Спорт

«Алтайдың» келесі қарсыласы кім?

«Алтайдың» арулары тағы бір мәрте мықтылығын дәлелдеді. Шығысқазақстандық ұжымның волейболшы қыздары Түркістанда өткен ел біріншілігінің кезекті туры аясында бес ойын өткізіп, оның бесеуінде де сенімді жеңіске жетті.

Қаһарына мінген «алтайлықтарға» тіпті сегіз дүркін Қазақстан чемпионы деген атағы бар «Жетісу» мен былтырғы клубтық Азия біріншілігінің жеңімпазы «Қуаныш» та қауқар көрсете алмады. Ал барлық қарсыласын айқын басымдықпен жеңген өскемендік қыздар болса, биылғы додада да топ жарып, чемпиондық титулдарының санын жетеуге дейін жеткізуге асығатындай. Бұлай жалғаса беретін болса, жерлестеріміз күні бұрын ел чемпионы атанып қоюы әбден мүмкін.

Ал енді Түркістан төріндегі жарыстың ойындарына тоқталсақ, былтырғы ел біріншілігінде қарсылас шыдатпаған «Алтай» волейболшылары сырт алаңда да ешкімге аяушылық танытпады. Шымылдықашар ойынында тағы бір мықты қарсылас саналатын Павлодардың «Ертісін» үш партияда (ойын кезеңдеріндегі нәтиже – 25:14, 25:12, 25:12) тізе бүктірген Сана Анарқұлова бастаған өскемендік команда одан кейін мақтаулы «Қуанышты» да «омақа» асырды. Азия чемпиондарымен ойынды 3:1 есебімен өз пайдасына аяқтаған жерлестеріміз былтырғы құрлықтық доданың финалындағы жеңілісі үшін тағы бір мәрте есе қайтарғандай болды. Төрт партияға созылған бұл кездесудің кезеңдерінде 25:16, 20:25, 25:18, 25:17 нәтижелері тіркелді.

Бұдан соң «Алтай» волейболшылары тағы үш мәрте жеңіске жетті. Алдымен «Алматыдан» 3:0 (партиялардағы нәтиже – 25:17, 25:20, 25:11) есебімен басым түскен жерлестеріміз артынша «Қарағанды» (3:1: 25:14, 28:30, 25:18, 25:16) мен «Жетісуға» (3:0: 25:16, 25:19, 25:21) да ұпай ұстатпады. Осылайша, бес ойында да күмәнсіз жеңіске жеткен бапкер Юрий Панченконың шәкірттері максималды 15 ұпай жинап, көш басындағы орнын нықтай түсті.

Әдеттегідей, тур соңында ұйымдастырушылар әр команда құрамындағы үздік ойыншыны анықтады. Осы жолы «Алтай» сапында мұндай атаққа 16 нөмірлі ойыншы Татьяна Никитина лайық деп танылды.

Қазір шығысқазақстандық ұжым бірнеше күннен кейін басталатын ел чемпионатының плей-офф кезеңіне соңғы дайындықтарын пысықтауда. Бұл кезеңдегі «Алтайдың» алғашқы қарсыласы Талдықорғанның «Айқаракөзі» болмақ. Айта кетейік, ел чемпионатының ширекфиналдық ойындары 17 – 26 наурыз аралығында Алматы қаласында өтеді деп жоспарланып отыр.

Өкінішке қарай, бұл жолғы жарыстың келесі кезеңіне өткен ұжымдар арасында «Алтай-2» командасы жоқ. Шығыс Қазақстанның екінші командасы саналатын ұжым биылғы додада бар болғаны тоғызыншы орынға ие болды. Негізінен жас волейболшылардан жасақталған команда қоржынында небары 12 ұпай бар. Салыстырмалы түрде алып қарасақ, топ жарған «Алтай» 30 ұпайға қол жеткізген-ді.

Осы айдарда

Back to top button