Мәдениет

«Алтай жұлдызы» – әлем жұлдызына бастар жол

Өскеменде ағайынды Абдуллиндер атындағы өнер колледжінің ұйымдастыруымен дарынды балалардың «Алтай жұлдызы» атты облыстық өнер байқауы өтті.

«Алтай жұлдызы» – әлем жұлдызына бастар жолБұдан бір апта бұрын ғана ағайынды Абдуллиндердің 100 жылдығы қар-саңында өткен еске алу кешінің жалға-сы іспетті бұл шараға облысымыздың түкпір-түкпіріндегі барлық мектептерден 300-ден астам дарынды бала қатысып, бақтарын сынады.

– Бұрын-соңды осынша көп үміткер қатысқан байқау болмаған шығар. Сондықтан байқауға қатысқан барлық өнерлі балаларға, олардың жетекші ұстаздарына алғыс айтамыз, тіпті жүлделі орын иеленбеген үміткерлерге де сый-құрмет көрсетеміз, – дейді колледж директорының білім жөніндегі орынбасары Айнұр Кәкеева.

Байқау жеңімпаздарын марапаттау салтанатында сөз алған облыстық білім басқармасы бастығының орынбасары Айжан Сыздықова:

– Бұл шараны өткізу туралы өткен жылдың күзінде колледжімізге арнайы келген облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ бастама көтерген еді. Әкім сол жолы, әсіресе, ауыл мектептеріндегі дарынды балаларды анықтап, олардың өнерін дамытуға жол ашатын шаралар ұйымдастыруды тапсырған болатын. Осы тапсырма негізінде қолға алынған «Алтай жұлдызы» байқауы табысты аяқталды, – деді.

Ән, музыка, би өнерлерінің барлық саласы, көркемсөз жанры сияқты 12 аталым бойынша өткен кең ауқымды байқауда әр аталым бойынша 1,2,3-орын тағайындалып, жеңімпаздарға дипломдар мен алғас хаттар тапсырылды. Байқау қорытындысында облыстық дарынды балаларға арналған музыка мектебінің оқушылары Әділет Сексенов фортепьянодан, Антон Титов үрмелі, ал Яна Коновалова шекті аспап бойынша бірінші орын иеленді. Қалған салада: қазақ халық аспаптары аталымында Өскемендегі №1 балалар музыка мектебінің оқушысы Айжан Дәлелханова, орыс халық аспаптарынан Курчатов қаласынан келген Степан Шаматаев, көркемсөз жанры бойынша Күршім балалар шығармашылық үйінің түлегі Назерке Ерғалиева, академиялық ән жанры бойынша семейлік Дарья Ляпина, халық әнінен Абай ауданындағы Ж.Кәрменов атындағы музыка мектебінің оқушысы Айсәуле Олжабекова бірінші орынды жеңіп алды.

Байқаудың марапаттау салтанаты өнер сайысы жеңімпаздарының гала-концертіне ұласты.

Бодаухан Тоқанұлы

Осы айдарда

Back to top button