Алтайда 535 жұмыс орны құрылады
Алтай ауданында халықты жұмыспен қамту бағытында ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Атап айтсақ, бұл мақсатқа 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде 81 миллион теңге бағытталыпты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында атап өткендей, 2023 жылдан бастап 100 мыңға жуық жас жұмыспен қамтылатын болады. Мәселен, биыл Алтай ауданында 535 субсидияланатын жұмыс орны құрылып, 30 миллион теңгенің 22 гранты өз иесін табады деп күтілуде.
– Өткен жылы азаматтарды әлеуметтік қолдауға ерекше көңіл бөлінді. Әлеуметтік қорғаудың және халықты жұмыспен қамтудың барлық бағыттары бойынша қаржыландырудың жалпы сомасы 1,2 миллиард теңгені құрады. Жұмыс берушілердің қатысуымен алты бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Ауданның ұйымдары мен кәсіпорындарына 797 адам жұмысқа тұрды. Мемлекет тарапынан субсидияланатын бос орындарға 366 жұмыссыз адам орналастырылды, – деп хабарлады Алтай ауданы әкімінің орынбасары Сергей Охременко.
Сонымен қатар еңбек нарығында сұранысқа ие жұмысшы мамандықтары бойынша кәсіптік оқытуға 55 жұмыссыз адам жіберілген екен. Бүгінде олар оқуларын тәмамдап, мамандығы бойынша жұмысқа кірісіп те кеткен. С.Охременконың айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасатын болады.
Сәрсен Қабылым