Алпыстан асса да, би билегенде алдына жан салмайды

Өткен жылы өнерлі ардагерлерді өзара сайысуға шақырған «Қайран ерлер, қаһарман ардагерлер!» атты республикалық сайыстың жасы егде тартса да, көңілі қартаймай, бойына біткен өнерді елі мен жұртына ұсынудан танбай келе жатқан көптеген зейнеткерлерімізге қанат бітіргені даусыз. Осы бәсеке нәтижесінде ардагерлер арасындағы шынайы өнерге шынымен тәнті болып жатқанымыз да бекер емес.
Күршімдегі бірыңғай зейнеткерлерден құрылған ардагерлер ансамблінің талай жерде өнер көрсетіп, көпшіліктің ризалығына бөленіп жүргенін жұрт жақсы біледі. Осы ұжымға қосылғанына үш-төрт жылдың жүзі болған белгілі өнерпаз, бишілігімен әлі күнге дейін балғын бойжеткендермен тайталасып келе жатқан Күршім гимназиясының технология пәні мұғалімі Күлімхан Әділбекова жақында Астанада өткен осындай дүбірлі сайысқа аттанған еді. Өнер саңлағы бұл жолы да биіктен көріне білді. 20-23 сәуір аралығында өтіп, 250 жүйрік қатысқан аса жауапты бәсекеде Күлімхан Әшімқызы мың бұрала би билеп, «Мамыр вальсі» аталымы бойынша жүлделі III орынды иеленіп қайтты. Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы мен «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ө.Озғанбаев Шығыс Қазақстан облысынан жалғыз өзі келіп, алқалы жиында топ жарған сақа өнерпазға ризалық білдіріп, арнайы дипломды өз қолдарымен табыс етті.
– Осы байқауға қатысуға аудандық ардагерлер кеңесі, атап айтқанда, оның төрағасы Е.Ақтекенов ұсыныс жасаған болатын, – дейді Күлімхан апайымыз. – Өзім ұзақ жылдар бойы қызмет істеп келе жатқан Күршім гимназиясының директоры Г.Шәкерова да шын пейілімен қолдау көрсетіп, барып қайтуыма тілектестік білдірді. Сөйтіп, Астананың төріндегі Конгресс-холлда өнер көрсету бақытына ие болдым. Алдыңғы орындардың бірінен көрінуге де мүмкіндігім мол еді, бірақ ұйымдастырушылардың жіберген олқылығы бөгет болды. Біз сияқты өз талабымен әртіс болған өнерпаздарды жоғары оқу орнын бітірген кәсіби бишілермен сайыстырудың жөні жоқ еді. Бірінші, екінші орындарды сондай кәсіпқой әртістер алып кетті.
Республикалық сайыстың дипломы мен 50 мың теңге ақшалай сыйлығын алып келген, 61 жасында бұла бойжеткендерден қалыспай тал-шыбықтай бұралып жүрген апайымызға басу айтып, алдағы уақытта 1, 2-орындардан көрінуіне тілектестік білдірдік. Бұған таңырқауға болмайды, осы сайысқа қатысып, жүлделі болған өнерпаздардың бірі – Жамбыл облысынан келген 81 жастағы әжей екен.
Күлімхан Әшімқызы сонау оқушы кезінде-ақ сол кезде атағы облыс көлемінде дүрілдеп тұрған ақсуаттық «Айдын» ансамблінде өнер көрсетіп, көзге түскен болатын. Ә дегеннен алдыңғы орынды иеленген биші қыздың қаншама концерттерге атсалысып жүріп, осы орынды бертінге дейін ешкімге бермей келгені өнерсүйер қауымға жақсы мәлім. Мәселен, 2014 жылдың 23 қыркүйегінде өткен аудандық ардагерлер байқауында 12 ауылдық округтің үздіктері жолығысып, бақ сынасқан-ды. Сол айтулы бәсекеде К.Әділбекова даусыз жеңімпаз атанып, I орынды жеңіп алған болатын. Одан соң облыста өткен сайыста тағы да сол орыннан көрініп, республикалық байқауға жолдама алды.
– Мен өзім бес балалы ана болғандықтан, зейнетке 53 жасымда шыққанмын, – дейді Күлімхан Әшімқызы. – Бірақ мектеп басшылығының келісімімен әлі күнге дейін дәріс беріп, жас қыздарды қолөнерге баулып келе жатырмын. Ел-жұртымның, ұжымымның қолдауымен еліміздің бас сахнасында өнер көрсетіп қайтқаныма разымын. Осы үш күнге созылған дүбірлі бәсекеге екі күн дайындалдық. Қол бос уақытта Астана қаласын аралап, жас қаланың көрікті жерлерін тамашаладық. Өзімді жан-тәнімен түсініп, өнеріме үнемі қолдау-демеу жасап отыратын жолдасым Асылбекке ризалығым шексіз. «Осымен болдым» деп отырған мен жоқпын, денсаулық болса, алда да талай сайыстарда аудан намысын қорғауға әзірмін.
Осылай деп ағынан жарылған ақкөңіл апайымызға «Лайым, айтқаныңыз келе берсін. Әрдайым жеңісті күндерде жолығып жүрейік!» деген шынайы тілегімізді білдірдік.
Хасен Зәкәрия