Қоғам

Алтынбек алтын олжалады

     Баласы бәйгеге шапса, үйде отырып тақымын қысатын қазекем оның әр жетістігіне қуанып, көпшілікпен бөлісуге асығады. Міне, сондай бір қуаныш Құмкөл ауылдық округіне қарасты Қарғыба ауылының Қалмақбаевтар әулетінде болды. Осы жылдың мамыр айында Талдықорғанда 2002-2004 жылғы жастар арасында қазақ күресінен Қазақстан чемпионаты өтті. Сол жарыста 60 келі салмақта белдескен Алтынбек Қалмақбаев чемпион атанды. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру комитетінің арнайы дипломымен, алтын медальмен марапатталды.

 Ерлан БАПАНОВ, ТАРБАҒАТАЙ.

    Жерлестері жас балуанға айрықша ықылас танытып, құрмет көрсетті. Мектепте кездесу ұйымдастырылды.  Мектеп директоры Ержан Ақылбеков оқушысының жетістігіне ұжым болып қуанып жатқандығымен бөлісті. Ал Ақсуаттағы М.Имашев атындағы спорт мектебінің директоры Манар Рахманқұлов Алтынбектің спорт мектебіне 3-сыныптан бастап келгенін, көп күттірмей үздік нәтижелер көрсеткенін айтты. «Барлық жеңіс тұғырларын бағындырып, бүгінгідей дәрежеге жетуі бапкері Мират Маировтың еселі еңбегі» дей келе, спорт мектебі ұжымының атынан Алғыс хат, қаржылай сыйлық табыстады. Сонымен қатар Құмкөл ауылдық округінің әкімі Мейіржан Кенжин де «атаң Қалмақбаев Тұрсын атамыздай әлемді бағындыр, жауырының жер иіскемесін» деп ізгі құттықтау сөзін арнап, жас спортшыға Алғыс хат берді. 

   Сонымен қатар ауыл тұрғыны Төлеу Ақаева, нағашы атасы, еңбек ардагері  Қанат Иманғалиев жүрекжарды лебізін айтты. Жағыпаров Сартай ақсақал ақ батасын берді. Ұлттық спортқа үнемі жанашыр болып жүретін кәсіпкер, Екпін ауылының тұрғыны Болат Қойбағаров Алтынбекке ат мінгізді. Жерлестердің мәрттігі мұнымен тоқтамады. Қарғыба ауылының жастары да «болар елдің баласы» дейтіндей азаматтық танытып, бір атты мектеп алдына жетектеп әкеп салтанатты түрде табыс етті. Мектебінің түлегі атын шығарып жатса қарап жатсын ба, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Қуаныш Оралбаев та өз атынан бір ат атады. Сондай-ақ бокстан спорт шеберлігіне үміткер атағын қорғаған мектеп оқушысы Төлекбеков Алдиярға алдыңғы буын ағаларындай биік шыңдардан көрінсін деген ниетпен ауыл жастары су жаңа ер-тоқым сыйға тартты. Мектептің өнерлі оқушылары мен Құмкөл мәдениет үйінің ұжымы кездесу кешінің ажарын кіргізіп, ән мен күйден шашу шашты.

    Тағы бір айта кетерлігі, осы барған жарысында Алтынбек Қалмақбаев «спорт шебері» атағын қорғады. Семей қаласының Шәкәрім  университеті денешынықтыру және спорт мамандығының 3-курс студенті бұған дейін де көптеген жарыстарда олжа салған. Бір-екеуіне тоқталар болсақ, 2021 жылдың 5-8 шілдесінде Өскемен қаласында өткен «Жас барыс» турнирінің чемпионы атанды. Биылғы жылдың 27-29 наурызында Қарағандыда ересектер арасында қазақ күресінен  «Сарыарқа батырлары» атты республикалық турнирдің 2-орын иегері болды.

     «Тектіден текті туады» дегендей, Алтынбектің әкесі Ерғали Қалмақбаев 60-тан асса да, әлі күнге бозкілемде белдесіп, ауданның, облыстың намысын қорғап, бірнеше рет жүлдегер атанғаны көпке мәлім. Көкпардан да тақымы тастай.

    Ал Алтынбектің атасы Тұрсын Қалмақбаев туралы әңгіме тіптен бөлек. Дүниежүзінде 70 жасқа келіп бозкілемде атой салып, әлемдік турнирде жеңімпаз атанған тек жалғыз адам осы – Тұрсын Қалмақбаев шығар.

Тұрсын Тайырұлы 1992 жылы Алматы қаласында Қ.Мұңайтпасов атындағы сайыста моңғол елінің түйе балуанын жеңіп, «Қажымұқанның інісі» атағын алған екен. 2004 жылы Тәжікстанда өткен спорт ардагерлері арасында самбо күресінен әлем біріншілігінде күміс, 2005 жылы Прага және 2006 жылы Ташкент қаласында әлем біріншілігінің алтын медалін иемденіп қайтқан. Сонымен қатар Грекияда өткен әлемнің 45 елінен жиналған 600 ардагер балуанның арасында самбодан әлем біріншілігінде қола жүлде иеленіпті.
2019 жылы қарт балуан дүниеден озды. Екі иығына екі кісі мінгендей нар тұлғалы еді. Естуімізше, Тұрсын Қалмақбаев Қарғыба ауылында жастайынан өз бетімен дайындалған. Бұла күші бойына сыймаған жас жігіт бапкері болмаса да алғаш боз кілемге 19 жасында шығып, қара күштің арқасында қарсыластарының барлығына жеңілістің ащы дәмін татқызған. Самбомен бірге аударыспақты да қоса алып жүрген. Еліміздің он екі дүркін жеңімпазы атанған.
Жолбарыс жүректі, қапсағай денелі Тұрсын ақсақалдай қара нардың қайсарлығы Алтынбектей оғлан ұрпағына дарып, жеңісті жолын жалғастырарына сенімдіміз.

Жалпы, тастан қарғып ағатын Қарғыба өзенінің қайсарлық қасиеті бұл ауыл тумаларының бойына да дарыған, сірә. Есімі ертеректе Әсет Найманбайұлымен айтысы арқылы қалың көпшілікке белгілі болған, ұлттың жоғын жоқтаған, ел тағдырын жырына арқау еткен ақын Кәрібай Таңатарұлы, сөз ұстаған би Боқбасар Жамантайұлы,  бойы аласа болса да ойы биік, жыры жүйрік Серік Жұмат секілді руханияттың көрнекті өкілдері де Қарғыбаның құнарлы топырағында туған. Енді міне, Тұрсын Қалмақбаевтай балуанның ізін жалғап жастар шығып жатыр.

Осы айдарда

Back to top button