Спорт

Altay Champions топ жарды

Облыс орталығында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына арналған футболдан әуесқой командалар арасындағы Өскемен қаласының чемпионаты мәресіне жетті. Мерейтойлық доп додасында қала әкімі Жақсылық Омар бастаған «Altay Champions» командасының мерейі үстем болды.

Барлығы тоғыз команда қатысқан биылғы жарыс өте тартысты өтті. Бұл туралы облыстық футбол қауымдастығының атқарушы директоры Оралбек Адылханов айтты. Оның пікірінше, турнирдің қызықты әрі тартысты өтуіне бірнеше себеп бар.

– Әрине, ең басты себеп қалада пандемия салдарынан біраз уақыт ешқандай жарыстың ұйымдастырылмай қалуы болғаны анық. Футболшылар жасыл алаңды әбден сағынып қалыпты. Турнирге қатысқан барлық команда барын салып ойнады. Дегенмен бұл жолғы бәсекеде «Altay Champions» командасына тең келер ешкім болмады. Әсіресе, чемпионаттың үздік ойыншысы атанған Жақсылық Омардың өнерін атап өткен орынды. Жарыс аясында сегіз кездесу өткізген чемпиондар оның жетеуінде жеңіске жетіп, бір ойынын тең аяқтады. Енді олар екінші және үшінші орын алған командалармен бірге алдағы уақытта өтетін облыс біріншілігінде бақ сынайтын болады, – дейді Оралбек Адылханов.

Белгілі болғандай, биылғы доп додасында 22 ұпай жинаған «Altay Champions» командасынан кейінгі екінші орынға «Алтай-2005» ФО клубы тұрақтапты. Олардың қоржынында – 16 ұпай. Ал үздік үштікті «Ertis-Glubokoe» командасы (15 ұпай) түйіндеді. Жоғарыда айтылғандай, дәл осы үш ұжым алдағы уақытта ұйымдастырылатын облыс чемпионатына қатысатын болады. Осы ретте, облысішілік бәсекеге өскемендік командалардан бөлек, Семей қаласының біріншілігінде жүлдегер атанған үш клуб пен аудандар арасындағы додада үздік нәтиже көрсеткен үш ұжым жолдама алғанын айту керек.

Жарыс соңынан ұйымдастырылған марапаттау рәсіміне облыстық футбол қауымдастығының президенті Владимир Головатюк бастаған бір топ лауазымды тұлға қатысып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге кубоктар, медальдар мен алғыс хаттар тапсырды. Марапатау рәсімінің соңы мерекелік отшашуға ұласты.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button