«Алтайдың» кезекті триумфы

Нұржан Кенжеұлы
Өскеменнің «Алтайы» кезекті жеңісін тойлады. Бұл жолы жақында ғана қызметіне кіріскен бапкер Юрий Панченконың шәкірттері ел кубогы үшін жарыста топ жарып, өз коллекциясындағы Қазақстан кубоктарынның санын бесеуге дейін жеткізді.
Еске салайық, бұған дейін Шығыстың волейболшы қыздары төрт мәрте, яғни 2017, 2018, 2019 және 2021 жылдары ұйымдастырылған жарыстарда жеңіске жеткен болатын. Тек Пандемия өршіген 2020 жылы ғана «жетісулық» қарсыластарына жол беріп қойған еді.
Биылғы бәсекеде де жерлестеріміздің өзге командалардан басымдығы айқын сезіліп тұрды. Жарыс бастала салысымен қарсы келген ұжымдарды қамыстай жапырған «алтайлықтар» бүкіл турнир бойы бірақ партияда сүрінген-ді. Сондай-ақ бұл жағдай финалда тіркелді. Биылғы доп додасының шешуші матчында өскемендіктер қазіргі Азия чемпиондары – Петропавлдың «Қуанышымен» кездескен-ді. Соңғы құрлықтық жарыстың финалында да осы екі ұжымның жолы түйіскен болатын. Семейде өткен сол кездесуде ойламаған жерден «Қуаныш» волейболшыларының 3:2 есебімен жеңіске жетіп, нағыз сенсация авторы атанғаны есімізде. Ал бұл жолғы ойын мүлде өзгеше бағытта өрбіді. «Алтайлықтар» ә дегеннен ойын тізгінін өз қолдарына алып, алғашқы екі партияда 25:15 есебімен басым болды. Үшінші жиырмаминуттықта «Қуаныштың» қыздары барын салып есеп айырмасын қысқартқанымен (21:25), одан кейінгі кезеңде өскемендік арулар 25:18 нәтижесімен жеңіске жетіп, ойынның нүктесін қойды. Қорытынды есеп 3:1, 2022 жылғы Қазақстан кубогы «Алтайдың» еншісінде!
Енді сәл демалыстан кейін жерлестеріміз биылғы ел Суперкубогы мен Қазақстан біріншілігіне дайындықтарын бастамақ. Сондай-ақ ел чемпионы ретінде «Алтай» волейболшылары алдағы Азия чемпионатына қатысуға мүмкіндік алғанын да айтқан жөн.