Оқиғалар

Аман-есен үйлеріне жетті

Биылғы қыстың халықты тығырыққа тіреп тұрғаны шындық. Жиі-жиі жауған қарды күн аралатып соққан боран ой мен қырға бірдей тығындап, жол атаулыны тып-типыл етті.

Аман-есен үйлеріне жеттіОсының салдарынан ауданда төтенше жағдай жарияланды. Мұның жөні де бар. 28 қаңтар күні үш көлікке мініп, өз беттерімен Күршім – Қалжыр бағыты бойынша жолға шығып кеткен 21 адам «Аэропорт» учаскесіне жеткенде түтеген боранға ұрынып, далада қалған.

– Аудандағы төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Е.Мұхтархановтың басшылығымен дереу жолға шыққан құтқарушылар 18 адамды аудан орталығына жеткізді, – дейді аудандық әкімдіктің төтенше жағдайлар жөніндегі маманы Тоқтарбек Елшібаев. – Ал үш жолаушы Тақыр ауылына жетіп, сондағы таныстарын сағалаған екен. Будка орнатылған қуатты «ЗИЛ-131» автокөлігінің арқасында ешкім үсікке шалынбай, аман-есен үйлерін тапты. Осы күні Теректі – Ақжайлау бағытындағы Мәрмәр асуында қалған автомобильдің жолаушылары да табиғат қыспағынан құтқарылды.

Бүгінге дейін барлық бағыттағы жолдар қар құрсауында қалды. Егіндібұлақ – Ақбұлақ – Алтай – Қарой – Ащылы бағытында қыс түскелі жарты айдай ғана жол болған. Күнде соққан боран бұл жолды біржола қымтап тастаған. Қазір Алтай ауылына дейін жол бар.

Төсқайың ауылындағы жұртқа тягач көлігімен азық-түлік, зейнетақы, пошта жеткізілсе, Шірікаяқтағы он шақты үйдің аудан орталығымен үзіліп қалған байланысы қайта жалғанатын болады. Бұл бағытта Құйған ауылдық округінің әкімі Е.Құрманғалиев неше күннен бері бір тиегіш (погрузчик) және бір шынжыр табанды трактормен жол салуда. Ауа райы бірқалыпты тұратын болса, шірікаяқтықтар салынған жолмен еркін жүре алады.

Хасен Зәкәрия

Күршім ауданы.

Осы айдарда

Back to top button