Әдебиет

АЛТАЙ ӘУЕНДЕРІ

. АЛТАЙ   ӘУЕНДЕРІ
Қалам қуатымен қалың қазаққа танылған жазушыларымыздың бірі – Төр Алтайдың түлегі Уахап Қыдырханұлы. Ол шығармашылық ұзақ жолын жөргегінде жер ауып барған Шыңжаңда бастап, туған жерінде шырайын кіргізіп, ширатып әкеткен. Елге оралысымен (1955 жылы) Қазақ мемлекеттік университетінің журналшылар факультетіне оқуға түсіп, оны ойдағыдай тәмәдаған. Алматының баспасөз әлемінде біраз жыл еңбектеніп, Шығыс Қазақстанның облыстық «Коммунизм туы» (қазіргі «Дидар») гәзеті редакциясына келді. Мұнда мәдениет және тұрмыс бөлімінің меңгерушісі болды. Кенді Алтайдың тарихы, өндірісі, еңбек саңлақтары жайында көркем туындылар жазды. Шығармалары шынайылығымен, ой тереңдігі, тіл тұнықтығымен назар аудартты. Редакцияда алғаш рет әдебиет үйірмесін ұйымдастырып, әдебиетке, өнерге икемі бар жастардың талабын ұштады.
Уахап екі жылдан соң Алматыға шақыртылып, Қазақ радиосы бас редакторының орынбасары, «Егемен Қазақстан» газетінде бөлім меңгерушісі, одан соң еларалық «Шалқар» газетінің бас редакторы болды. Осы міндеттерді мінсіз атқара жүріп, «Ант», «Шаңқай түс», «Таң нұры», «Тасқайнат», «Алтын ай», «Сағыныш саздары» (диаспоралық шежіре), «Әттең, Алтай – «Марқакөл» (Өр Алтай қазақтарының мысалында тұтас ұлт тағдыры толғанған кітап), «Өз елім – өзегім» жинақтарын шығарды. Жуықта осы кітабына «Халықаралық «Алаш» сыйлығы берілді.
«Шығысымның шырағы жансын! Шырайы ашылсын, шуағы нұрлана берсін! Көлдерінің көлемі кемімесін! Кендерінің көбесі сөгілмесін! Елінің ынтымағы ірімесін, ырысы ортаймасын!» – Жазушының бар шығармасының арқауы осы!
Көрнекті жазушының аударма саласындағы аса елеулі еңбегі – бізде ана тілімізде алғаш сөйлеген «Құран Кәрім. Қазақша мағына және түсінігі». 1991 жылы 250 мың данамен тараған қасиетті кітап 2002 жылы «Қазақстан Республикасының мәртебелі президенті Н.Назарбаевтың халыққа сыйы» ретінде екінші рет басылып шықты.
Уахаптың әдебиетке өлеңмен келгенін жас ақындардың 1960-жылғы «Жырға сапар» жинағында жарияланған «Сібір суреттері» топтамасынан білетінбіз. Қалтасы жұқа студент бір демалысында темір жолға жалданып, қарбыз тиелген бір вагонды апарып тастау үшін Қиыр Шығысқа жол тартады. Таусылмайтын Тайгадан, Байкалдың тауы менен көлінен Төр Алтайдың келбеттерін көреді. Көргендерін өлеңмен өре береді. Сонысына қарап, сірә, ақын боларсың, ақын болсаң табиғатқа жақын боларсың, дегенбіз. Тек, одан кейін өлеңі көрінбей кеткен, бірақ, әдеби әдеті қалмапты.
Қазақстан мәдениетіне еңбек сіңірген қайраткер Уахап Қыдырханұлы Шығыс Қазақстан облысының өскелең мәдениетіне, оның ішінде көркем әдебиетіне мол үлес қосқанын, өкінішке қарай, жерлестері жете білмей, лайықты қошемет жасамай келеді. Оның себебі, меніңше, бұл тым қарапайым қаламгерде өзін-өзі насихаттау, өзгеге насихаттату сияқты «өлермендік талант» жоқтықтан. Жасы 70-ке, сондай-ақ, 80-ге толғаны да облыстық деңгейде атап өтілмеді, Зайсанда бірер күн болуымен шектелді. Рас, «Зайсан қаласының Құрметті азаматы» деген атақ берілді, иә, ауданның емес, қаланың ғана.
Танымал қаламгердің жасы биылғы желтоқсанда 85-ке толады. Соны облыс әкімдігінің назарына жеткізуді мақсат етіп, Уахапқа да «құда түсіп», оның кексе көңіл көлеңкесінде жатып қалған сол өлеңдер жинағы қолжазбасынан, міне, «АЛТАЙ ӘУЕНДЕРІН» жерлестеріне газет арқылы ұсындым.
Ғаббас Қабышұлы,
жазушы
АЛТАЙ ӘУЕНДЕРІ
Уахап Қыдырханұлы

НҰР ҒАЛАМ
Шығыста тірлік ерте оянады,
Әуелі Алтай нұрға боялады.
Ерте қам жасағанның бәрі жақсы,
Шаруа ерте ширап, оңалады.

«Ерте тұрған ердің бір жұмысы артық»-
Ойлағанын орнына қоя алады,
«Ерте тұрған әйелдің бір ісі артық»-
Отына ырыс ерте оралады.

Ерте өріске шығарған түліктер де
Сонырқалап семіріп, қоң алады.
Ерте туған төлдер де ерте отығып,
Бағлан болып балбырап, өң алады.

Ертерек дәнін сепкен дихандар да
Егінінен өнімді мол алады.
Ерте баптап жаратса сәйгүлікті,
Аламанда бәйгені сол алады!

Ерте көшкен ауыл да елден бұрын,
Жақсы жұртқа жайғасып қона алады.
Ерте туған тұңғыш та ерте есейіп,
Отау тігіп, орда боп; тола алады.

Таңмен бірге таласа түндік түріп,
Ерте туған Алтайда күллі түрік.
Көктүрік-көп түрік боп тарап кеткен,
Ең әуелі алыңыз мұны біліп!

Көктүрік біле-білсең, кімнен туған?
Ежелгі Сақтан туған, Гуннен туған.
Сақ пен Гун жер тәңірі -Төр Алтайда
(Мағжан айтқан) Көк тәңірі – Күннен туған.

Мен дағы Төр Алтайдың түлегімін,
Лүпілі ол соғып жүрген жүрегімнің.
Тұп-тұнық тынысынан тірлік тауып,
Шыр етіп шын дүниеге кіре білдім.

Тал бесік бұйырмай тек Туған жерден,
Балақты бөтен жақта түре білдім.
Жел қуып, жер ауғанда жөргегіме
Қырсықтың қара жібін іле жүрдім.

Жүгірдім, жығылдым да, жыладым да,
Қайтадан қаз-қаз басып тұра білдім.
Қадірін туған жердің мың мәртебе
Шер жұтып, шет жақтарда жүре білдім.

«Әуеде ұшып жүрген ала құр-ды.
Адамнан адам артық анағұрлы.
Әркімді алсын Құдай өз елінде,
Жат елде қадірің жоқ бала ғұрлы»
( Шешемнің шері).
Қайта оралып, ту тігіп Туған жерге,
Қайта жасап, жадырап, күле білдім.

Айтайын бір шындықты, біл қарағым.
Тек қана туған жерің – НҰР ҒАЛАМЫҢ!
Өмірімнің мағынасы осы менің,
Жалықпай жазғаным да, жырлағаным!

Ардағым – алыс жүрсем сағынатын,
Жаббарым – жақын жүрсем жалынатын.
Алатын қайда жүрсем қайта тартып
Алтайым – менің алмас магнатым!

Жүдесем – жетіп барып ем аламын,
Шаршасам – шалқып жатып дем аламын.
Ешқандай алаңым жоқ Қарт Алтайым
Тұрғанда қалқаны боп шекараның.

Дегенмен, «Ине өткеннен – біз өтеді»,
Асудан алуан-алуан із өтеді.
Зауалын замананың ойлағанда –
(Ойда орыс, жонда жоңғар, қырда қытай)
Жүрегің тұз құйғандай тыз етеді.

Жүректі дір еткізіп, тыз еткізіп,
Жүреміз Туған жерді күзеткізіп.
Сезімді сеңгірде де сергек ұстап,
Келеміз сол күзетпен күн өткізіп!!!

ТАБИҒАТТЫҢ АЯСЫ
(Ойашар)
Табиғатқа болма достым құр ғашық.
Ғашық болсаң тау арала, қырға шық
Көкіректі кеңітіп ал, көсілтіп,
Қилы-қилы құбылыспен сырласып.
* * *
1
Тайсалма, тау арала, қияға шық,
Абайла, құлап кетпе қия басып.
Үркітіп алма анау ақиықты,
Қорбайып құзда жатқан ұя басып.

Құнығып қызыл етке құрты тасып,
Бөрі тұр бел астында сұрқы қашып.
Қуып жүр бірін-бірі екі қарсақ,
Таласып бір жемтікке жұлқыласып.

Ін қазып жатыр әне екі борсық,
Тозаңын топырақтың бұрқыратып.
Тарсылдап танаулары ақ бөкендер
Барады барқыт белден үркіп асып.

Келеді қырдан құлап кер құландар,
Ойнақтап құлын-тайы шүрқырасып.
Барады көкжиекке жөңкіріліп,
Алтайдың ақ жаңбырлы бұлты асып.

Қорбаңдап қоңыр аю ақырады,
Жаңғыртып қайталайды атырабы.
Үркіткен ақ бөкенді сол үрейлі үн
Бойыңа бір қорқыныш шақырады.

Жазықта жайылып жүр дуадақтар,
(Жалпылдап жәй ұшатын шұбалақтар).
Біреуін ұрып алсаң бір қазан ет,
Қамшы бас қаракерге, қуалап қал.

Қуып жүр кекілікті түлкі күшік,
Қарайсың қулығына күлкі қысып.
Шошынып ши түбінен бөденелер
Әр жаққа кетіп жатыр пыр-пыр ұшып.

Егер де көргің келсе қабыланды,
Ол-дағы осы орманнан табылады.
Тәкаппар тау тағысы нар бұланға
Шәуілдеп шибөрілер жабылады.

Бұлаңдап, бой көрсетіп Камшат – көрік,
Жортып жүр соңдарынан шамшаты еріп.
Көзіңе елестейді ару қыздың
Басындағы ақ ұлпа камшат бөрік.

Қырында жон жақтағы Бұқарбиік
Керіліп күн сүйіп тұр жұпар киік.
Тынысын табиғаттың теңестіріп,
Жүреді кіндігінен жұпар құйып.

Қалжырдың қара арғы жағына анық.
Барады бір елікті ағын алып.
Қарсы ұшқан Құламаға ускуштарды
Шаңқылдап шағала жүр қағып алып.

Көрдің бе, ана үш белдеу қарағайды?
Туристер соларды көп аралайды.
Төмені – Ну, ортасы – Дуқарағай,
Биігін Зу тоғай деп даралайды.

Нуы – аю, қабыландай аң жатағы.
Дуында жаздыгүні мал жатады.
Зуылдап күндіз-түні Зуқарағай
Ауаның құбылысын аңдатады.

Арутас, Арғымақтас, Алуантас.
Бұл тауда тастың бірі асыл алмас.
Ең қымбаты бабадан бізге қалған
Анау дөңде тік тұрған Балуантас.

Анда не, бұл жақта не болып жатыр?
Хикмет қилы-қилы толып жатыр.
Бағана сен кетерде қозғалған көш
Енді кеп Ақжайлауға қонып жатыр!

(Жан жоқ па, Құдайым-ау, Матайбайда,
Шомылып нұр мен суға Жатар-Жайда!
Қала ма елсіз-малсыз Баба жұрттар,
Байырғы атыменен аталмай да!

«Ен жайлау елсіз қалса құлазиды»,
(Қатырма қазір оған сірә миды).
Келбетін көргің келсе ата жұрттың
Алып шық ойдан тағы біраз үйді.
2
Ал енді, төмен қара Даракөлге,
Жолсызбен жағалауға бара көрме.
Қызығып қатпар-қатпар балықтарға,
Қабақтан қармағыңды сала көрме.

Құз құрдым, су тұңғиық, құлап кетсең,
Қайтадан шығу қиын қара жерге.
Көресің тұнық көлді түпке дейін,
Тұрсаң да асқар биік ана белде!

Көз жібер айна көлдің аймағына,
Ап-айқын айпарадай қай жағы да.
Қайнаған қайраңдарда құс базары
Ұқсайды тай қазанның қаймағына.

Жан-жақтан алпыс арна құйып жатыр,
Бәрі де бір сабаға сыйып жатыр.
Көлемі артылып, не тартылмайды,
Кірген су бір Шүмектен шығып жатыр.

Жүздіріп аққулар жүр көгілдірін
Көмейден күміс әнін төгілдіріп.
Бір сәтке тербетіліп тәтті әуенге,
Алғандай боласың сәл көз ілдіріп.

Қалбайған қара құстан қара бүйрек,
Қорғап жүр балапанын қаз бен үйрек.
Әкетіп бара жатыр екі құндыз,
Бір үлкен бөренені сумен сүйреп.

Секіріп қарағайдан қарағайға,
Ақ тиін асыр сап жүр анадайда.
Көресің суреттерін су бетінен
Шалқайып қарағайға қарамай да!

«Шетіне орамалдың түйдім сусар,
Көп жылқы көк-алалы көлде жусар!»
Көр-дағы көлде жүзген сусарларды
Біржанға бір басып ал – «Жамбас сипар!»

Айна көл – табиғаттың аппараты,
Тылсым қып әуел баста Хақ жаратты.
Аш тағы айна көлдің камерасын
Жазып ал жатқан барлық ақпаратты!
(Ойжабар)
Таппайсың таудан асқан Саяжайды.
Сал самал, ақ нұрымен аялайды.
Суды сүй, нуды сыйла, аң-құсты ая,
Табиғат рақымын аямайды.

АҢШЫНЫҢ ҮЙІ
Жол жатыр төскейге өрлеп, иірілген,
Самсатып қарағайға тиін ілген.
Орманның бір алаңқай иығынан
Аңшының көзге түсті үйі бірден.

Көк түтін көтерілген көкке шумақ,
Жемтікке жапырлайды құзғын шулап.
Қайыңын екі беттің көлеңкелеп,
Төменде асау өзен жатыр тулап.

Қарағай тұр қанатын буға жайып,
Сары тазы сіңіп кетті нуға ғайып.
Желбегей бір жас жігіт жағада отыр,
Терісін қара орманның суға шайып.

Кермеде қара арғымақ осқырады,
Қасында құла құнан бос тұр, әне.
Қарайды орман жаққа елең-елең,
Шәншіліп шекесінде қос құлағы.

Мойыны көк тұйғынның қылтылдайды,
Тепкілеп көк тұғырды бір тынбайды.
Сусылын қаз, үйректің сезіп қалып,
Астынан томағаның тың тыңдайды.

Жабықта шаншулы тұр қамыс құрық,
Самалмен солқылдайды сәл ысқырып.
Қалбайып бір қарақұс келіп қонды,
Бұтағын қарағайдың майыстырып.

Қос тиін қарғып шықты бәйтерекке,
(Таппайсың табиғатқа айтар өкпе.)
Самсатып бұтағына ақ байлапты,
Ол-дағы ұқсамайды жәй терекке.

Жағада қалың қамыс жайқалады,
Аспанда бір қыран құс байқалады.
Қарқылдап қарға-құзғын қамалап жүр,
Бойында басылмаған сайтаны әлі.

Бүркіп тұр жақпар тастан су атылып,
Төменде бұрқылдайды тұма тұнық.
Аспанды айырплан сызып өтті,
Соңынан көк түтіні шұбатылып…

Жол жатыр төскейге өрлеп, иірілген,
Ақ шабақ шолп етеді иірімнен.
Айдынға қармақ тастап бір ару тұр
Жартастың суға төнген иінінен!!!

БАЙҚАЛ – АЛТАЙ
Тауда туып, таста өсіп ем сайрандап,
Мынау тұма – біздің Суыққайнар нақ.
Бір туған ба Байқал тауы Алтаймен,
Айнымайды-ау, қарай берем қайран қап!

Сайы терең, таулары асқар, тас биік,
Тастан-тасқа секіреді жас киік.
Түлкі аңдыған Ақиықтай шыңдары
Жоғарыдан тұр топшысын тас түйіп.

Қыраулаған құздарының бастары,
Көліменен шағылады астағы.
Шарайнаға толқындатып бұрымын
Ырғалады бауырындағы жас талы.

Бұйра жоннан желк-желк етіп желегі,
Желпінеді самырсыны, терегі.
Жас баладай алақай сала лепіріп,
Қарғып түсіп, қалып қойғың келеді.

Әр саласы лықа толған тіршілік,
Құр өспеген күн таласып бір шыбық.
Табиғаттың тіліменен үн қатсаң,
Әр бірінен тұр өзінше жыр шығып.

Бір құлдилап, созыла асып бір өрден,
Пойыз сүңгіп өтті талай туннельден.
Күмбірлеген тау сарайы жап-жарық,
Емес туннель бұрынғыдай түнерген…

Байқал тауы – Ұлы дала арқасы.
Таусылмайтын қазынаның қалтасы.
Ақиықтар ұя салған шыңдары
Бейне біздің Құзғындының Жартасы!

Байқал көлі – Азияның алқасы,
Табиғаттың таңғажайып Қалқасы.
Алтайдағы біздің Марқакөліміз
Осы көлдің маңыраған марқасы.

Айнымаған бір-бірінен түр-өңі,
Гүл көмкерген жиегі мен түбегі.
Ағып шыққан Ангараның алқымы
Тұпа-тура Марқакөлдің Шүмегі.

Әр суретке өте алмайсың қарамай.
Қарайсың да қуанасың баладай.
Ұшар басы бұлтты тескен анау шың
Ұлар ұшқан біздің – Ұранқарағай!

Табанында жататұғын тас қайнап,
Анау аңғар тура біздің Тасқайнат.
Мал өсірсек мыңғыртып біз ол жерде,
Тас қайнатып жатыр мұнда жас қайрат!

Анау алқап – ол да біздің Ақжайлау,
(Қарай берсең құмарың бір қанбайды-ау.)
Жонда тұрған аппақ-аппақ Сарайлар,
Жайлаудағы ауылдардан аумайды-ау!!!

Деп аталған мынау «Орыс орманы»
Өр Алтаймен жалғасады ол-дағы.
Желдің өтін, жаудың бетін тосатын,
Сарыарқаның шығыстағы қорғаны.

Өр төсінде ат ойнатқан Сақ бабам,
Айпарадай ізі жатыр ақтабан.
Алтайдағы тасқа жазған тарихтың,
Әлқиссасы осы арадан басталған.

Өткен не бір шат заман да, қат заман,
(Оның бәрін қалай айтып, ақтарам).
Басыңа бұлт төнер болса Байқалдың,
Өр Алтайдан «АТТАН!» сала аттанам!!!
.
…Атыраптың қанбай келем сырына,
Тоқта, досым, шығайын бір шыңына.
Тік шырқаудан қомдап шабыт қанатын,
Самғайын кеп жырдың келер тыңына!

ТАЙГА
Жүйткіп келем Шығыс бойлап, Тайгалап,
Көз тартады орманды алқап, сайлы алап.
Сал Сібірдің қоңыр салқын самалы,
Көк вагоннан бет сүйеді аймалап.

Сыңсыған ну ұзын жолдың жиегі,
Қыз балтырлы қайыңдар бас иеді.
Көк өрімді, көгеріңкі аймақтан
Тұнық бір леп жанға жәйлі тиеді.

Балаусасы, бал құрағы балбырап,
Бұраңдаған мөлдір бұлақ, бал бұлақ.
Сылдыр-сылдыр күлкісімен қытықтап,
Санаңда бір сырлы сезім қалдырат.

Зыр айналып автоматтың ұршығы,
Тілгі араға фарын төгіп тұр шыны.
Әр теректің түбі еңбектің ошағы,
Дүлей нудың жоқ бұрынғы тылсымы.

Әне ауыл, әне сәнді қалашық.
Үй еңсесі бәйтеректен әрі асып.
Заводтардың самаладай мұржасы,
Бой созады айға ұмтыла таласып.

Көп-ақ, шіркін, жаза берер түр қызық,
«ТУ-114» өтті аспанды бір сызып.
Сәулесімен сұлу төсін сипалап,
Ақ пароход алып Обьты жүр сүзіп.

Көркем неткен Солтүстіктің алқабы,
Көрген сайын көңіл күйің артады.
Шарықтаған қиялыңды жетелеп,
Сүңгіп пойыз бірден-бірге тартады.

Қайда Шығыс, соғып келем Тайгалап,
Еліктіріп орманды алқап, сайлы алап.
Аспан ашық, көк жиегін көтерген,
Табиғатқа төбеден тұр ай қарап!

КЕШ
Көкжиекке шоғырланып ала бұлт,
Кешкі дала күңгірт тартып барады.
Табиғатты құшаққа алып қара ымырт,
Маужыратып ұйқы басты даланы.

Күн бойына балшық қазып, нәр жиған,
Бар тіршілік бола қалды тым-тырыс.
Әр бұтаққа сорғалатып ән құйған,
Ұясына қонды барып әнші құс.

Бұлбұл мүлгіп кетті ұйқыға бақтарда,
Дегендей-ақ «Тау ұйқысын бұзбалық».
Күншіл бақа шырылдайды шатқалда,
Табиғаттың тыныштығын қызғанып.

Бірер күншіл болғанменен бақылдақ,
Берекесін бұза алмайды халықтың.
Бақа, мейлі, жата берсін бақылдап,
Тау елемес ондайларды, алып тым.

Күншілдердің қызғанышын қоздырып,
Қара бұлт, тек, шақпағыңды шақпашы!
Жайлы іңірде алсыншы бір ол мызғып,
Асқар таулар – тіршіліктің вахтасы!!!

КҮЗ
Жас қайыңның жапырағы сарғайған,
Ызғырықпен ұшып түсті қалтылдап.
Бақ ішінде сары шымшық салмайды ән,
Қара қарға жел шақырады қарқылдап.

Бозарыңқы күнгейдегі көк құрақ,
Аунасаң да үстіңе ніл жұқпайды.
Қой соңында бүрсеңдеген бөрте лақ,
Сары ешкінің бауырына ықтайды.

Бала шопан қой өргізген ертемен,
Шекпенінің апты етегін қусырып.
Ширақ басып шопан мінген кер төбел,
Пысқырады танауынан бу шығып.

Түтіндігін кең ашқанмен жиырып,
Түрілмеген ақбоз үйдің іргесі.
Таңнан жортар қара төбет бұйығып,
Босағада әлі жатыр, бұл несі?

Төрт мезгілдің жыл айналма көшінен
Тұрмын бүгін ерекше бір із көріп.
Табиғатқа таң қалайын несін мен,
Бұл өңірге аялдапты күз келіп.

Осы айдарда

Back to top button