Білім

Александр кәдесыйлар жасайды

Александр кәдесыйлар жасайды


Ұлты неміс Александр Флейтлинг Жаңа тілек ауылындағы М. Әуезов атындағы орта мектептің 9- сынып оқушысы. Ол осы мектепте бірінші сыныптан бастап қазақша оқып келеді. Александрдың қолы бос кезінде айналысатын сүйікті істерінің бірі – әртүрлі жан-жануарлар мен құстардың бейнелерін ағаштан ойып жасау.

Кәдесыйды ағаштан ойып жасағаны үшін таяуда аудан орталығында өткен «Саябақтар шеруі-2019» халықаралық экологиялық қозғалыс байқауынан жүлделі үшінші орынды жеңіп алды.

-Бұл шара қорытындысы бойынша екінші және үшінші орындар мен «Шебер» аталымын жеңіп алдық,-дейді Александрдың ұстазы М. Әуезов атындағы орта мектептің мұғалімі, белгілі қолөнерші, зергер Алтай Байсанов.

Александр Флейтлинг өзінің қолөнерге жақындығын, осынау ұлттық құндылығымызға деген қызығушылығын әкелі-балалы ұстаз- қолөнершілер Алтай Байсанов пен Ертай Алтайұлының еңбектерінің арқасы деп түсінеді.

– Менің сынып жетекшім Хамзина Маржан апай. Ол кісі өзін- өзі тану мен құқықтану пәндерінен сабақ береді. Ал ағаштан ою-өрнек ойып, түрлі кәдесыйлар жасауды алғашқы ұстазым Ертай Алтайұлынан үйрендім. «Қазақшаны қайдан үйрендің?» деп сұрайды менен жүрген жерімде. Қызық сұрақ! Маңайым қазақтар болса, 1- сыныптан қазақша оқысам, қайдан үйренуім мүмкін?! Аян, Арман, Бекжан, Байбарыс секілді достарыммен күнделікті қарым-қатынасымыз тек қазақ тілінде ғой, – дейді Александр.

Берікхан Тайжігіт

Осы айдарда

Back to top button