Білім

Алпыс пайызы “Алтын” алған білім ошағы

Өскеменде түлектерінің 97 пайызы жоғарғы оқу орындарына тегін оқуға түсетін білім ошағы бар. Одан бітіріп шыққан шәкірттер бүгінде Оңтүстік Корея, Чехия, Польша сынды мемлекеттердегі халықаралық университеттерде дәріс алып жүр.
Білім-Инновация лицейінің 11 «А» сыныбын биыл 12 оқушы тәмамдады. Олардың алпыс пайызы, яғни жеті бала «Алтын белгі» тағынса, біреуі «Үздік аттестат» иегері болды.
– Біздегі әрбір оқушы – лицейіміздің мақтанышы. Үлкен өмірге қанат қаққалы отырған бір ғана Темірлан Байболовты айтар болсақ, информатика пәнінен талай халықаралық олимпиадада жеңімпаз болды. Заманауи біліммен қаруланған жас жуықта Әзірбайжан, Франция мемлекеттерінен жүлде алып келді. Сонымен қатар Жәутіков атындағы олимпиада да алдыңғы орыннан көрінді, – дейді директордың оқу-ісі жөніндегі меңгерушісі Еркежан Мұратова.
Жалпы биыл лицейді 32 бала тәмамдады. «А» сыныбынан бөлек басқа сыныптарда бес «Алтын белгі» мен бір «Үздік аттестат» иесі бар.


Бітіру кешінде шәкірттерге ақ жол тілеген лицей директоры қызықты мәліметтерге де тоқтала кетті. Есептеуінше, осы лицейді бітіргендердің 97 пайызы жоғарғы оқу орындарының грантын жеңіп алады екен.
– Былтырғы 37 түлегіміз түгел грантқа ие болды. Олардың ішінде Польша, Оңтүстік Корея, Чехияда оқып жатқандары бар. Басқалары астана мен Алматыдағы IT, Британ сынды халықаралық университеттер мен Назарбаев, Сүлеймен Демирел сынды озық оқу орындарында білім алып жүр, – деді директор Арыстанбек Мәулетұлы.
Айта кету керек, биылғы түлектердің төртеуі күнібұрын Назарбаев университетінің грантын жеңіп алған.

Тасқын Болатұлы

Осы айдарда

Back to top button