«Алмас қылыш» – алаштың рухын көтеретін туынды
Өскемен жұрты «Алмас қылыш» көркем фильмін тамашалап жатыр. Елдің екі ұдай пікірін туғызып жатқан бұл туындыны әріптестерімізбен бірге барып, біз де көрдік.
Бұл Ілияс Есенберліиннің «Алмас қылыш» тарихи романының желісінде түсірілген 10 сериалы «Қазақ елі» фильмінің кино нұсқасы. Режиссері – Рүстем Әбдірешов. Идея авторы – Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
Кинода 15 ғасырдың екінші жартысында Әбілхайыр хандығынан бөлініп шыққан Керей мен Жәнібек сұлтанның қазақ хандығын құрған тарихи сәті бейнеленеді. Әлеуметтік желідегі ақпараттарға сенсек, түсірілімге 100-ден астам кәсіби актерлермен қоса 500-дей адам қызмет көрсеткен. Басты рөлдерді отандық кинода өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған Досхан Жолжақсынов, Еркебұлан Дайыров сынды танымал тұлғалармен бірге Бекболат Тілеухан, Шұғыла Сапарғалиқызы қатарлы өнер қайраткерлері де сомдаған.
Сонымен екі жыл бойы елді елеңдеткен бұл отандық өнім халыққа қалай әсер етті? Кино сыншысы емеспіз, бірақ көп көрерменнің бірі ретінде көргенімізді жазайық.
«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» деп Шәкерім жырлағандай, бұл түсірілім өткендегі кинолардан өзгерек болды. Экрандағы шанақты уақытта қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, ата дінін, адамдар арасындағы қарым-қатынасты барынша шынайы бейнелеген. Көшпенді жұрттың көне тіршілігін көгілдір экран арқылы көз алдыңа елестетеді.
Ұлттың ұлы тарихын түгендеп, ұрпақ санасына патриотизм дәнін себетін бұл туындыға көрерменнің сүйіне қараған сәті көп болды. Айталық, аз ғана қолмен ойраттардан ойсырай жеңілсе де, жігерін жықпаған қазақтардың өр рухы, бөлесінің бозөкпелігіне елітпей Қасымның анасына құрмет көрсетуі, сертінде тұруы, «ат ауыздықпен су ішіп, ер етікпен су кешкен» қанқасап сәттердегі ел ағаларының ауызбіршілігі сынды қазақы қасиеттерге айрықша орын берілген киноны көрген ұрпақтың өз ұлтына деген қадір-құрметі артары даусыз.
– Қазіргі таңдағы «Қазақфильмнің» жасап жатқан дүниелері көңіл толтырарлық. «Қыз Жібек» киносын Асанәлі Әшімов ағамыз қалай сүйресе, бұл кинода Досхан Жолжақсынов ағамыз сондай ерлік көрсетті деп ойлаймын. Ал бұл туындының артық-кем тұстарын кино сыншылары айта жатар. Өзіме ұнады, – дейді филология ғылымдарының докторы Бауыржан Ердембеков.
«Біткен іске сыншы көп», десек те, кинодан шыққан әріптестер арасына әртүрлі сауалдар туындады. «Алмалық неге ұйғырлардың қаласы болып көрсетілді?» десе, енді біреуі «Жәнібек пен Керейдің тұсында 15 ғасырдың басында қайтыс болған Асан қайғы мен 17 ғасырда өмір сүрген Қазтуған қайдан жүр?» деп сұрады. «Көркем туындыда ондайға кешірім бар» деп жауап берді тағы бірі. «Монтажға аса мән бермеген-ау шамасы», – деді тағы бір көрермен, экраннан машина іздерін, темір торларды, түңліксіз киіз үйлерді көргенін айтып. Таласбек Әсемқұловтың тілін аңсаған көрермендер де жоқ емес.
Қазақтың құнды жәдігерлерінің бәрін көрсетуге тырысқан бұл кинода бесікке орын берілмепті. Болмаса азаттықтың алғашқы перзенті болған Шалкиіз де бесік көрмеді. Тағы бір кешірілмейтін қателік, не қомы жоқ, не шомы жоқ түйелердің жалаң беліне жүк артқан көріністер бір емес, бірнеше рет қайталап көрсетіледі екен. Төрт түліктің төресі деп білген ойсылқара тұқымын есті қазақ олай қорламаған болар. Атын – қанатым деп білген көшпенді жұрт ең әуелі көлігін күтіп, аялағаны белгілі.
Бұл түсірілім қазақ киносы тарихындағы көшпенді елдің көне мәдениетін көрсеткен алғашқы түсірілім болғандықтан «көш жүре түзеледі» деп сенейік.
Мұратхан Кенжеханұлы