«Алтайдың» жетінші триумфы
Алматы қаласында өткен волейболдан Ұлттық лига командалары арасындағы кезекті, 31-ші ел біріншілігінің финалдық кезеңі «Алтайдың» триумфымен аяқталды. Осылайша, өскемендік команда өз тарихында жетінші рет ел чемпионы атағына қол жеткізді.
Бұл тұрғыдан алып қарасақ, отандық клубтар арасында рекордсмен саналатын «Жетісуға» (сегіз дүркін чемпион) жету үшін «Алтай» тағы бір рет елішілік жарыста топ жаруы тиіс екен. Дегенмен, «алтайлықтар» Алматыдағыдай, сондай-ақ оның алдында Өскемен, Талдықорған мен Түркістанда өткен жарыс кезеңдеріндегідей ойын өрнегін көрсететін болса, ертең-ақ бұл межені де бағындыратыны анық.
Тарихқа сәл шегініс жасасақ, жерлестеріміз 2016 мен 2019 жылдар аралығындағы елішілік додаларда қарсылас шақ келтірмей, төрт рет қатарынан Қазақстан чемпионы атанған болатын. Тек 2020 жылы әлемді шарпыған пандемия салдарынан Қазақстан волейбол федерациясы ұлттық лига ойындарын уақытынан бұрын тоқтату жөнінде шешім қабылдап, нәтижесінде чемпиондық атақ дәл сол кезде көш бастап келе жатқан «Жетісуға» берілген еді. Ал оған дейін төрт жыл бойы топ жарған «Алтай» арулары сол жолы күміс жүлдені қанағат тұтқан.
Дәл сол кезде өскемендік команданың капитаны Сана Анарқұлова «Бұйырса, келесі жылы чемпиондық кубокты Өскеменге қайтарамыз» деп уәде бергені есімізде. Тәжірибелі волейболшы сөзінде тұрды. Араға тура бір жыл салып «Алтай» арулары бесінші рет ел чемпионы атанды да, өздеріне де, өзгеге де мықты екендіктерін тағы бір мәрте дәлелдеді. Қаһарына мінген өскемендік ұжымды әккі маман Жанболат Бурхан бастаған мақтаулы «Жетісу» да тоқтата алмады. Осыдан төрт жыл бұрын талдықорғандық команданың тізгінін ұстаған түрік маманы сол кезде «Алтайдың» дәуірі бітті, енді ел біріншілігінде «Жетісу» үстемдік құратын болады дегенге саятын сөздер айтқан еді. Алайда іс жүзінде олай болмай шықты. Керісінше, «Алтай» қаһарына міне түсті. Сербиялық маман Марко Гршич бастаған «алтайлықтар» 2021 жылғы жетістігін былтыр да қайталап, жанкүйерлерін шаттыққа бөлеген. Ал биылғы доданы «алтайлықтар» жаңа бас бапкермен бастады. Жалпы, 2022-2023 жылдарғы жарыс қарсаңында команданың бапкерлер қосынында да, ойыншылар құрамында да едәуір өзгеріс болған-ды әрі оның ең негізгісі – бас бапкер қызметіне Юрий Панченконың тағайындалуы болғаны сөзсіз. Көзі қарақты жанкүйер қауым ресейлік маманды жақсы тануы тиіс. Себебі ол бұған дейін де, яғни 2017-2019 жылдар аралығында «Алтай» тізгінін ұстаған болатын. Ол кезде Панченко жаттықтырған команда елішілік жарыстардың барлығында жеңіске жетіп, тек Өскеменде өткен Азия чемпионатында жүлдесіз қалған еді.
Жалпы, биылғы маусым барысында «Алтай» жоғарыда айтқан «Жетісудан» да, сондай-ақ былтырдан бері басты қарсыласы саналып жүрген Петропавлдың «Қуанышынан» да бірнеше рет басым түскенін айту керек. Алматы төрінде өткен финалда да жерлестеріміздің жолы дәл осы қызылжарлық ұжыммен түйісті. Осы орайда, ел біріншілігінің финалы екі ойыннан тұрғанын айту керек.
Шешуші серияның алғашқы матчын 3:2 (25:23, 22:25, 26:24, 20:25, 16:14) есебімен өз пайдасына аяқтаған бапкер Панченко шәкірттері қарымта кездесуде де «қуаныштықтардың» әжептәуір қарсылығына қарамастан, жеңісті қолдан бермеді. Бұл ретте, петропавлдық ұжымның да өнерін ерекше атап өткеніміз орынды болар. Екі матчта да «Алтай» аруларымен терезесі тең ойын өрнегін көрсеткен қызылжарлықтар кей сәттерде тіпті жеңіске бір табан жақын болған еді. Барлығы он партияға созылған қос ойынның төрт кезеңін өз пайдасына аяқтаған сербиялық бапкер Дарко Добресковтың командасы «алтайлықтар» үшін осал қарсылас емес екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Бұл сөзімізге былтыр Семей қаласында өткен клубтық Азия чемпионатының финалындағы нәтиже де дәлел бола алады. Естеріңізде болса, сол доданың шешуші матчында қазақстандық қос ұжым – «Алтай» мен «Қуаныш» кездесіп, аса тартысты өрбіген ойында 2:3 есебімен қызылжарлықтар жеңісті тойлаған болатын.
Ел чемпионатына оралайық, биылғы финалдың екінші матчында да бірінші кездесудегідей нәтиже тіркелді. Қорытынды есеп 3:2, өскемендіктердің пайдасына. Тек бұл жолы жерлестеріміз алғашқы үш партиядан кейін 1:2 есебімен ұтылып жатты.
Тарқата айтсақ, бірінші кезеңде 25:18 есебімен қарсыласынан басым түскен өскемендіктер өз жеңісіне тым ерте сеніп қойған болуы керек, екінші партияда алаңда сылбыр қимылдай бастады. Мұны байқаған «Қуаныштың» қыздары бірден қарқынын үдетіп, тез арада таразы басын теңестірді (екінші партияның нәтижесі – 17:25). Онымен қоймай, үшінші кезеңді де өз пайдасына аяқтап, есепте алға шығып кетті (есеп 23:25).
Дегенмен, сын сағатында салқынқандылық танытқан «Алтай» арулары одан кейінгі екі партияда қателікке бой алдырмады. Ойынның төртінші кезеңінде 25:22 есебімен жеңіске жеткен жерлестеріміз шешуші, бесінші партияда да бар шеберлігін паш етті. Есеп 15:11. Қорытынды нәтиже 3:2, «Алтай» пайдасына.
Әсіресе Анарқұлованың өнері туралы айтпасқа лажымыз жоқ. Бұл финалда Сананың қиын сәтте командаластарын алға жетелей білетін нағыз көшбасшы екеніне тағы бір мәрте көзіміз жетті. Команда капитаны бірнеше дәл соққысының арқасында ойын барысын түбегейлі өзгертіп, командасына жарқын жеңіс сыйлады. Сондай-ақ ресейлік блок қоюшы Ирина Малькованың да «Алтайдың» жеңісіне қосқан үлесі зор болғанын айту керек.
Әдетте, ел біріншілігі соңынан командалармен қатар жекелей аталымдар бойынша үздік шыққан волейболшылар да марапатқа ие болып жатады. Бұл жолы да солай болды. Осы ретте, биылғы доданың қорытындысы бойынша, чемпионаттың үздік шабуылшысы атағына кезекті рет Сана Анарқұлова лайық деп танылғанын айту керек. Сондай-ақ биыл тағы екі жерлесіміз – Томирис Сағымбаева («Үздік либеро») мен Сара Саркаджияның (MVP, яғни «Үздік ойыншы») қанжығасы майланған-ды.
Тағы бір айта кетер жайт, мәресіне жеткен биылғы ел біріншілігінің қола жүлдесін шешуші кездесуде Павлодардың «Ертісін» 3:0 есебімен ойсырата ұтқан «Жетісу» жеңіп алды.