«Алтай» қыздары қос кубокты иеленді
Өскемендік «Алтай» әйелдер волейбол клубы республика чемпионы атанып, Суперкубокты да жеңіп алды. Ақтық сында «Жетісу» командасын айқын басымдықпен ұтты.
Биыл чемпионаттың финалдық кезеңдері Тараз қаласында болды. Үшінші орынға «Қуаныш» пен «Алматы» командасы таласты. Ойын төрт партияға созылып, нәтижесінде Алматы алға шықты, Қызылжар қалып қойды. Ал финалда кейінгі жылдары нағыз бітіспес жауға айналған «Алтай» мен «Жетісу» ойнады. Алғашқы екі кезең талдықорғандықтардың еншісіне жазылғанымен, жерлестеріміз жеңісті жұлып алды. Бәсекенің қаншалықты тартысты болғанын ойын есебінен де көруге болады: 23:25, 22:25, 25:23, 25:11, 15:13.
«Алтай» капитаны Сана Анарқұлова чемпионаттың үздік ойыншысы атанды. Одан бөлек бұл атақ алматылық Инна Яковлева мен жетісулық Алеся Сафроноваға бұйырды.
Бір қызықты айта кету керек, кейнгі жылдардағы Суперкубок кездесуі екі команда үшін бірінші рет бейтарап аймақта болды. Әйтпесе бұған дейін үнемі Талдықорғанда немесе Өскеменде өтіп келген еді. Спорт мамандары мұны өте дұрыс шешім деп бағалады.
Сонымен, чемпионат финалында қатты қарсыласқан «Жетісу» қыздары Суперкубок үшін айқаста аса отты көрінбеді. Алғашқы үш айналымды түгел «Алтайдың» уысына ұстатты. Есеп: 25:16, 25:13, 25:23.
Тасқын Болатұлы