Қоғам

Алғыс хатпен марапатталды

Алғыс хатпен марапатталды

«Нұр Отан» партиясының бір топ белсенді мүшесі Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ Алғыс хатымен марапатталды. Аймақтың түкпір-түкпірінен жиналған 37 адамға мәртебелі марапатты аймақ басшысы, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төрағасы Даниал АХМЕТОВ табыстады.
Салтанатты жиында облыс әкімі үстіміздегі жылдың наурыз айында елімізде зор саяси маңызға ие Парламент пен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлау науқаны өткенін және онда «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы өзінің көшбасшылық рөлін тағы бір мәрте дәлелдеп, айқын жеңіске жеткенін еске салды.
– Бұл жеңіс арқылы біз бүкіл әлемге кезекті рет өзіміздің береке-бірлігімізді, ұйымшылдығымызды паш еттік. Биылғы сайлау еліміздегі барлық саяси науқан ашық та жариялы өтетінін айқын аңғартты. Ең бастысы, әлемдік қауымдастық қазақстандықтардың саяси санасының терең, азаматтық жауапкершілігінің жоғары екеніне көз жеткізді. Елбасы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ атынан осындай Алғыс хаттарға ие болу – зор мәртебе, әрі ортақ Отанымызды гүлдендіру жолындағы тынымсыз еңбектерңіздің жемісі. Сондықтан барлығыңызды осындай жеңіспен шын жүректен құттықтаймын, – деді облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ.
Жоғарыда айтқанымыздай, ел Президентінің Алғыс хатына партияның облысымыздағы сайлау науқанын ұйымдастырып, өткізуге белсенді араласқан 37 мүшесі ие болды. Олардың ішінде өндірістік және агротехникалық кәсіпорындардың басшылары, қоғамдық ұйымдардың мүшелері, жоғары оқу орындарының ректорлары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен белсенді жастар және басқалар бар. Мемлекет басшысының Алғыс хатына ие болғандардың бірі – Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің ректоры Жасұлан Шаймарданов «Нұр Отан» партиясының сайлаудағы айқын жеңісі оның Төрағасы, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ есімімен тікелей байланысты екенін атап көрсетті.
– Еліміздің Тәуелсіздік жылдарындағы осындай зор жетістіктерге жетіп, мәртебеге ие болуы – ел Президентінің арқасы. Сондықтан біздің облыс Мемлекет басшысы жүргізіп отырған саясатты толықтай қолдап, оның стратегиялық жоспарларын жүзеге асыруға қашан да әзір екенін айтқым келеді, – деді Ж.Шаймарданов.
Оның сөзін жиынға қатысқан өзге партия мүшелері де қолдап, еліміздің жарқын болашағы үшін аянбай еңбек етуге дайын екендіктерін жеткізді

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button