Оқиғалар

Алып асқабақ Өскеменде өсті

Мұндай да болады екен-ау! Сізге өтірік, бізге шын, Өскеменнің тұрғыны Татьяна Черепанова өзінің саяжайында салмағы сексен келіге, көлемі екі метрге жуықтап қалатын алып асқабақ өсіріпті.

Алып асқабақ Өскеменде өсті– Өзім де таңырқап отырмын, бұл асқабақ өзге тұқымдастарына қарағанда әлдеқайда жылдам өсіп, жетілді. Көлемі де, салмағы да ерекше. Көрші-қолаңдар, туыстар бәрі келіп бақшада дөңкиіп жатқан асқа-бақты көріп таңданыстарын жасыра алмауда, – дейді Татьяна Черепанова.

Алып асқабақтың салмағы 77 келі тартса, диаметрі 170 сантиметрге жетіп жығылған. Саяжай иесі оның бұлайша өсуіне қандай да бір жағдай жасамапты, тек аптасына үш рет қана суарып, анда-санда түбін қопсытып қояды екен. Ешқандай тыңайтқыш түрін де қолданбапты.

Үш адам әу-пірімдеп жүріп әрең көтеретін бақша дақылының ендігі баратын жері белгіленіп қойыпты. Татьянаның айтуынша, көпшіліктің көзайымына айналған асқабақ «көрме» біткеннен кейін асханаға жол тартады. Ол жерде одан ботқа әзірлеп, ал ірі дәндерін келесі жылға тұқымдыққа сақтап қоймақшы.

Айта кету керек, мұндай алып асқабақ бұрын-соңды біздің өңірде, өңір дейміз-ау елімізде өсіп көрмеген-ді. Ендеше бұл жағдай рекордтық көрсеткіш деуге әбден тұрарлық.

Altaynews.kz

Осы айдарда

Back to top button