Білім

«Алтын» түлектер рекорд жасады

«Алтын» түлектер рекорд жасады


Биылғы мектеп бітіруші түлектердің «Тарыдай болып кіріп, таудай болып шығатын» алтын ұя мектептерімен қоштасып, үлкен өмірге аяқ басуы Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына дөп келіп отыр. Осынау айрықша мерекеге орай, Өскемендегі «Ертіс-концерт» орталық мәдениет үйінде «Алтын белгі» иегерлерінің құрметіне арналған салтанатты шара өтті. Он бір жыл бойы озат оқыған 140 түлекке ерекше үлгідегі аттестат пен «Алтын белгі» құрметті белгісін облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова мен Өскемен қаласы әкімінің міндетін атқарушы Ольга Булавкина табыстады.

Биылғы оқу жылының қорытындысы бойынша облысымыз «Алтын белгі» иегерлерінің саны жөнінен рекордтық нәтижеге жетіп, 684 түлек осы құрметті атаққа қол жеткізді. Оның ішінде Өскемендегі жалпы білім беретін мектептерден 116 түлек, «Білім-инновация», Жамбыл атындағы мектеп-гимназия, «Нұр-Орда», физика-математика бағытындағы мектеп, спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаты сияқты облыстық дарынды оқушыларға арналған мектеп-лицейлерінен 24 түлек үздіктер қатарында. Салыстыра кетсек, былтыр «Алтын белгі» иегерлері 553 болса, биыл олардың саны 130 балаға өскен.

«Алтын белгі» медалінің негізгі талабы – 5-11 сынып аралығындағы тоқсандық бағалары тек бестік болып, барлық мемлекеттік емтихандарды үздік бағаға тапсыруы тиіс. Өскемен қаласы білім бөлімі басшысының орынбасары Дмитрий Журавлевтің айтуынша, Өскеменде де «Алтын белгі» иегерлерінің саны жылдан жылға артып келеді. Былтыр 120 түлек алса, биыл олардың саны 140-қа жетті.

– Сендер – өңірдің мақтанышысыңдар. Биыл облыс мектептерін он мыңға жуық түлек бітіріп жатыр. Міне, солардың ішінде 700-ге жуығы мектептегі ең жоғары нәтижеге қол жеткізіп, «Алтын белгі» иегерлері атанды. Биылғы оқу жылы білім саласындағы толағай жетістіктермен ерекшеленіп, дарынды оқушыларымыз түрлі халықаралық, республикалық зияткерлік байқауларда 157 медаль олжалады. Облыс оқушыларынан құралған олимпиадалық команда – еліміздегі ең үздік команда. Біз дарынды оқушыларымызбен мақтанамыз. Осы орайда, балаларына тамаша тәрбие беріп, білімге баулыған ата-аналар мен ұстаздарға да айтар алғысым шексіз. Түлектеріміз елге қажетті мамандық иелері атанып, әр саланың тізгінін ұстайтын білімді азаматтар болсын, – деді дарынды балаларды құттықтап, ақ жол тілеген облыс әкімінің орынбасары Әсем Бекқызы.

«Алтын» түлектер рекорд жасады

Биыл жоғары оқу орындарындағы сұранысқа ие мамандықтарға облыс әкімінің 400 гранты бөлінгендігін атап өткен жөн. Республика бойынша талапкерлерге 20 мың грант бөлінетіндігін ескерсек, түлектеріміздің шетелге шықпай-ақ, заманауи сапалы білімді өз еліміздегі жоғары оқу орындарынан алуға мүмкіндігі мол. Соңғы жылдары облыс түлектерінің 70 пайыздан астамы еліміздегі жоғары оқу орындарын таңдап, сүйікті мамандықтары бойынша білім алуда.

– Білімді шыңдауға қолдау көрсеткен «Дарын» орталығына, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалына алғыс айтамыз. Өңіріміздің гүлденуі үшін талмай еңбек етіп жүрген облыс әкімі Даниал Ахметов дарынды жастарды үнемі қолдап отырады. Мәселен, облыста жүзеге асырылып жатқан «Үштілде білім беру» қанатқақты жобасының біз үшін маңызы зор болды. Сонымен қатар, роботтық техника кабинеттері ашылды,-дейді Оралхан Бөкей атындағы №44 мектеп-лицейдің «Алтын белгі» иегері Индира Боранбаева.

Салтанатты шара барысында жиналған көпшілік өнерпаздар өнерін тамашалап, түлектер вальсі мен жастар флэшмобына куә болды.

Айжанат Бақытқызы

Осы айдарда

Back to top button