Жұмыспен қамту

Жиырмадан астам отбасы көшіп келді

Азамат Темірбеков

 Биыл жыл басынан бері облыс орталығына еңбек күші басым өңірлер мен жақын шетелдерден жиырмадан астам отбасы көшіп келген.

Өскемен қалалық жұмыспен қамту орталығының таратқан ақпаратына сүйенсек, биыл жыл басынан бері еңбек күші артық өңірлер мен жақын шетелдерден облысымыздың бас шаһарына құрамында 54 мүшесі бер 22 отбасы көшіп келген көрінеді.

Атап айтсақ, Алматы, Түркістан облыстары мен Алматы қаласы сияқты еңбек күші арттық өңірлерден он отбасы қоныс аударса, Өзбекстан, Моңғолия, Ресей және Қытай сынды елдерден қандастарымыздың 12 отбасы көшіп келген.

Үстіміздегі жылы еңбек күші артық өңірлерден қоныс аударушылар мен қандастар үшін 46,2 млн. теңге бөлінсе, оның  15,6 млн. теңгесі қоныс аударуға субсидия түрінде, ал 30,6 млн. теңгесі ерікті түрде қоныс аударғандарға тұрғын үй жалдауға бағытталған. Қазіргі уақытта аталған қаражат мақсатты түрде жұмсалып жатқан көрінеді.

Қазір аталмыш бағдарлама бойынша Шығыс өңіріне қоныс аударған бірқатар отбасы мемлекет қолдауын игіліктеріне жаратып, өз істерін бастап кеткен. Осындай отбасылардың бірі – Севара Сирабекованың жанұясы.  Бұл отбасы былтыр Өскемен қаласына Түркістан облысына қарасты Сарыағаш ауданынан отбасымен ерікті түрде қоныс аударған. Қазір үш бала тәрбиелеп отырған ол отағасы екеуі өз кәсіптерін ашып, қала тұрғындарына қызметтерін ұсынып отыр.

– Отбасымыздың әрбір мүшесіне 70 айлық есептік көрсеткіш, яғни 204 190 теңге мөлшерінде көшуге субсидия алып, сонымен қатар тұрғын үйді жалдау ақысын ай сайын 91 890 теңге мөлшерінде шілде айына дейін алып келдік. Кейін үй жалдауға беретін көмектің қалған сомасын бір реттік төлеммен алып, оған өз қаражатымызды қосып, шілде айында Өскемен қаласынан екі бөлмелі пәтер сатып алдық. Қазіргі уақытта балаларымыз №35 орта мектепте білім алып, оған қоса спорт үйірмелеріне тегін қатысады, – дейді Севара Сирабекова.

Бүгінде жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, отағасы екеуі өз кәсіптерін ашқан. Өзі тапсырысқа торт пен тәттілер дайындаса, жұбайы Қанатбай «Дина» көтерме сауда орталығында сауда жасайды.

Осы айдарда

Back to top button