Аймақтар аухалы

Алтай ажарланып келеді

Алтай ажарланып келеді


Алтай ауданының жұртшылығымен жүздескен облыс әкімі Даниал Ахметов өңірдегі барша тұрғындарды елдімекендерді, аула-көшелерді абаттандыру, көгалдандыру және тазалау жұмыстарына белсенді атсалысуға үндеді.

Ауданға жасаған кезекті іссапары барысында аймақ басшысы өңір жұртымен арнайы кездесу өткізді. Облыс әкімі алдымен барша алтайлықтарды алда келе жатқан ұлық мереке – Жеңіс күнімен құттықтады. Отан үшін от кешіп, жан қиған аға ұрпақты есте сақтау, қадір тұту – біздің қастерлі парызымыз екенін еске салған Даниал Ахметов көшелер мен мектептерге нақ осы жерлес батырлар мен еңбек ерлерінің есімін беру керектігін атап көрсетті.

– Біздердің аталарымыз, әкелеріміз бүгінгі бейбіт заман үшін өмірлерін қиды, тер төге еңбек етті. Сол батыр бабаларымызбен мақтануға, олардың ерлік істерін, еңбек жолдарын өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге ретінде жеткізуге тиіспіз, – деді облыс әкімі.

Жиында аймақ басшысы ауданда жөнделген жолдар бойынша есеп беріп, бұл істің биыл да қарқынды жалғасатынын атап көрсетті. Осы жылға аудан көше-жолдарын қалыпқа келтіруге 300 миллион теңге қарастырылып отыр. Егер аудан бұл қаржыны толық игеріп шықса, қосымша тағы да қаражат берілетін болады.

Жолдардан бөлек, инфрақұрылымға да көңіл бөлінбек. Атап айтсақ, Алтай қаласындағы ескірген су құбырларының біраз бөлігі ауыстырылады.
– Осы жылы аудан орталығының сумен қамту жүйесін жаңартуға бір миллиард теңгеден астам қаражат аударылып отыр. Бірнеше жылдың ішінде құбырлар толық дерлік ауыстырылмақ шықпақ. Үйлерде қыста жылы болуы үшін Алтайдың қазандығына қуатты генератор орнатамыз, – деді Даниал Ахметов.
Жиында елдімекендердің сыртқы келбеті ерекше сөз болды. Бұл ретте тек Алтай қаласына ғана емес, сондай-ақ өзге де ауылдар мен кенттерге көңіл бөлген абзал.

Төртінші деңгейлі бюджетке көшкен ауылдық округтер 10 миллион теңгеден қаражат алмақ. Сол ақшаны қалай тиімді жұмсау керектігін жергілікті қоғамдастық мүшелері анықтайтын болады. Бірақ мәселенің бәрін тек қазына қаржысымен ғана шешу – дұрыс емес. Ауласындағы қоқысты тазарту, үйінің, қора-қопсысының сыртын сылап, әктеу, қашасын түзету секілді жұмыстарды әркім өзі атқаруы керек.

– Аудандарыңыздың табиғаты қандай керемет, көрсең көзің тоймайды. Ендеше осы өңірдің ауылдары мен қалалары да дәл сондай әдемі, таза, жасыл, жайлы болуы керек қой. Елдімекендердің ажарын кіргізуге тұрғындар да атсалысуы керек. Өзіміз тұратын үйдің маңын таза ұстауға немесе сыртын сырлап қоюға көп қаржының қажеті шамалы. Осы бір іске ерекше көңіл бөлейікші, – деген облыс әкімі игі іске жергілікті депутаттар мұрындық болуы керектігін атап көрсетті.

Аймақ басшысы абаттандыру бойынша тұрғындар тарапынан қолға алынған әрбір іске атқарушы билік қаржылай көмектесетінін жеткізді. Үздік ықшам аудандарға балалардың ойын алаңдары, демалыс аумақтары, автотұрақтар, жолдар салынбақ. Бұл жұмыстар жүріп те жатыр. Соңғы жылдары ауданда бюджет есебінен көшелер мен жолдар жөнделді, гүлзарлар мен көгалдар егілді. Мұнымен қоса, биыл аудан орталығындағы бірнеше аула абаттандырылмақ.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button