Мәдениет

Қалихансыз қоңыр күз…

Қалихансыз қоңыр күз...

Қоңыр күз келді. Дәл өзіндей асқақ ұлынан айырылған Алтай аспаны күңгірт, даласы сартап сағыныштан сарғайып кеткен. Бұл – Қалихансыз келген алғашқы қоңыр күз еді. Ардақты ұлын Алтай елі сағына еске алып жатыр.
Өскемендегі Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың филология факультетінің студенттері ұйымдастырған «Қалихансыз қоңыр күз…» атты әдеби кеш Қалихан Ысқақтың жаңа өмірінің бастау көзіндей болды.
Кешке облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Түсіпхан Түсіпбеков, жазушының қаламдас інілері Әлібек Қаңтарбаев, Айтмұхамбет Қасымов бастаған ақын-жазушылар қатысты.
«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, бұл әдеби кештің басқа шаралардан бір өзгешелігі – ешкімге сөз берілген жоқ.
Кеш барысында филология мен журналистикада оқып жатқан студенттер өздерінің сан қырлы талант иесі екендіктерін көрерменге тағы бір мәрте дәлелдеп берді. Айталық, жазушының «Ақсу – жер жәннаты», «Аюлыда адам бар», «Сыбаға», «Беу, асқақ дүние» шығармаларынан үзінді оқыған Лаула Қайырбекова, Жадыра Мажибаева, Қастер Берік, Әлібек Қысатай сынды студенттер филология факультетінің студенттері емес, өнер академиясының өнерпаздарындай әсер қалдырды бізге. Әдеби кештің шымылдығын әдемі арнауымен ашып, шара тізгінін ұстаған, айтыскер ақын Қуаныш Еркінұлы да өзінің «сегіз қырлы, бір сырлы» өнерпаз екенін дәлелдеді. Ал ардақты тұлғаны қоңыр күзден іздеген Төлетай Қазақстан, Қастербек Сайлауғазы сынды жас ақындар өздерінің отты жырларымен көрермен жүрегіне шоқ тастап жібергендей болды.
… Алғызбай кетіп, ажалдың айласына да,
Әріп боп қалған әз ғұмыр айға асыға ма?!
Өмір біздерді тағы бір сарғайтып өтті,
Қоңыр күз келді, сіз жоқта. Қайдасыз, аға?! – деп жырлады Қастербек. Бұл өлең Қалиханын сағынып отырған әдебиет сүйер қауымның жүрегін шым еткізді. Кеш шымылдығын төрт жігіт Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған «Күрең күз» әнімен жапты. «Қош енді, қош бол, күрең күз» деп қайталанатын ән жиналған жұртқа күзбен емес, Қалиханымен қоштасқандай әсер қалдырды. Тәп-тәтті кештен тамаша ләззат алған жұрт өнерлі студенттермен қимай-қимай қоштасты.

Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button