Алты ауданда «English for Jastar» жобасы басталды

«Нұр Отан» партиясы биылғы күзден бастап жаңа жобаны жүзеге асыруға кірісіп кетті. «English for Jastar» жобасы республика бойынша жеті мың оқушыға ағылшын тілін үйретуді көздеп отыр. Қазіргі күні еліміздің 84 ауылдық аймағы мен аудан орталықтарында «English for Jastar» жоба¬сының шеңберінде 9-11-сынып оқушы¬ларына арналған тегін факультативтік курс¬тар жүргізілуде.
АҚШ-тан келген ерікті
«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының «Жас Отан» жастар қанатының төрайымы Маржан Бақыттың айтуынша, аталған жоба өңіріміздің Үржар, Бородулиха, Зырян, Аягөз, Зайсан және Катонқарағай секілді алты ауданын қамтып отыр.
– «English for Jastar» жобасы екі ай бойы жүргізіледі. Әрине, екі айдың ішінде ағылшын тілінде сайрап кету мүмкін емес. Десе де жаңа жобаның басты мақсаты – ауылды жерлердегі балалардың ағылшын тілін меңгеру деңгейін арттыру¬ға көмектесу, оларды сабақтан тыс уақытта ойын элементтері мен дебат арқылы еркін сөйлеуге машықтандыру. Қазіргі күні осы жоба аясында 12 ерікті таңдалып алынып, аудандардағы жұмыстарын бастап та кетті. Сондай-ақ екі шетелдік азамат ынта танытып, біреуі Зайсанға, екіншісі Аягөзде жұмыс істеуге келісті, – дейді Маржан Бақытқызы.
«English for Jastar» жобасы аясында АҚШ-тың Чикаго қаласынан келген ерікті Брайан Байросты Өскеменнің әуежайынан Зайсан ауданы білім бөлімінің басшысы Нұрлыбек Қалибаевтың өзі күтіп алды. Америкалық азамат өте ашық-жарқын екен. Журналистерге сұхбат беруге бірден келісімін беріп, ерекше ықыласпен жауап берді.
– Мен әлемнің 100-ден астам елінде болдым. Бірақ Қазақстанға бірінші рет келіп тұрмын. Әрине, Қазақстанның картада қай жерде орналасқанын білгеніммен, бұл ел туралы көп нәрсе білмейді екенмін. Шынымды айтсам, осынау сапардан өзім де көп жаңалық күтемін. Қазақ халқының салт-дәстүрімен, мәдениетімен терең танысқым келеді, – дейді ол жымиып.
Брайанның негізгі мамандығы инженер екен. Шынымызды айтсақ, көкейімізде «қарапайым ғана инженер балаларға қалай ағылшын тілін үйретеді?» деген күдігіміз де болды. Журналистердің көкейіндегі осынау күдікті сейілткісі келгендей, Брайан:
– Менің мамандығым инженер болғанымен, мен адамдармен араласуды жақсы білемін. Инженер бола жүріп, әртүрлі мамандық иелерімен, студенттермен қарым-қатынас жасауды үйрендім. Балалармен де тез тіл табысамын. Оның үстіне саяхаттауды, ел мен жер көруді жаным сүйеді. Ағылшын тілінен бөлек испан және португал тілдерін білемін. Шынымды айтсам, Қазақстандағы білім жүйесі, балаларды қалай оқытатынын білу мен үшін қызық, – дейді ол.
Еріктінің айтуынша, оның балаларға ағылшын тілін оқытуда ұстанатын нақты бір әдістемесі жоқ. Десе де ойын түріндегі сабақтар арқылы балаларға бар білгенін үйретуде аянып қалмақ емес.
Журналистермен аз-кем сұхбат барысында америкалық азамат өзінің отбасы туралы да айтып берді. Бір отбасында алты бала екен. Брайан алты баланың бесіншісі. Әкесі 72 жаста. Брайан әлі отбасын құрып үлгермепті. Отбасын құрудан гөрі, әлемді аралап, түрлі әсерге бөленуді бірінші орынға қоятын секілді.
– Үштілділік бұл – Елбасының идеясы ғой. Мемлекет басшысының өзі «Қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі, ағылшын тілі – жаһандық экономикаға кіру тілі» деді емес пе? Осыған байланысты «Нұр Отан» партиясының саяси кеңесі «Жас Отан» жастар қанатына елімізде осы үштілділікті енгізу бойынша қабылданған бағдарламаға қолдау көрсету керектігін айтып, арнайы тапсырма берді. Биылғы 1 маусым күні осыны қарап, 3 шілде күні қол қойылды. Мен бұл жобаны қос қолдап қолдаймын. Бұл бізге керек, – дейді Зайсан ауданы білім бөлімінің басшысы Нұрлыбек Қалибаев. Оның айтуынша, америкалық ерікті азамат оқытатын үш топ, яғни 50 бала алдын ала іріктеуден өткізіліпті. Іріктелген балалардың деңгейі – А2. Бұл – орта деңгейден төмендеу. Олардың барлығы да ауыл балалары.
Бір атап айтарлығы, Брайан Байрос ерікті болған соң, балаларға ағылшын тілін үйреткені үшін ешқандай да ақы алмайды. Ал Зайсандағы жататын жерін, тамағын «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы көтеріп алып отыр. Зайсандағы жаңадан салынған 126 пәтерлі үйдің ішінде екі бөлмелі пәтерді бар жиһазымен дайындап та қойыпты. Интернеті те бар. Егер ол пәтер ұнамаса, түрік қонақүйінен де арнайы бөлме әзірлеп қойған екен.
– Брайанды балалар өте асыға күтуде. Тіпті кейбіреулері «қашан келеді?» деп сұрап та қояды, – дейді Нұрлыбек Қалибаев. Жалпы, Зайсан ауданында үштілділік бойынша ағылшын, орыс тілі мұғалімдері арнайы курстан өтіп, тест тапсырыпты. Орта, төмен деңгейдегі мұғалімдер қайтадан курстан өтіп, білімдерін шыңдаған. Қазіргі күнді информатика, физика, биология сынды жаратылыстану пәні мұғалімдері курстан өтіп жатқан көрінеді. Желтоқсанда курс аяқталады. Сондай-ақ олардың жалақысына үстемеақы қосылмақ.
Жалпы, «English for Jastar» жобасының негізгі ұйымдастырушысы – «Жас Отан» жастар қанаты мен «Болашақ» қауымдастығы. Жобаға академиялық көмекті «InterPress» тіл орталығы көрсетіп отыр. Оқушылар «Oxford University Press» баспасының «Solutions» оқулығы бойынша оқиды. Сондай-ақ «AIESEC» халықаралық ұйымы, «Білім беру лидерлігінің орталығы» ЖШС, «Назарбаев университеті» АҚ, «Oazag Air» әуе компаниясы АҚ, «Меломан HOME VIDEO» ЖШС, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, «4KZTours» Қазақстан Республикасы ішкі туризмді дамыту жөніндегі америкалық компаниясы жобаның негізгі әріптестері болып табылады.

Оқу құралдары жеткілікті
Респуб¬лика¬мызда 141 адам «English for Jastar» жобасына қатысып, үштіл¬ді¬лікті дамы¬туға ниет білдірсе, олардың 75-і жоғары оқу орнында білім алып жат¬қан студенттер екен. Облысымыздағы сондай еріктілердің бірі – Әйгерім Ыдрышева мен Әйгерім Қабыкенова.
Менің мамандығым болашақ ағылшын тілінің мұғалімі болғандықтан, «English for Jastar» жобасы менің кәсіби тұрғыдан өсуіме әсер етеді, – дейді Әйгерім Ыдырышева.
«English for Jastar» жобасы жүзеге асып жатқан барлық өңірлерге қажетті оқу құралдары жеткізілген. Олардың арасында 172 Elementary мен Pre-Intermediate оксфордтық құрал жиынтығы бар. Әр жиынтықта оқушыларға арналған Students Book тапсырманы жасауға арналған Workbook, сонымен бірге ағылшын тіліндегі фильмдердің DVD-дискілері бар көрінеді.
Осы жоба шеңберінде облысымызда екі айдың ішінде 500-ден астам бала өзінің ағылшын тілінде сөйлеу дағдысын жетілдірмек. Жоба аясында басты назар speaking бөліміне аударылады.
Зырян ауданында «English for Jastar» жобасы аясындағы осынау курсқа алғашқылардың бірі болып жазылғандардың бірі – 9 сынып оқушысы Артур Лобков. Өздігінен ізденіп intermediate деңгейіне жеткен Артур бұл жобаның өзі үшін пайдасы көп болатынын айтады.
¬- Ауылды жерлерде ата-аналар балаларын ағылшын тілінен қосымша сабаққа жіберетіндей көп ақша таппайды. Сондықтан тек мектепте оқимыз, бірақ онда тілдесу деңгейін көтеру мүмкін емес. Мысалға менің отбасым мені жеке репетитор жалдап оқыта алмайды. Оның құны бір жылға 300 мың теңге. Төлеу мүмкін емес, сондықтан бұл тегін курстың маған берері көп, – дейді Артур.
«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалының «Жас Отан» жастар қанатының төрайымы Маржан Бақытқызы егер бәрі жақсы болып, жоба алты ауданда жемісті жүзеге асса, онда келесі жылы жобаны барлық аудандарда қолға аламыз деген жоспар барын айтты.
Жалпы, өңірімізде «Үштілділікті дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған кешенді» жоспары жүзеге асырылуда. Үш кезеңді қамтитын кешенді жоспардың алғашқы кезеңі 2016 жылды қамтыса, екінші кезеңі 2017-2018, үшінші кезеңі 2018-2019 жылдарды қамтиды. Кешенді жоспарды жүзеге асыруға жергілікті бюджеттен 2,1 млрд. теңге бөлінген.
Мейрамтай Иманғали