Өнер

«Алғашқы махаббат» ауылға келді

«Енисей мен Еділді шатыстырып картадан,

Ең алғашқы махаббат басталады партадан.

Күндей таза көңілі қардай аппақ парақтан,

Ең алғашқы махаббат басталады сабақтан».

Расымен, осы бір өлең жолдарын оқып, балаң реңді болса да, балғын махаббаттың нәрінен дәм татпаған, алғашқы баспалдағынан өтпеген адам кемде-кем шығар дейсің. Мектеп қабырғасындағы бала сезімнің кейде үлкен махаббатқа ұласатыны, кей жағдайда өткеннің елесі, балалық шақтың белесі болып көңіл «мұрағатында» сақтаулы қалатыны тағы бар. Қалай десек те, сол кезді еске түсіретін себептер аз болмайды.  Жуырда Шығыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының ұжымы гастролдік сапармен ауданымызда болып, осы бір мектептегі кіршіксіз сәттерді сахна тілімен әдемі өрнектеді.

    Тарқатып айтсақ, Өскеменнен келген өнер ұжымы Ақсуат Мәдениет үйінде белгілі актер, ақын әрі драматург Қанат Жүнісовтің «Алғашқы махаббат» комедиясын сахналады. Езуге күлкі үйірер шытырман оқиғаға құрылған бұл комедия көрерменді бейжай қалдырмады. Мектеп өмірінің кіршіксіз сәттері, алғашқы махаббат, бейкүнә сезімдер суреттелетін қойылым қызықты ситуация, ұтымды әзілімен ә дегеннен баурап алды. Үлкендер жағы партадағы сол бір аяулы шақтарына деген сарқылмайтын сағынышын еске алды. Дәл өздерінің бет-бейнесін көрген мектеп оқушылары үшін тіпті қызықты қойылым болды. Әсіресе жоғарғы сынып оқушысы рөліндегі Еділ Мекешов пен жаңадан келген жас мұғалім рөлін сомдаған Гульвира Әбікенқызының арасындағы сырлы сезім көңілдің қылын шертіп, көрерменнің ықыласына бөленді.

    Аудан әкімінің орынбасары Ержан Советбекұлы өнер ұжымына табыс тілеп, алғыс хат тапсырды. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нәзипа Бөкешқызы аудандарды аралап жүрген облыстық театр таланттарына  ізгі тілегін білдірді.

 

Ерлан БАПАНОВ Тарбағатай

Осы айдарда

Back to top button