бастады. Бұл нысандарға 31 430 миллион теңге көлемінде қаражат тартылып, 37 жаңа жұмыс орны құрылды. Бұған қоса, облысымызда 140 орындық бір балабақша ашылып, жұмыс істеп тұрған 10 балабақшада 85 қосымша орын құрылды. Бір медицина мекемесі пайдалануға берілді. Ол Күршім ауданының Қалжыр ауылында орналасқан. Шамамен 20 келушіге арналған аталмыш дәрігерлік амбулатория бес төсек-орынмен қамтылған, – дейді Сайрангүл Жұмаділова.
Сонымен қатар, ол бүгінге дейін орындалған 12 іс-шараға тоқталды. Мәселен, 2027 жылға қарай жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес кәсіпорындарының санын 73,7 мың бірлікке дейін ұлғайту жоспары қазірдің өзінде орындалып қойған екен.
Екі мен алты жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқумен қамту көрсеткішін 98,7 пайызға жеткізу межесі еңсерілген. Ал үш пен алты жас аралығындағы балақайларды қамту көрсеткіші тіпті жүз пайызды құрапты. Бұған қоса орыс мектептерінің оқушыларына арналған «Onaikazakh» мобильді қосымшасын енгізу жұмыстары да жоспарға сай жүргізілуде. Қазақ тілін экстенсивті тәсілмен үйренуге мүмкіндік беретін аталмыш қосымшаны енгізу жаңа оқу жылының бірінші тоқсанынан басталады деп күтілуде. Сонымен қатар балабақшалардағы тілдерді оқыту тәсілдерін өзгертуге бағытталған іс-шаралар да ойдағыдай жүзеге асуда. Жаңа оқу жылының бірінші тоқсанынан басталатын бұл жұмыс орыс тілінде тәрбие беретін 43 балабақшаны қамтымақ.
Тіл демекші, биыл облысымызда Amanat партиясының мұрындық болуымен мектеп жанындағы тілдік (қазақ тілі) лагерьлердің жұмысын ұйымдастыру бойынша да айтарлықтай шаруа атқарылды. Ағымдағы жылдың 3-15 маусым аралығында облыста 7 800 баланы қамти отырып, 1-4 сынып оқушыларына арналған 195 мектеп жанындағы лагерь ұйымдастырылса, оның 65-і қазақ тілін тереңдетіп оқытуға бағытталыпты. Оның үстіне өңірде «Қонақжай отбасы» жобасын жүзеге асыру бағытында да нәтижелі жұмыс жүргізілген.
Тағы бір іс-шара мәдениет саласына қатысты болыпты. Нақтырақ айтсақ, «Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде қазақ халқының мұрасын насихаттау мақсатында мәдениет саласындағы шығармашылық жобаларды қолдау» жобасы аясында жазушы Оралхан Бөкейдің 80 жылдық мерейтойына арналған «Төр Алтай жырлайды» атты поэзия фестивалі өткізілген.
– Елді мекендерді газбен қамту жоспары да орындалды. Жалпы, 2023 жылға арналған жоспар 3,13 пайыз шамасында болса, бүгінде бұл көрсеткіш 3,18 пайызды құрап отыр. Бұл бірінші кезекте Зайсан ауданындағы 23,1 мың тұрғыны бар 10 елді мекеннің орталықтандырылған газбен қамтылуының арқасында мүмкін болуда. Тағы бір оң нәтиже берген жұмыс деп биыл 4 235 мүгедектігі бар азаматтың тұрақты жұмыспен қамтылуын айтуға болады. Негізі, жоспарымыз бойынша жыл сайын осындай санатқа енетін 3 700 адам еңбекпен қамтылуы тиіс-тін. Яғни, биыл жоспар артығымен орындалды деген сөз. Сонымен бірге қауіпсіздік бағыты бойынша, төтенше жағдайлар саласында да айтарлықтай жұмыс атқарылған. Облыста бағдарламаға сай бір өрт сөндіру бекетін құру жоспарланған болса, 2023 жылдың өзінде ғана ондай үш нысан іске қосылған. Жаңа өрт сөндіру бекеттері Зайсан, Катонқарағай және Ұлан аудандарында жұмысын бастаған, – деп мәлім етті Amanat партиясы облыстық филиалының төрайымы.
Оның сөзіне сенсек, өңірде жастарды жұмыспен қамту бағытында да ауыз толтырып айтарлықтай жұмыс жүргізілуде. Мәселен, биылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша облыста 2 452 жас жұмысқа орналасқан. Бұл ретте 2023 жылғы жоспар 2 200 адам шамасында болғанын айту керек. Сонымен қатар Шығыс Қазақстанда Amanat партиясының бастамасымен жастарға қатысты «Birtolqynda», «Qaisar» сияқты жобаларды іске асыруға бағытталған ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылуда.