Шағын кәсіпкерлік

 АЛТАЙҒА ӘЙГІЛЕГЕН БРЕНД ЖАСАП БЕРДІ

Бүгінгідей күрделі де қиын кезеңде кәсіпкерлер әрбір тұтынушы үшін,  әр апта,  әр ай үшін күресіп, барын салып жатыр. Нәпақасын шағын және орта бизнестен тауып келгендер кәсібі тоқтап, қызметі тоқырап қалмас үшін  пандемия жағдайына қарамастан  «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында мемлекеттік көмек, қолдауларды да тиімді пайдаланып отыр.

АУЫЛДАҒЫЛАР ДА ҚАТЫСА АЛАДЫ

«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы  аясындағы «Аға сеньорлар» бағдарламасы облыс кәсіпкерлерінің бизнесін, кәсібін дамытуға жағдай туғызу мақсатында жасалған. Аталған бағдарлама бойынша бұрын кәсіпкерлерге тек шетелден шақырылған сарапшы мамандар көмекке келсе, қайтадан шектеу қойылып, шетелдермен әуе қатынасы азайып, тоқтатылып жатқан қазіргі карантин кезінде олардың жұмысын алға бастыруға отандық сарапшылар тартылып отыр.

«Аға сеньорлар» бағдарламасы шетелдік, отандық сарапшылардың білімін пайдаланып, кәсіпкер кәсібінің  салалық ерекшеліктерін ескере отырып, кәсіпкер құзіретін арттыруға, бизнесін басқарудың жаңа әдістерін үйретуге, өндіріс технологияларын, маркетингті және  жұмысшы, қызметкерлерді оқытуға, үйретуге қатысты  сұрақтар бойынша кәсіпкерлік субъектісінің иесіне, мүшелеріне бағдар, кеңес беріп, тәжірибе алмасуға бағытталған. Кәсіпкердің өнімі мен бизнесін, қызметін алға жылжытуға арналған. Бағдарламаға жылдық айналымы 5000 айлық есептік көрсеткішке жететін, экономиканың түрлі секторында жұмыс істейтін қаладағы, ауылдағы кәсіпкерлік субъектілері қатыса алады.  Қатысуға ниетті ауыл кәсіпкерлері аудандағы кәсіпкерлер палатасы филиалының мамандарына баруы қажет,  өтініштерін онлайн түрде де бере алады,деп түсіндірді  «Аға сеньорлар» бағдарамасына қатысудың шарттарын аймақтық кәсіпкерлер палатасының өкілі Айгүл Шакирова.

Кәсіпкердің кәсібін өркендетіп, тауарын өткізуге, жұмысты жүргізуге көмектесетін сарапшылардың 10 күндік қызметі тегін. Олардың еңбекақысы мемлекеттен төленеді. Ал сарапшының ауданға, қалаға келіп, қайтар жолы мен жатар орнының ақшасын кәсіпкер өзі төлейді. Сарапшыларды тек өнім өндірушілер ғана емес, қызмет көрсетуші кәсіпкерлер де шақыра алады. Биыл  өнім өндіріп жатқан облыстағы  шағын кәсіпкерлік субъектілерімен қатар өскемендік «Дента плюс» тіс емханасы да сарапшылардың қолдау, көмегін көріп, бизнесін алға жылжытуға мүмкіндік алған екен.

 Биылғы жылдан бастап, «Бастау Бизнеспен» оқыған ауыл тұрғындарына  «Еңбек» бағдарламасы бойынша  мемлекеттік грант бөлуге комиссия құру, және жобаға  қатысушылардың өтінімдерін қарау жергілікті жердегі жұмыспен қамту орталықтарында жүргізіледі. 22 қыркүйекте аяқталған  «Бастау Бизнес» жобасы бойынша биыл  өңірде 1 964 адам кәсіпкерлік курсына онлайн форматында оқытылды.  10 маусымда басталған жоба төрт кезеңмен өтті.

 

«АҒА СЕНЬОРМЕН»  АЛҒА БАСТЫ

Аймақта  2017 жылдан бері көрсетіліп  жатқан «Аға сеньорлар» бағдарламасының мүмкіндігін пайдаланып отырғандардың қатары жыл сайын көбейіп келеді.  Алтай қаласындағы Першиндердің отбасылық бизнесі «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы арқылы  биылғы қазан айында  «Аға сеньорларды» өздеріне төртінші рет шақырыпты. Өткен жылдары кәсіпкердің отбасылық бизнесіне  сарапшылар шетелдерден шақырылған болса, биыл оларға отандық сарапшы, технолог Светлана Өмірзақова келген.

Першиндер отбасының Алтай қаласындағы «Алтын таң» тамақ өнімдері өндірісі осыдан 20 жыл бұрын ашылған. Тамақ өнімдерін шығаратын шағын өндіріс өзінің қуатын арттырып, өнім түрлерін көбейтіп, өндіріс технологияларын жетілдіріп жатыр. Ең алғашында кәсіпкерлер отбасы наубайхана ашып, шағын бизнестерін нан, тоқаш өндіріп, сатудан бастаған. Бірер жылдан соң кондитерлік цех ашады. Тағы бір-екі жылдан кейін жартылай мұздатылған фабрикаттар мен шемішке қуыру өндірісін іске қосады.

Кәсіп көзін түрлендіріп, отбасылық бизнестерін өркендетуге құлшына кіріскен алтайлық кәсіпкердің отбасы осымен өздеріне төртінші рет шақырып отырған «Аға сеньорлардың» арқасында нан-тоқаш өнімдері өндірісін ұлғайтып, өнімдерінің сапасын анағұрлым көтерген.  Алғашқы жылы   Алтайға Германиядан ерлі-зайыпты сарапшылар келіп, Першиндерге нан, тоқаш өнімдері кәсібін дамытудың қыр-сырын үйретіп, тәжірибелерін көрсетіп кетсе, келесі жолы Түркиядан келген сарапшы, кәсіпкер кондитерлік өнімдерді шығарудың, сатудың жолдарын оқытып, тоқытады. Былтыр Украинадан келген сарапшы да отбасылық бизнестің дамуына айтарлықтай қолдау көрсетіп кетіпті.

Кәсіпкер Варвара Першина  12 – 21 қазанда Алтайға, «Алтын таң» тамақ өнімдері өндірісіне  келіп, ұннан жасалатын кондитерлік өнімдерді шығаратын қыз-келіншектермен тәжірибесін бөліскен отандық технолог,  сарапшы Светлана Өмірзақова да өздеріне  баға жетпес қолдау көрсеткенін айтады. Алтайға келген  сарапшы Першиндерге круассандар, «Түркиялық батондар», «Франциялық багеттер», пірәндіктер мен басқа да ондаған нан, тоқаш, кондитерлік өнімдер түрлерін іске қосуға көмектескен.

Светлана Қабдуахитқызы бізге баға жетпес, үлкен көмек көрсетіп кетті. Біз өндірісімізге көптеген жаңа бағыттарды енгіздік. Сарапшы келген күннен бастап біз демалыссыз он күн бойы күніне  9 сағаттан жұмыс істедік. Ол бізге бұрынғы өнімдеріміздің өзіндік құнын қалай төмендету керектігін  де ұқтырып, көрсетіп берді. Өндірісіміздің тиімділігін арттырудың, шығынын азайтудың, жұмысшылардың жаңа жүйеде, қолайлы, тиімді  жұмыс істеуін ұйымдастырып берді. Шынын айтсам, біз бірде-бір шетелдік сарапшымен дәл осылай өнімді жұмыс істеген жоқпыз.  Технолог кетпей жатып-ақ алтайлықтар тарапынан жаңа өнімкруассандарымызға деген сұраныс бірден өсіп кетті. Тұтынушылар тіпті жаңа өнімдерге тапсырыстар беріп жатыр, – дейді  кондитерлік цехтың меңгерушісі, «Алтын таң» ЖК иесі Варвара Першина.

 

Шағын кәсіпорынға келген  технолог осылайша, Алтай қаласының кәсіпкеріне,  тұрғындарына кондитерлік тағамдардың «Алтын таң» атты жаңа брендін жасап, әйгілеп беріп кетті. Сарапшы енгізген,  үйреткен айрықша  озық технологиялық тәсілдердің нәтижесінде өнім түрлері көбейіп қана қоймай, оларды сақтаудың мерзімі ұзарған. Жаңа өнімдер жаңа жұмыс орындарын ашуға септігін тигізген. Отбасылық бизнес иелері қалалық жұмыспен қамту сайтына кондитерлерді цехқа  қабылдауға хабарландыру беріп жатыр.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button