Білім

Қалтафонға сеніп, қапы қалып жүрмеңіз

ҰБТ десе 11-сынып оқитын ұлдың да, қыздың да, тіпті мұғалімдердің де мазасы қашатыны шындық. Өйткені, мектеп қабырғасында он бір жыл бойы алған білімнің қорытындысы осы ҰБТ-ның нәтижесіне тікелей байланысты. Өткен жылдан бастап  ҰБТ жылына төрт рет, қаңтар, наурыз, маусым және тамыз айларында өткізіле бастағаны белгілі. Жақында ғана, қаңтардың 17-19 аралығында ақылы негіздегі  ҰБТ өтіп, оған республика бойынша 95 мыңнан астам адам қатысты.

Шынын айту керек, өткен жылғыға қарағанда биыл ақылы ҰБТ-ға қатысушылардың қатары әлдеқайда артқанын байқауға болады.   Жоғарыда айтқанымыздай, биылғы  ақылы ұлттық бірыңғай тестілеуге  республика бойынша 95 440 адам өтініш берсе, олардың 72 520-сы мемлекеттік тілде, 22744-і орыс және 176-сы ағылшын тілінде емтихан тапсырыпты. ҰБТ тапсырушылардың 62,5 пайызы қажетті шекті баллды жинаған. Облысымызда  ақылы негіздегі ҰБТ Өскемендегі С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті мен Семейдегі Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің базасында және өңірдің  сегіз мектебінде, яғни Күршім, Үржар, Аягөз, Зайсан, Жарма, Катонқарағай, Тарбағатай, Көкпекті аудандарында өткізілді.  Бір атап айтарлығы, биылғы  ҰБТ-ға ашықтық пен айқындылықты, адалдықты қамтамасыз ету мақсатында  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жанындағы облыстың арнайы мониторингтік тобының мүшелері мен «Шығыс – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің менеджерлері, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің қызметкерлері бақылаушы ретінде қатысты. Үш күнге созылған сынақ барысында 65 қатысушыдан ұялы телефон, смарт сағат, шпаргалка секілді тыйым салынған заттар анықталып, олардың барлығына акт жасалып, тестілеуге жіберілмеді. Сондай-ақ тағы да 42 қатысушы осындай тыйым салынған заттарды пайдаланғаны үшін аудиториядан шығарылып, нәтижесі жарамсыз деп танылды.

-ҰБТ тапсырушылардың барлығына  тыйым салынған заттарды емтиханға алып кіруге болмайтыны туралы алдын ала ескертілді. Тіпті олардың өздері бұл талаптармен танысып, қол да қойды Бірақ соған қарамастан кейбір қатысушылар  тексеріс барысында ұялы телефонмен ұсталып қалып жатты. Сөйтіп, олардың барлығы ҰБТ-дан автоматты түрде шеттетілді, – дейді  Білім және ғылым министрлігі  Ұлттық тестілеу орталығының Өскемендегі филиалының басшысы Шынар Тезекпаева.

Иә,  бұл дегеніңіз ұялы телефонға сеніп, ҰБТ тапсыратындардың заманы өтті деген сөз.  Ұялы телефон немесе басқа да тыйым салынған затпен ұсталсаң бітті, автоматты түрде ҰБТ-дан шеттетілесің. Бірақ, өкінішке қарай, кейбіреулер министрліктің бұл талабын әлі де жете сезіне қоймаған  секілді.  Осы жолғы ақылы тестілеуге де қаңтардың ақтүтек боранына қарамай сонау Риддерден, Алтайдан келіп тұрып, телефонмен ұсталып қалып, емтиханға кіре алмай қалған  оқушылар болды. Солардың бірімен тілдескенімізде:

-Әрине, ҰБТ-ға кіре алмағаныма өкінемін. Бірақ бұл мен үшін үлкен сабақ болды. Енді маусым айында мемлекеттік гранттар тағайындалатын ҰБТ-ға  мен тек өз біліміме сеніп келетін боламын, – деді А. есімді мектеп оқушысы.

Жалпы, ҰБТ-ға кірудің қатаң тәртібі туралы  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің алқа мәжілісінде еліміздің Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің өзі де  айтқан болатын.

-Биыл біз өзгертулер енгіздік. Егер сіз телефонмен келген болсаңыз, металл детекторынан өткенде өзіңізбен бірге телефон бары анықталса, сізді тестілеуге жібермейміз. Себебі сіз алдағыңыз келді. Біз өте қатал әрекет етеміз. Бізді алдау мен жалғандыққа интермелеудің қажеті жоқ. Егер емтиханға қатысушы тыйым салынған затпен келген болса, біз оған автоматты түрде жол бермеуіміз керек. Тіпті ол оны қолданып үлгермесе де, жазалануы керек, – деді министр.

Жалпы,  былтырғы маусымда өткен Ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде 90 375 ұялы телефон, 28 344 калькулятор және 1 867 шпаргалка тәркіленіпті. Осыған байланысты Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығы директорының міндетін атқарушы Дидар Смағұлов өзінің Фейсбуктегі парақшасында «Құрметті ата-аналар, балаларды ҰБТ жүйесін алдауға емес, адал бәсеке және нағыз біліммен жарысуға тәрбиелейік» деп жазған болатын.

Жалпы, жылына төрт рет ҰБТ өткізудің пайдасы бар ма?

-Меніңше, пайдасы бар. 11-сынып оқушылары қаңтар, наурыз айларындағы ақылы тестілеуге қатысу арқылы өздерін психологиялық тұрғыдан дайындайды.  Бойын үйретеді. Бұл суицидтің алдын алады, – дейді өскемендік ата-ана Рабиға Жайлыбаева.  – Мысалы, осы жолы телефонмен ұсталып, ҰБТ-ға кіре алмаған оқушы келесі сынаққа оны әкелмейді. Өйткені, тыйым салынған затпен ұсталса, ҰБТ-ға кіре алмайтынына осы жолы  көзі анық жетті.

Ал біз тілдескен тағы бір Гүлзат есімді ата-ана заң қатайған сайын, адамдардың неше түрлі амал-айла ойлап табатынын айтады.

-Әрине, баламыз мектепте оқығанда талай ата-ананы көрдік қой. Олар баласы ҰБТ-дан жоғары балл жинау үшін небір қулыққа болсын дайын. Тіпті баласының қойны-қонышына бір емес, бірнеше ұялы телефонды тығып беретін ата-аналар да болады. Осы орайда министрліктің бұл бастамасы дұрыс деп ойлаймын. Бірақ, адамнан қулық артылған ба? Күмәнім бар. Заң қатайған сайын, адамдар тіпті қулана түсетіндей,- дейді ол.

Интернетте де ҰБТ-ға  телефонды  қалай тығып алып кірудің небір әдіс-тәсілдері туралы көп екен. «Мен телефонды фальгаға орадым, сыртынан резеңке перчатка қаптадым» дейді бірі,  ал тағы бірі «Іш тартатын пояс бар, іші резина сырты мата сияқты қалың,  іштеріңе байлап салсаңдар болады. Мен аман-есен  алып кіріп, 111 балл алдым» дейді.

Бірақ бұл жолы осынау  қулықтың ешқайсысы да кәдеге аспайтындай. Рас, бұрын телефонмен ұсталғандар, ҰБТ-ға жіберілетін, ал бұл жолы заң қатал. Ұялы телефонмен ұсталғандар ҰБТ-ға жіберілмейді.

Ал Ұлттық тестілеу орталығындағы мамандар алдағы  наурыз айында өтетін ақылы ҰБТ-ға өтініш қабылдауды бастап та кетті.

-Қазір біз 1 ақпаннан  бастап ақылы ҰБТ тапсыруға құжаттар қабылдап жатырмыз.   ҰБТ тапсыруға тілек білдіруші ҰБТ пунктіне келіп, құжаттарын тапсыра алады. Сондай-ақ бізге келмей-ақ онлайн тіркелуге де болады. Онлайн тіркелу егер оқушыда жеке басын куәландыратын кәулігі немесе төлқұжаты бар болған жағдайда және тек  ата-анасының немесе қамқоршысының келісімімен жүзеге асырылады. Тестілеу құны – 2242 теңге, – дейді Білім және ғылым министрлігі  Ұлттық тестілеу орталығының Өскемен қаласындағы филиалының басшысы Шынар Тезекпаева.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button