Білім

ҒАЛЫМДАРҒА ЖҮКТЕЛГЕН МІНДЕТ НӘТИЖЕСІН БЕРІП ЖАТЫР

ҒАЛЫМДАРҒА ЖҮКТЕЛГЕН МІНДЕТ НӘТИЖЕСІН БЕРІП ЖАТЫР


Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ- дың ғылыми- зерттеу және тәжірибелік конструкторлық жұмыс тобы өңірде жаңа сипаттағы, технологиялық серпіліс әкелетін бірнеше жобаларды жүзеге асырып жатыр. Аталған оқу орнында өткен бақылау кеңесінің отырысында облыс әкімі Даниал Ахметов ғылыми өндірістік жобаларды өндіріске енгізудің барысымен танысып, маңызды да тартымды жобалардың бірер жылдан соң ел экономикасына жұмыс істемек екендігін айтты.
Университет ғалымдары жасап отырған қорғасын мен мырыш өңдеу технологиясын жаңғырту, магнитті- резонансты томографияға қажет жоғары өткізгішті сымдар алу, тантал мен ниобийден медициналық бұйымдар жасау, титан металын мұнай, газ саласына енгізу, титаннан жасанды дене мүшелерін жасау, хлорлы қалдықтарды залалсыздандыру, «Гидрополимет» қондырғысы арқылы ауаға шығатын өндіріс қалдықтары мөлшерін азайту жобалары қазіргі күні ішінара тәжірибелік өндіріске енгізіліп, елімізге аса қажетті бірегей өнімдер шығаруға үлкен мүмкіндік тудыратынын көрсетіп берді.

Жобалардың көпшілігі «ҮМЗ», «ТМК», «Казцинк» зауыттары базасында кәсіпорын инженерлерімен бірлесе іске асырылуда. Біздің осы өндіріс алыптары дайындап берген титан құймаларын алпауыт елдер медицина, мұнай, газ саласына кеңінен пайдаланып, керек десеңіз өзімізге жүз еселеп сатып жатыр.
Алдағы уақытта таптырмайтын сол таңсық өнімдер өз елімізде, өз өңірімізде жасалып шығарыла бастамақ. Осы өнімдерге қол жеткізу үшін өткен жылы Үлбі металлургия зауытында титан мен ниобийдің жоғары өткізгішті құймаларын алу технологиясы жасалып, іске қосылып, онда магнитті-резонансты томографияның ең басты жабдығы -жоғары өткізгішті сымдардың тәжірибелік үлгілері алынды. Қазір ШҚМТУ- да осы жоғары өткізгішті сымдарды, медициналық титан өнімдерін қырнап, жонып, қалыптап шығаратын, оларды сынақтан өткізетін жапониялық құрал -жабдықтар мен зертханалар жұмыс істеп тұр.

Облыс әкімі Даниал Ахметов осы құрал-жабдықтардың көмегімен шығарылып отырған медициналық титан өнімдерін көріп, оқу орны ғалымдары мен кәсіпорындарымыздың бірлесе атқарып жатқан жұмыстарының нәтижесімен танысты. Бүгінгі қол жеткізген табыстары жаман емес. Ғалымдарға жүктелген міндет нәтижесін беріп жатыр. Жоба жетекшілері облыс әкіміне осында алынған жоғары өткізгішті титан сымдары үлгілерінің сапасы томография өндірісінің талаптарынан толық шығып отырғандығын жеткізді. Өскеменде өндірілген жоғары өткізгішті титан сымдары болашақта компьютерлік томография шығаратын жапониялық FurukawaElectricCo компаниясына сатылатын болады.

Кеңес отырысында Даниал Ахметов Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ- да жүзеге асырылып жатқан осы және басқа да инновациялық жобалардың маңызды да тартымды екенін атап көрсетті.

– Бізге көрсетілген жобалардың көпшілігін біз шетелдерден алынып жатқан өнімдермен салыстыра аламыз. Егер университеттің жобалары олардан кем түспесе, асып түсіп жатса, демек, олар біздің өңірдің, елдің экономикасына жұмыс істемек,- деген облыс әкімі оқу орны басшылығы мен жоба жетекшілерінің назарын жоғары өткізгішті сымдар өндірісін ашудағы маңызды мәселелерге аудартты.

Оқу орнының өкілдері өңір басшысына жекелеген жобалар қазірдің өзінде өндіріске енгізіліп те отырғанын жеткізді: құрылысқа, мұнай- газ, ауыл шаруашылығына. Титан әсіресе мұнай- газ саласында күкірттің шабуылынан жиі тозатын бөлшектерді жасауға таптырмас, теңдессіз материал болып отыр. Қазіргі күні оқу орны ғалымдары мен кәсіпорын мамандарының Өскемен өнеркәсіптік арматура зауытында титан құймасы қосыла отырып жасаған мұнай- газ құбырлары Қызылорда облысындағы мұнай кеніштерінің бірінде тәжірибелік сынақтан өткізіліп жатыр.

– Өскемен өнеркәсіптік арматура зауыты бірнеше жылдан бері мұнай- газ саласының титан құймалары өнеркәсіптік арматуралары өнімдерін шығару бойынша бірлесе жұмыс істеп жатыр. Біз титан құймалары өнімдерін шығару арқылы Қазақстанның мұнай- газ саласы жабдықтарының нарықтағы бәсекелестік қабілетін арттыруға күш салып жатырмыз. Әрі қарай әлемдік нарыққа шығармақпыз. Титан құймаларын қолдану құбырлардың қызмет ету мерзімін, сенімділігін әлдеқайда арттыра түседі. Бүгінгі күні Қызылорда кеніштерінде сынақтан өтіп жатқан тәжірибелік үлгідегі жаңа инновациялық өнімдерімізге әзірге ескертулер келіп түскен жоқ. Алдағы уақытта мұнайшылар тарапынан ұсыныстар болса , ескере отырып, өнім сапасын арттырып, жетілдіре түсеміз. Болашақта титан арматуралары өнімдерін Ресейдің солтүстігінде қатал табиғат жағдайында да сынақтан өткізуді жоспарлап отырмыз.Облыс әкімінің бастамасымен батыстағы мұнайшылар бірнеше рет біздің кәсіпорынға келіп кетті, соның арқасында батыстан әлеуетті серіктестер тауып, біздің өнімдеріміз қазір батыстағы компаниялардың өзіндік сұранысына ие болып отыр, – дейді Өскемен арматура зауытының өкілі Рустам Ахмадиев.

Дайын металды нақты бұйым етіп шығаруға білек сыбана кірісіп жатқан ШҚМТУ ғалымдарының ізденістері облыс басшысының көңілінен шықты. Әкім сонымен бірге жобаларды іргелі жылжыту үшін бірқатар ұсыныстарын да айтып, бұл бағыттағы жұмыстарды ширатуды тапсырды.

– ШҚМТУ ғылыми- зерттеулік және тәжірибелік конструкторлық жұмыстарға мемлекеттен үлкен қаражат алып отырған жалғыз ЖОО, сондықтан бұл жұмыстарды одан әрі тереңдете түсіп, зерттеу жұмыстарынан тәжірибеге, өндіріске кезең-кезеңмен көшу керек, – деді облыс әкімі Даниал Ахметов бақылау кеңесінің отырысында.

ШҚМТУ мамандары жүзеге асырып жатқан бағдарламалық жобалар әртараптылығымен де ерекшеленетінін айтқан жөн. Ауыл шаруашылығына арналған « Нақты жер өңдеу» бағдарламасы егістікке тұқым себу, жердің құнарлығын анықтау жұмыстарының бәрін жаңа технологиялардың көмегімен жүзеге асыруға бағытталып отыр . Ауыл шаруашылығы өнімдерінің шығымын арттырып, жермен жұмыс істеудің тиімділігін ұлғайтып, жанармайға, тыңайтқышқа кететін шығынды азайтуды көздейтін бұл бағдарламалық жоба майлы дақылдар тәжірибелік шаруашылығында, Шығыс Қазақстан ауыл шаруашылығы колледжі базасында тәжірибелік сынақтан өткізіліп жатыр.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button