Спорт

«Алтай» – ел кубогының иегері

Нұржан Кенжеұлы

«Алтай» жеңісті жолын жалғастыруда. Осыдан біраз бұрын Тайландта өткен клубтар арасындағы Азия чемпионатынан жеңіспен оралған жерлестеріміз елішілік аренада да қарсылас шақ келтірер емес. Күні кеше ғана аяқталған Қазақстан кубогы үшін жарыстың финалында «алтайлықтар» бітіспес қарсыластары саналатын «Жетісу» волейболшыларын тізе бүктіріп, тағы бір айтулы жүлдеге қол жеткізді.

Айта кетейік, ел кубогы үшін биылғы жарыс Өскеменде ұйымдастырылған болатын. Әдеттегідей, бұл жолы да финалға соңғы жылдары өзге қарсыластарынан оқ бойы озып тұрған «Алтай» мен «Жетісу» шықты. Өскемендіктер мен талдықорғандықтар арасындағы аталмыш кездесу тартысқа толы болды.

Алғашқы екі партияда мерейі үстем болған (25:22, 25:16) «Алтай» ойыншылары өз жеңісіне тым ерте сеніп қойған болуы керек, үшіншісінде алаңда сылбыр қимылдай бастады. Мұны байқаған «жетісулықтар» бірден қарқынын үдетіп, тез-ақ таразы басын теңестіріп кетті. Үшінші және төртінші кезеңдердегі есеп 20:25, 25:27 «Жетісу» пайдасына. Жеңістің уыстан шығып бара жатқанын сезген жерлестеріміз бесінші, соңғы кезеңде жинақылық танытып, қателікке бой алдырмады. Нәтижесінде Сана Анарқұлова бастаған аруларымыз 15:11 есебімен жеңіске жетті. Қорытынды есеп: 3:2.

Осылайша, өскемендік ұжым ел кубогы үшін жарыстардағы жеңістер санын төртеуге дейін жеткізді. Еске салайық, бұған дейін «Алтай» волейболшылары 2017, 2018 және 2019 жылдардағы додаларда топ жарған еді. Енді сәл демалыстан кейін Марко Гршич баптайтын ұжым ел чемпионаты мен желтоқсан айында Түркияда жалауын желбірететін клубтық Әлем біріншілігіне дайындығын бастайтын болады.

Осы айдарда

Back to top button