Мәдениет

Алғашқы әңгімем 58 жыл бұрын басылып еді

Алғашқы әңгімем 58 жыл бұрын басылып еді


1958 жылдың 1-мамырынан күні бүгінге дейін аудандық, облыстық, республикалық газет-журналдарда жарық көрген мақалаларымның бәрі сақтаулы тұр. Жуықта осыларды мұқият қарап шықтым. Бірін-бірі қуалаған толқындай өткен өмір белестері тізбегімен көз алдымнан өтті. Ойымды еріксіз оятты. «Дидардың» 85 жылдығына орай естелік жазуды жөн көрдім.

Облыстық «Дидар» газеті менің рухани ақылшым, досым, сырласым болғанына аттай елу сегіз жыл болыпты. Содан бері жыл сайын жаздыртып алып, оқып, шама-шарқыма байланысты анда-санда өзімді толғандырған тақырыптар бойынша материалдар жазып қоямын.

«Коммунизм туымен» (қазіргі «Дидар») жақындасуыма мына төмендегі жағдай себепкер болды. Газетті оқимын, бірақ редакцияға хат жазуды мүлдем білмеймін. 1958 жылдың наурыз айының соңғы күндері. Онда біз Үлкен Нарын ауданындағы Жұлдыз орта мектеп-интернатының оныншы сыныбында оқитынбыз. Сынып жетекшіміз, химия-биология пәнінің мұғалімі Аязби Нәбиев іссапармен келген журналиспен кездесу ұйымдастырды. Екеуі Алматы қаласындағы университетте бірге оқыпты. Ежелгі достар екен. Артына қайырған қою қара шашты, қараторы жігіт газет жұмысымен қысқаша таныстырды. Ол газетке материал ұйымдастырды. Біз мектеп өмірінен шама-шарқымызша мақала, хабар, өлең жазып, сурет салдық. Бұл Қапан Сапарғалиев болатын. Ол кісі алған біздің дүниелеріміз өңделіп, жарияланды. Мәз-мәйрам болдық. Газеттің 1958 жылғы бірінші мамырдағы санында «Тапқыр дос» атты шағын әңгімем басылды.

Осы жылы КОКП Орталық Комитетінің мектеп бітірушілерді кем дегенде екі жыл ауыл шаруашылығында немесе өндірісте жұмыс істетуге арналған қаулысы шықты. Еңбек өтілі барларға жоғары оқу орындарына түсуге жеңілдік қарастырылды. Коммунистік партияның үндеуін жастар қолдап, бастама көтерді. Большенарым аудандық комсомол комитетінің хатшысы Фрунзе Жақсылықовтың жолдамасымен Зырян шахта құрылыс басқармасына қарасты «Западная» шахтасының №3 учаскесіне стволшы болып жұмысқа орналастым. Маған қала бұрыннан таныс еді. Жеті жылдық қазақ мектебін сонда бітірген едім. Шахта тыныс-тіршілігі өзіме таныс, қызық. Жазып, сызуға шама жоқ. Техникалық құрал-саймандардың қазақша атын білмеймін. «Жолы болар жігіттің, жеңгесі шығар алдынан» дегендей, осы қалада газеттің меншікті тілшілері болған Амантай (Аманолла) Ильясов, Меңғали Мусин және «Зыряновский рабочий» газетінің редакторы Федор Блгатырев арқа сүйер жәрдемші, жол сілтер серік болды. Олар арнайы тапсырма беріп, қайда баратынымды, кімге жолығатынымды күні бұрын айтады. Сөйтсем, бұл кісілер оларға алдын ала айтып қояды екен. Іссапарларында да бірге болдым. Рейдтерге де бірге шықтым. Бірте-бірте жаңа жағдайға қалыптаса бастадым. Газеттің сол кездегі тілші хаттары, өнеркәсіп және транспорт, егін шаруашылығы бөлімдерінің меңгерушілері Хадас Нахановтан, Биғали Мылтықбаевтан, Қапар Қабаевтан, жауапты хатшы Ақан Мұхамадиевтен де жиі-жиі ақыл-кеңестер, тапсырма алып тұрдым.

Облыстық партия комитетінің саяси ағарту үйінде марксизм-ленинизм университеті ашылды. Сырттай екі жылдық журналистика бөлімі құрылды. Жылына қысқы және жазғы сессияға келіп оқыдық. Лекцияны партия, кеңсе қызметкерлері, лекторлар, журналистер және өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының білікті мамандары оқыды. Төрт пәннен сынақ тапсырдық Газет жанрлары бойынша облыстық газет редакторының орынбасары Манап Салықбаев емтихан алды. Әйтеуір, сынақ пен сыннан сүрінгендер болған жоқ. 1978 жылдың 13-маусымында диплом алдық. Ол құжат әлі күнге дейін өзімде сақтаулы тұр. Келешекте мұражайға бермек ойым бар.

Осы «Коммунизм туы» менің белсенді қоғамдық тілші ретінде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің грамотасымен марапатталуыма септігін тигізді. Әрине, бұл жерде мен өзімді мақтайын дегеннен аулақпын. Сол кездегі алдыңғы толқын ағалар – Хадас, Биғали, Қапан, Қапар, Амантай, Меңғали, Ақан және тағы басқалардың кейінгі толқын інілеріне жасаған қамқорлықтарын айтқанды өзіме парыз санадым.

Бүгінгі «Дидардың» безендірілуі, тың тақырыбы көңілден шығады, оқырманды ойландырып, толғандыратын мақалалары тартымды. Ресми хабарлар жедел жарияланады. Адамның көңілі жақсылыққа тоймайды ғой. Алпыс жылға тақау уақыт рухани серігім, сырласым, ақылшым болып келе жатқан басылымның әр санының бұдан былай да қызықты, мазмұнды бола беруіне тілек білдіремін.

Үмітхан Нұрғалиев.
Өскемен.

Осы айдарда

Back to top button