Мәдениет

Алтай тарихы – адамзат тарихы

Бүгінде әлемнің археолог ғалымдарының назары Алтайға ауып отырғаны шындық. Облыс басшысы Даниал Ахметовтің қолдауымен соңғы төрт-бес жылда археологиялық қазба жұмыстарының қарқынды жүргізілгені де ақиқат. Биыл да археолог ғалымдардың қанжығалары бос емес. Жемісті жұмыс нәтижелері «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты ғылыми-тәжірибелік конференциясында паш етілді.

 Конференция қонақтары мен қатысушылар ең алдымен өңірдегі қазба жұмыстарының нәтижесінде табылған жәдігерлер мен ұлттық қолөнер шеберлерінің көрмесін тамашалады. Берел, Шілікті, Елеке  сазы қорымдарынан  табылған алтын бұйымдар мен Алтын адам, Үржар ханшайымының көз тартар мүсіні, әсіресе, шетелдік қонақтардың қызығушылығын тудырды.

Облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова тізгінін ұстаған халықаралық конференцияға Зейнолла Самашев, Әбдеш Төлеубаев сындық отандық ғалымдармен бірге Франция, Түркия, Әзірбайжан, Ресей елдерінің де ғалымдары қатысты. Халықаралық конференцияға еліміздің Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Бақытжан Темірболат, Түркияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Невзат Уянык, Кореяның Қазақстандағы елшісі  Хан Ман Чун, Үндістанның Қазақстандағы елшілігінің бірінші хатшысы, Свами Вивекананда атындағы үнді мәдени орталығының директоры Санджай Гарг қатысып, қатысушылардың жұмысына жылы лебіздерін білдірді.

Облыс басшысының орынбасары атап айтқандай, аймақта археология саласындағы іргелі зерттеулер  2016 жылдан басталған болатын. Арнайы бағдарлама іске асырылғаннан бері Берел, Шілікті, «Елеке Сазы» қорғандарынан  ғалымдар 25 мыңнан астам көне артефакт тауып, Ұлы дала тарихын жаңа қырынан тануға жол ашты. Қазба жұмыстары нәтижесінде табылған тарихи жәдігерлер әлем ғалымдарының қызығушылығын тудыруда.

Конференцияда Зейнолла Самашев «Қола дәуірі мен ерте ортағасыр кезеңіндегі Алтай-Тарбағатай» тақырыбында арнайы  баяндама жасаса, Әбдеш Төлеубаев Шілікті жазығы мен Тарбағатай тау бөктеріндегі ежелгі және ортағасырдағы ескерткіштер туралы әңгімеледі.

Биыл  Зейнолла Самашев бастаған ғалымдар тобы  археологиялық қазба жұмыстарын  Өскеменнен жиырма шақырым жерде орналасқан Ақбауыр археологиялық ескерткіштерінен  бастапты. Сәуірдің аяғында басталып қыркүйекке дейін жалғасқан қазба жұмыстары нәтижесіз де емес. Осы жерден  сақтардың көне қоныстары табылған.   Бұл халқымыздың мал шаруашылығымен ғана айналыспай, отырықшы өмір кешкенінің де айқын дәлелі болса керек. Дәнүккіштер, керамикалық ыдыстардың сынығы, қайрақ тастар мен жылқы, қой, ешкі сүйектерінің көп мөлшерде табылуы бұл болжамды растай түседі. Зейнолла Самашевтың айтуынша, табылған жәдігерлер шамамен б.з.д. ХІ-ІХ ғасырларға, яғни қола дәуірінің соңы мен ерте темір дәуірінің басына тиесілі. Ғалым бұл жаңалық тарихымызды қайтадан зерделеуге мұрсат беретінін айтады.

Ал археолог ғалым Әбдеш Төлеубаев бастаған ғалымдар тобы биыл «Елеке Сазындағы»  он қорғанды зерттеп, көптеген ғылыми жаңалықтардың куәсі болыпты.

-Қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлердің әрқайсысы ғылым үшін жаңа материал береді.  Мысалы, әскери екі дөңгелекті арбаны алайық, соның әшекейлері бұрын Қазақстанда да, осы Шығыс Қазақстанда да табылмаған болатын. Сондай-ақ №72 обадан табылған бала құшақтаған әйелді де біздің  дәстүріміздің ерекше бір рухани қазынасы дер едім. Мен жалпы әр қазба жұмысы сайын Еуразия аумағында сақтардың мәдениеті осы Шіліктіден басталатынына көзім жете түседі, – дейді ғалым.

Сондай-ақ конференцияда Түркиядағы Едитепе университетінің тарих бөлімінің жетекшісі, профессор Ахмет Ташағыл «Қытай дереккөздері бойынша ежелгі түріктердің тарихы», Әзірбайжан Ұлттық ғылым Академиясының Археология және этнография институтының жетекші ғылыми қызметкері, доктор Тахира Шахбазова «Әзербайжандағы қыпшақтар: топонимдерде сақталған тарих» тақырыбында баяндамалар жасады.

Ал Семей қаласындағы Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң  университеті жанындағы «Алаштану» ғылыми-орталығының директоры Тұрдықұл Шаңбай Хан Алтай фәлсәфасы туралы ой қозғады.

Тұрдықұл Шаңбай өз сөзінде  кеңес дәуірі кезінде Моңғолиядан мыңдаған, миллиондаған малды Алтай арқылы  айдап Семейдің ет қомбинатына жеткізгенін,  ол кезде жолдың болғанын,  кейін екі ортаға шекара салынып, Бай өлкедегі қандас бауырларымыз төте жолмен келе алмай, екі мың шақырым жолды айналуға мәжбүр болып отырғанын да   мәселе етіп жеткізді. Алтайдың ұшар биігі – Мұзтау екені де сөзсіз. Ендеше біз сол Мұзтаудан айырылып қалған жоқпыз ба? Тұрдықұл Шаңбай сол Мұзтауға оншақты рет Қазақстан жағынан баруға талпынғанын, бірақ сәті түспегенін айтты. Өйткені, Ресейдің шекарашылары ешкімді Мұзтауға жібермейді. Ендеше неге осынау мәселелер ашық айтылмайды?

Алтайдың өзіне құрмет керек. Оны қорғауымыз қажет дейді ғалым. Сондай-ақ Т.Шаңбай облыстық «Дидар» газетінің атауын «Хан Алтай» деп өзгертсе, жарасымды екенін де жеткізді.

Ал академик жерлесіміз Ғарифолла Есім «Абай жолы – елдің жолы»  тақырыбында әңгіме өрбітіп, Алтайдың тағы бір қазынасы – Абай екенін, әр адам Абайды тануға ұмтылуы қажет екенін айтты.

Осынау шара С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-де жалғасын тапты.

Жалпы, облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпованың айтуынша, бүгінгі таңда облыста археология музейінің   жобасы әзірленіп жатқан көрінеді. 2016 жылдан бергі қазба жұмысы нәтижесінде табылған жиырма мыңнан астам  жәдігер  сол музейден орын алатын болады.  Сондай-ақ алдағы жылы Лондонда көрме өткізу де жоспарда бар екен.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button