Алдағы бес жылда балабақша мәселесі толық шешіледі
Бүгінгі таңда облыс орталығында барлығы 44 мектепке дейінгі тәрбие беру мекемесі жұмыс істеп тұр. Олардың ішінде 35 мемлекеттік, 8 мемлекеттік емес және бір жекеменшік үйде орналасқан балабақша. Бұл туралы Өскемен қалалық білім бөлімі хабарлады.
Сонымен қатар, қалада 3216 балдырғанды қамтып отырған 36 шағын орталық құрылған. Ал балабақшаларға баратын бүлдіршіндер саны 12 мың 704. Барлығын қосқанда, Өскеменде 15920 бала мектепке дейінгі тәрбиеге алынған.
Бұған қоса жыл соңына дейін қаладағы балабақшаларда екі жүзден астам орынға арналған төрт топ ашылса, 2015 жылдың бірінші тоқсанында 320 орынға шақталған жекеменшік балабақша іске қосылады. Бұлардың барлығы 550 балғынды қамтиды.
Балаларды жүз пайыз қамту үшін бүгінде өзге мекемелер пайдаланып отырған 4 балабақша ғимараты (880 орын) қайтарылып алынып, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік арқылы 7 балабақша (1890 орын) салынады. Соның арқасында 2020 жылға дейін 2770 орын дайындалып, кезекте тұрған барлық балалардың мәселесі шешілмек.
Шығыс-Ақпарат