«Алтай» бесінші кубогына бір табан жақындады

Нұржан Кенжеұлы
Өскеменнің «Алтайы» Петропавлда өтіп жатқан Қазақстан кубогы үшін жарыстың финалына жолдама алды. Доп додасының жартылай финалында жерлестеріміз ішкі аренада бітіспес қарсыласы саналатын «Жетісу» командасын 3:0 есебімен талқандады.
Жалпы, биылғы жарыс барысында «алтайлық» волейболшылар бірде-бір ойында ұпай жоғалтқан жоқ. Топтық кезеңде барлық қарсыласын айқын басымдықпен жеңген қыздарымыз плей-офф кезеңінде де білгенінен жаңылмады. Осы ретте, «Алтайдың» жарыстың шымылдықашар ойынында алаң иелері «Қуаныш» командасын 3:0 есебімен ойсырата жеңгенін ерекше айтқан жөн. Естеріңізге салайық, биыл Семейде жалауын желбіреткен клубтық Азия біріншілігінде жерлестеріміздің жолын дәл осы қызылжарлық ұжым кесіп, нағыз сенсацияның авторы атанған болатын. Ал бұл жолы өскемендік команда Азия чемпиондарына матчты қойып, бірде-бір партияны ұстатқан жоқ. Ойынның алғашқы кезеңін 25:9 есебімен өз пайдасына аяқтаған «алтайлықтар» қалған екі партияда да ірі есеппен (25:10, 25:11) жеңіске жетті. Сөйтті де, петропавлдықтардан Семейде кеткен есесін қайтарғандай болды.
Көп ұзамай «Қуаныштың» кебін «Жетісу» де киді. Жарыстың жартылай финалында ел чемпиондарымен жолы түйіскен талдықорғандық команда Сана Анарқұлова бастаған қыздарымызға еш қарсылық көрсете алмай, 0:3 есебімен жеңіліс тапты. Бұл ойынның партиялары 15:25, 13:25 және 13:25 есептерімен аяқталды.
Ал финалда өскемендіктерді тағы да сол «Қуаныш» күтіп тұр. Бұл жолы «Алтай» волейболшылары Семейдегі қателікті қайталамай, сенімді жеңіске жетеді деген үміттеміз.
Тағы бір айта кетер жайт, Петропавлдағы жарыс қарсаңында команданың бапкерлік құрамында бірқатар өзгеріс болған-ды. Оның ең негізгісі – бас бапкер қызметіне Юрий Панченконың тағайындалуы болғаны сөзсіз. Көзі қарақты жанкүйер қауым ресейлік маманды жақсы тануы тиіс. Себебі, ол бұған дейін де, яғни 2017-2019 жылдар аралығында «Алтай» тізгінін ұстаған болатын. Ол кезде Панченко жаттықтырған команда елішілік жарыстардың барлығында жеңіске жетіп, тек Өскеменде өткен Азия чемпионатында жүлдесіз қалған еді.