АЛТАЙДА ӨТКЕН АЛТЫН ТОЙ

Алтай ауданында «Алтын Тұрғысын – 2019» атты ХІІ халықаралық өнер фестивалі болып өтті.
Аталмыш фестивальді жыл сайын алуан бағыттағы талант иелерінің – бардтар мен фольклористердің, ақын-жазушылар мен суретшілердің, саз балшықтан, ағаштан, тастан мүсін жасаушы шеберлердің басын қосатын, сонымен қатар жаңа таланттардың бағын ашатын өнер жәрмеңкесі деуге болады. Биылғы байқау «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында өткізілді.
Байқау бағдарламасындағы ән мен би мерекесінің жылдағы өткізіліп жүрген орны өзгеріп, Тұрғысын мен Бұқтырма өзендерінің қосылған сағасына белгіленгенін айта кетуіміз керек.
Аудан әкімі Нұржан Тоқсейітов бұл мерекені ұйымдастырушылардың жыл өткен сайын түрлі мемлекеттерден келетін ұлт өкілдері арасындағы достықты нығайтып, халыққа салауатты өмір салтын насихаттап, азаматтардың туып-өскен жерлерінің тарихын танып-біле түсулеріне, сондай-ақ өңіріміздегі туризмді дамытуға зор ықпал ететіндігін атап өтті.
–Сіздерді еліміздің қасиетті төрінде өтіп жатқан, облысымыздың Құрметті азаматы, біздің жерлесіміз, жазушы Александр Егоров атындағы «Алтын Тұрғысын-2019» ХІІ халықаралық өнер фестиваліне келулеріңізбен шын жүрегімнен құттықтаймын. Жеріміздің басты байлығы – оның халқы мен таланттары, – деді Нұржан Тоқсейітов.
Ұйымдастырушылардың айтуларына қарағанда, алыс-жақын шет елдерден келушілер саны биыл екі мыңнан асқан «Алтын Тұрғысын» кәсіби өнерпаздардың жас шеберлермен тәжірибе алмасу алаңына айналғанына да біраз уақыт болып қалған көрінеді.
Бұл іс-шараның өнер адамдарының көңіл түкпіріндегі шығармашылық қабілеттерін аша түсулеріне, сонымен қатар танымал шеберлерден көптеген жаңа дүниелерді үйренудегі маңызы өте зор, – дейді фестиваль президенті Раиса Шульмина.
Жиналған халық фестивальдің конкурстық аталымдар мен гала-концертке қатысатындарды іріктейтін негізгі бағдарламасынан бөлек, жиналғандарға қазақ халқының ұлттық дәстүрлерінің бірі – «Сүндет той», «Зумба» стиліндегі би марафоны, спорттық бәсекелер, жанрлар бойынша шеберлік сыныптары, Тұрғысын ауылындағы бастау бұлаққа дейін жаяу жүріс секілді ұлттық рәсім-салттар көрсетілімінің куәсі болды.
– Бір көңіл аударарлығы, бұл фестиваль бір ғана емес, көпжанрлылығымен маңызды, – дейді Раиса Шульмина. – Сондықтан шығармашылық бағыттардың саналуандығы көрермен көңілін бір серпілтіп тастап отырса, қатысушылардың да шығармашылық әлеуетінің ашыла түсуіне мол мүмкіндік береді.
Келушілер ақындардың жырларын оқудан, авторлық, халықтық және эстрадалық әндерді тыңдап, керемет ләззат алса, ұлттық шеберлер мен фотосуретшілердің үздік жұмыстарын көріп көзайым болып жатты.
– Жыл өткен сайын қатысушылардың қалауымен көптеген жаңа жанр түрлері қосылуда, – дейді Раиса Шульмина. – Айталық, биыл «Көркемдеп оқу» аталымын енгіздік, өйткені көптеген фестивальға қатысушылар елімізге танымал авторлардың туындыларын мәнерлеп оқығылары келеді. Дәл осы аталымда Алтай қаласынан сынға түскен 82 жастағы Екатерина Челенкованың фестивальдің Гран-при жүлдесін жеңіп алуын, сонымен қатар «Эстрадалық әндер» аталымының да жеңімпазы атанғанын айтпай кетуге болмайды. Осы жолғы өнер фестивалінің 43 қатысушысы лауреат атағына қол жеткізді.
Фестивальға қатысқан меймандар шараның өте жоғары деңгейде ұйымдастырылғандығын айта келе, келер жылғы өнер жәрмеңкесіне қуана-қуана келетіндіктерін жеткізді.
– Мен үшін өткізілетін әрбір «Алтын Тұрғысын» фестивалі – туған жеріммен жүздесу, Отаныммен қауышу, – дейді Ресейдің Набережное Челнов қаласынан келген мәртебелі мейман, фестивальдің бірнеше дүркін лауреаты Сергей Степанов. – Бұл – күнделікті өркениеттен алшақтап, пәк өнердің дәмін сезінудің бір мүмкіндігі.
«Тұрғысын-2019» ХІІ халықаралық өнер фестивалінің лауреаттары:
Гран-при – Екатерина Челенкова (Алтай);
«Поэзия» – Элеонора Боброва (Алматы), Қуаныш Мақтиев (Серебрянка);
«Проза» – Ирина Андреева (Серебрянка);
«Авторлық ән» – Марина Телевная (Алматы);
«Вокалдық орындау өнері» – Анна Степанова (Москва), Марина Телевная (Алматы); «Субботея» (Серебрянка) және «Родные напевы» (Тұрғысын) ансамбльдері.
«Бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер» – Александра Шульмина (Өскемен), Иван Куртуков (Алтай).