Ғалым Шынар Құрманбаева «Тіл жанашыры» атанды
Жуықта Астанада НАЗАРБАЕВ орталығы, Тұңғыш Президент мұражайы, «Тіл жанашыры» қоғамдық қоры және «Тіл» журналы бірлесіп, бірқатар адамдарды «Тіл жанашыры» құрмет белгісімен марапаттады.
Ана тілін ардақтап, алқалы елдің алқалауына бөленгендердің қатарында жерлесіміз, Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың профессоры Шынар Құрманбаева да бар.
Биыл төртінші рет ұйымдастырылып отырған шараның алғашқы марапатталушысы Елбасымыз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ болған еді. Бұл марапатқа қазақ тілінің қадірін асырып жүрген шетел ғалымдары да қол жеткізген болатын. Ал биылғы таңдау қазақ тілінің өрістеуі жолында еңбек еткен қоғам қайраткерлеріне, мемлекеттік қызметкерлерге, БАҚ өкілдері мен тілім деп тер төккен кәсіпкерлерге түсіпті.
Осынау марапаттаудан сәл бұрын Шынар Қапантайқызы Алматыда өткен республикалық «Жыл әдіскері» байқауында 1- орынды қанжығасына байлаған екен.
– Өз басым марапатталуға, ерекше еленуге құмарлардың қатарында болмасам да, адамның жігерін жанитын осындай шараларды қолдаймын. Мен не жазсам да, не жасасам да қазақтың тілі, анамның тілі үшін, соның болашағы үшін жасаймын және соны мақтан тұтамын, – дейді ғалым.
Біз де туған тілін ту еткен, талай шәкіртті тұғырынан түлеткен ардақты ұстазды қос қуанышымен құттықтап, ел игілігі жолындағы еңбектеріңіз дәйім елене берсін деген тілек білдіреміз.
Шығыс-Ақпарат