Алтай аулында игі ашар өткізді

Әр адамға туып-өскен, еңбек еткен ауылы ыстық. Бұл – адам болмысына жазылып қалған ұлттық код. Басқа ұлтты қайдам, қазақ үшін туған жер – оттан да ыстық.
Тамыз айының жайма-шуақ күндерінің бірінде Марқакөл өңіріндегі Ақбұлақ ауылдық округіне қарасты Алтай (Бақай) ауылының еліміздің әр қалаларында тұрып жатқан азаматтары «Болашағы жоқ ауыл» деп маңдайына «мөр» басылған, бұл күнде санаулы ғана үй қалған ауылдарына жиналды.
Жай жиналған жоқ, біраз шаруа атқарып қайтты. Алдымен, құлазыған ауылда мәңгілік мекендерінде жерленген туған-туыстардың рухына бағыштап үлкен ас берді. Бұның алдында осы азаматтардың ұйымдастыруымен ауыл шетіндегі қорым қоршалып, басқа да біраз шаралар атқарылған болатын. Бұл шараларға бір миллион теңгеден астам ортақ қаржы жұмсалды.
Сол игілікті шаралардың барлығы атқарылып біткен күні жан-жақтан туған ауылға ағылған азаматтардың қарасы көбейді. Бұл күні үлкен астан өзге, түрлі спорттық шаралар ұйымдастырылды, балуандар күресі өткізілді.
Қазір Өскемен қаласында тұратын кәсіпкер Кәкен Төлеуов осы ауылдың тумасы, бұл күнде марқұм болған досы Омаштың атындағы арнайы жүлде тікті. Осы жүлде жолында күш сынасқан балуандардың ең мықтысы анықталып, ол балуанға жүлде салтанатты түрде тапсырылды.
Алтай ауылынан түлеп ұшқан Ақылбек Толғанбаев, Мақсат Бекжанов, Айдар Мәми сияқты азаматтар осы игілікті шаруаның басы-қасында жүрді.
-Туған ауылы әркімнің жүрек түкпірінде мәңгі сақталатын қасиетті ұғым. Ауылын ардақтай білген азамат елін де қасиет тұтады. Сондықтан туған жер төсіндегі мұндай шараларды жиі өткізіп тұрған жөн, – дейді шараның басты ұйымдастырушыларының бірі К.Төлеуов.
Кәкен ағамыздың өзі бұрынғы Приречный орталау мектебінде ұзақ жылдар ұстаздық қызмет етті. Балалық, жастық шағы көршілес Қарой ауылында өтсе де, бұл ауылды өзіне бөтен санамайды.
Қара Ертіс бойында жатқан Боран ауылдық округіне қарасты Қазақстан ауылы (ескіден келе жатқан атауы Шығанши) кіндік қаны тамған жері. Бұл ауылда қазақтың тұңғыш классикалық романы ретінде аталатын Жүсіпбек Аймауытовтың атақты «Ақбілек» романының бас кейіпкерінің прототипі саналатын Дариға апамыз болыстық еткен.
Амандық болса, алдағы жылы мұндай шараларды осы Қазақстан-Шығанши ауылында да өткізсек дейді. Ол үшін бұл ауылдан түлеп ұшқан азаматтарды осындай игілікті іске ат салысуға шақырады.
– Бүкіл Марқа өңіріне аты мәлім үлкен молда болған атамыз Төлеу Рыспайұлы жерленген жол бойындағы ескі қорым осы ауылдың тұсында. Ата басына ескерткіш-белгі қоюды да жоспарлап отырмыз. Кейін, бәлкім, жоғарыда айтқан Дариға апамызға арналған шағын мемориалдық белгі орнатқан да дұрыс болар,- деп ұсыныс айтады Кәкен.
Сайлау Өміртай
Өскемен.