Спорт

«Алтайлықтардың» аяқ алысы мәз емес

Нұржан Кенжеұлы

Өскемендегі денешынықтыру-сауықтыру кешенінде ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы мен Тұңғыш Президент күніне орайластырылған волейболдан 23 жасқа дейінгі қыздар командалары арасындағы ХХХ Қазақстан чемпионатының бірінші тур ойындары мәресіне жетті.

Мерейтойлық жарысқа еліміздің үздік деген тоғыз командасы қатысып, өзара мықтыны анықтады. Арасында облысымыздың намысын қорғаған «Алтай-3» пен «Алтай-4» ұжымдары да болды. Бір атап өтерлігі, бүгінде «Алтай-3» командасы Семей қаласында орналасса, төртінші «Алтай» Өскеменде жаттығады екен.

Сондай-ақ бұл жолғы жарысқа Талдықорғанның «Жетісу-3» және «Жетісу-4», Петропавлдың «Куаныш-2», «Алматы-2» (Алматы), «Қарағанды-2» (Қарағанды), «Ертіс Қазхром-2» (Павлодар) және «Ару-Астана» (Нұр-Сұлтан) командалары қатысқанын айту керек.

Жеті күнге созылған доп додасының қорытындысы бойынша алты ойында жеңіске жеткен «Ертіс-2» волейболшылары 18 ұпаймен жеке-дара көш бастады. Павлодарлық ұжымнан кейінгі екінші орынға еншісінде 16 ұпайы бар «Алматы-2» көтерілсе, үздік үштікті «Қуаныш-2» командасы (15 ұпай) түйіндеді.

Ал «алтайлықтардың» аяқ алысы әзірге жанкүйерлер күткендей болмай тұр. Әсіресе жеті кездесуден кейін небары тоғыз ұпай жинаған «Алтай-3» волейболшылары турнир кестесінің бесінші сатысында орналасуда. Семейлік ұжымнан үш ұпай артық еншілеген «Алтай-4» командасы төртінші орынға табан тіреді.

Осыған қарамастан, жүлделі орындардан үміт үзуге әлі ерте. Ол үшін қыздарымыз қалған турларда ұпайын түгендеп, Өскеменде кеткен есені қайтаруы тиіс.

Осы айдарда

Back to top button