Алушы да, сатушы да дән риза
Ержан Әбіш
Сенбі күні Өскемендегі «Fresh-Market» гастрономының маңында Күршім ауданының ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтті. Өңір кәсіпкерлері қала тұрғындары мен қонақтарына өздерінің экологиялық таза азық-түлік өнімдерін арзан бағамен ұсынды.
Жәрмеңкенің кең алаңына қалалықтар таңғы сағат 9-дан көптеп жинала бастады. Әп-сәтте сауда көрігі қыза түсті. Қаз-қатар қойылған сөрелерде тауарлар үйіліп тұр. Әр ауылдық округ өз өнімдерін әкелген. Осы жолы сиыр, қой, жылқы еті мол болды. Бір қатарда сүт өнімдері саудаланды. Қаймақ, сарымай, құрт пен ірімшіктің түр-түрі қойылыпты. Тағы бір бұрышта балық сатылды. Кепкені бар, жаңадан ауланғаны бар. Күнбағыс майы, көкөніс, басқа да азық-түлік өнімдері де ұсынылды. Маралдының әйгілі тіл үйірер балы көздің жауын алады.
Жәрмеңкеге келген аймақ басшысы Даниал Ахметов сауда қатарларын аралап, тауарлардың түр-түсін, мөлшерін қарап шықты. Бірқатар сатушымен сөйлесіп, ет пен сарымай сатып алды.
Ауданның кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі берген мәліметке сүйенсек, барлық 12 ауылдық округтің қожалықтары 2650 келі сиыр етін, 1680 келі жылқы етін, 850 келі қой етін, екі тонна балық, 200 келі бал, 195 келі қолдың сарымайын, 80 келі қаймақ, 160 келі құрт, 100 келі ірімшік әкелген. Бағалары қаладағы базарлар мен дүкендердегі шамадан әлдеқайда төмен болды. Мысалы, сиыр мен қойдың еті 2100 теңгеден, жылқы еті 2300 теңгеден, балдың келісі 1700 теңгеден сатылды.
– Осы жәрмеңке арқылы ауданымыздың шаруа қожалықтары, кәсіпкер азаматтары облыс орталығына өз өнімдерін, етін, сүтін, балығын, балын әкеп, тікелей, делдалдарға жүгінбей-ақ сатып жатыр. Сондықтан бағалар нарықтағыдан 10-20 пайызға арзан. Өнімдердің бәрі сапалы, экологиялық тұрғыдан таза. Өздеріңіз көріп тұрғандай, келушілер көп, сауда қызу жүріп жатыр. Түс ауа барлығы сатылатын секілді. Алдағы уақытта тағы да осындай жәрмеңке әкелуге әзірміз. Бұл сатушыға да, сатып алушыға да тиімді, – дейді аудан әкімі Алмат Ақышов.
Аудан әкімдігінің өкілдері хабарлағандай, жәрмеңкеде негізінен жас ет пен балыққа басымдық берілген екен. Расында да, күн суытқан кезде етке деген сұраныс артыпты, пышақ үсті өтіп жатты. Ет дорбалағандардың қарасы көп. Сондай-ақ көпшілік жұрт бұл ауданның балыққа да бай екенінен хабардар.
– Күршімнің жәрмеңкесі болатынын ести сала, мұнда арнайы балық алу үшін асыға жеттім. Өзім Күршімнің тумасымын ғой, жерлестерімнің әрқашан көптеп балық өнімдерін әкелетінін білемін, – дейді қала тұрғыны Тамара Евдокина.
Келушілердің айтуынша, Күршімнің жәрмеңкесі әрдайым өнімнің молдығымен және сан алуандығымен ерекшеленеді. Өйткені ауданда мал, бақша және балық шаруашылығы қатар дамыған.
– Саудаласып 2 мыңнан алты келі сиырдың майлы етін алдым, сатушы әйел ақжарқын адам екен. Сенбілік жәрмеңкелерге бұрыннан келмегеніме өкінемін. Өткенде үйдің қасындағы базардан етті 3 мыңнан алған едім. Сенбіні күтіп, сауданы осы жерде жасаған дұрыс екен, – дейді өскемендік зейнеткер Тасқира Көбікпаева.
Ортадағы сахна төріне күршімдік өнерпаздар кезек-кезек шығып, ән мен жырдан шашу шашты. Арзан азық-түліктің көптігі мен керемет концерт жәрмеңкеге келгендерге мерекелік көңіл-күй сыйлады. Кәсіби әншілер мен бишілердің өнері де жұрттың осы маңға көптеп тартылуына өз септігін тигізгені анық.