Алтайдағы кешендер адамзаттың мұрасына айналатын болады

Күллі түркі әлемінің алтын бесігі атанған Алтайдағы тарихи-мәдени кешендер ЮНЕСКО-ның мұралар тізіміне енуі әбден мүмкін. Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Кеше бұл мәселе аталған оқу орнында Франция, Ресей, Жапония, Бельгия елдерінен келген ғалымдардың қатысуымен өткен дөңгелек үстелде кеңінен сөз болды. Оған облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова қатысты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл іс-шара Тұңғыш Президенттің «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласының аясында қолға алынған «Ұлы даланың тарихы» (2018-2020) атты жобаның бір бағыты болып табылады. Қазіргі таңда «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» тарихи-мәдени кешені үлкен халықаралық мәнге ие болып отырғаны да рас. Әсіресе, біздің Шығыс өңірінде Алтайды зерттеуге зор көңіл бөлініп, қазба жұмыстары жүргізілуде. З.Самашев, Ә.Төлеубаев сынды отандық ғалымдардың жетекшілігімен Берел, Шілікті, Елеке сазында жүргізіліп жатқан қазба жұмыстары нәтижесіз де емес. Қазба жұмыстары кезінде табылған тарихи жәдігерлерге бүгінде шетел ғалымдарының өзі таңдай қағуда. Ендеше, алтын Алтайымыздағы тарихи-мәдени кешендерді неге ЮНЕСКО-ның мұралар тізіміне енгізбеске?
Осы орайда Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтымен бірігіп, Алтайға халықаралық экспедиция ұйымдастырыпты. Осынау экспедицияға отандық ғалымдармен қатар, шетелден келген сарапшы ғалымдар да қатысып, Алтайдың ғажап әлемімен танысып қайтыпты. Дөңгелек үстелде сөз алған облыстық мәслихаттың хатшысы В. Головатюк Катонқарағайдағы Берел, Тарбағатайдағы Елеке сазы қорғандарынан табылған алтын бұйымдарының жоғары сапасына таңғалатынын жасырмады. Бұл – ежелгі Алтай жерінде металлургия өндірісінің жоғары деңгейде дамығанының айқын көрінісі.
Ата-бабаларымыз жүріп өткен тарихты қайта қарап, қайта зерделеу қажет деп ойлаймын. Өйткені, табылған жәдігерлер Алтай өңірінің сол кездің өзінде-ақ өндірісті аймақ болғанын айғақтай түседі, – деді В.Головатюк.
Ұлы даланың тарихы мен мәдениеті туралы әңгімені Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты базасындағы республикалық ақпараттық орталығының директоры Меруерт Абусеитова әрі жалғады. Айтуынша, Қазақстанда «Ұлы даланың тарихы мен мәдениетіне» қатысты пәнаралық бағдарлама алғаш рет қолға алыныпты. Ол бүгінде тоғыз ғылыми-зерттеу институтының басын қосып отырған көрінеді. Сонымен қатар, Алтайдан табылған археологиялық белгісі бар палеогенетикалық зерттеулер туралы «Жалпы генетика және цитология институтының» бас директоры Ләйла Жансүгірова баяндама жасады. Сонымен қатар, Бельгиядағы Лувен католиктік университетінің профессоры Анна-Мари Вильмено, Жапонияның Осака префектурасындағы Ұлттық этнология мұржайының доценті Токо Фудзимото, көрші Ресейдегі Горно-Алтайск қаласындағы С.Суразаков атындағы алтаистика институты директорының орынбасары Наталья Тадышева және тағы басқалар баяндама жасады.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова Алтайды ЮНЕСКО-ның мұралар тізіміне енгізу шетелдіктерге, халықаралық қауымдастыққа еліміздің бай тарихы мен мұрасын терең насихаттауға мүмкіндік беретінін айтты. Шынында да соңғы төрт-бес жыл көлемінде облыс әкімдігі археология саласында үлкен жұмыстар атқарды. Бұл істе Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ ғылыми жағынан болсын, технологиялық жағынан болсын үлкен көмек қолын созуда. Археология саласындағы соны жаңалықтар 6-7 қыркүйекте Өскеменде өтетін «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты дәстүрлі халықаралық конференцияда паш етілмек.
Мейрамтай Иманғали