Мәдениет

Алаштың бір арысы Мәннән еді…

Алаштың бір арысы Мәннән еді...


Алаш арыстары аңсаған ел Тәуелсіздігіне ұлтымыз үміті үзілуге шақ қалғанда, ғайыптан жеткені ақиқат. Дүниеде ұлт тағдыры үшін күрестен артық күрес болуы мүмкін емес. Сондықтан да ілгеріде өмірден озған ұлт зиялыларының көзі тірісінде шеккен тауқыметін кейінгі ұрпақ білгені жөн.

Семейде шоғырланған алаш қайраткерлері арасындағы ірі тұлғаның бірі – Мәннан Тұрғанбаев. Ел ішіндегі 1916 жылғы жарлыққа қарсы дүрбелең мен күйзеліс күйлер Мәннанға да өз ықпалын тигізбей қоймайды. Ол алаштың біртуар тұлғасы Әлихан Бөкейханның бастауымен Түркияға сапарлап, Каирдегі мұсылман рухани академиясы мен Стамбулда қысқа мерзімді курстан өтеді. 1917 жылғы сәуір айында өткен Семей облыстық қазақ съезінде комитет мүшесі болып сайланған қайраткердің алаш қайраткерлері бас қосқан айтулы съезден кейін туған жері Семейге келуі де тегін емес. Оның мұнда қазақтың талапты жастарының дарын-таланттарын ашуда, Алаш қозғалысына лайық мүшелер тартып, оқу-ағарту майданына көшбасшылық жасауы сияқты сан салалы істерге белсене араласуына жол ашылады.

«Абай» журналының 1918 жылғы екінші санында «Ұлтшылдық» деген құнды мақалалары мен ой-пікірлері жарияланады. «Айқап», «Абай» т.б. басылымдарда өзекті ой қозғаған мақалалары жарық көріп, осы жылы Алашорданың атты әскер полкіне қабылданады.

1917-1919 жылдары Семейде қазақ мұғалімдерін даярлайтын екіжылдық педагогикалық курс-мектебі ұйымдастырылып, меңгерушілігіне М.Тұрғанбаев тағайындалады. 1919 жылдың маусымында Орынборға шақырылып, ондағы «Ұшқын» газетінде редакторлық қызмет атқарады. Көптеген мектеп оқулықтарын жазады. Сол жылы «Қазақ тілі» газетінің жауапты редакторы, тұңғыш шығарушысы болған. 1920 жылға дейін Ж.Ақпаевпен бірге халық соты кеңесінің мүшелігіне бекиді. Қазақ автономиясы жариялануына байланысты 1920 жылы жалпы қазақ кеңесінің бірінші съезіне Семейден делегат болып сайланып, 1922 жылдан бастап халық соты төрағасының орынбасары әрі қазақ ісі жөніндегі азаматтық бөлімнің меңгерушілік міндеттерін атқарады.

М.Тұрғанбаев пен М.Әуезовтің өте жақын байланыстарын айғақтайтын тарихи құжаттар да кездеседі. Алаш арыстарының екеуі де Семей педтехникумында бірі қазақ грамматикасынан, бірі әдебиет пен фольклордан дәріс оқыған. Осында М.Тұрғанбаевтан білім алып, тәрбие көрген шәкірттері: Әлкей Марғұлан, Мұсатай Ақынжанов, Төлеужан Мусин, Жүнісбек Нұрмағамбетов, Игембек Төлеутаев және тағы да басқа елімізге танымал түлектер болатын.

Семейде жарық көрген «Таң» журналында М.Тұрғанбаевтың «Жазу, тану ћәм жаздыру әдісі» атты мақаласы жарияланып, онда елімізде жүргізілген мәдени революцияның өзекті мәселесі – сауатсыздықты жою жолындағы Қарқаралы және Семей техникумдарының төменгі курс оқушыларының «Жойылсын, сауатсыздық!» науқаны бойынша ел ішіне арнаулы сапарлармен аттанғандығы туралы жазған. Яғни, бұл мақаласын оқу бағдарламасы негізінде методикалық құрал ретінде пайдаланған. М.Тұрғанбаев есеп, тазалық, ислам тарихы, дін ғылымы пәндерінен сабақ берген. Аталған мектепке Семей, Қарқаралы, Павлодар, Өскемен уездерінен келіп оқыған. Осы тұста Мәннанның Семей облысы бойынша басты ағартушылық жүкті иығына көтергенін көруге болады.

Өкінішке қарай, 1930 жылдың 4-сәуірінде ОГПУ сот коллегиясының үкімімен М.Тұрғанбаев қамауға алынып, Қапал түрмесіне айдалады. 1932 жылы айыптары дәлелденбегендіктен, Қапал түрмесінен босаған М.Тұрғанбаев Семейге қайтып оралады. 1932-1936 жылдар аралығында Алтай өлкесіндегі Ойрат автономиялық облысының Усть-Кант аймағы Тұрата ауылындағы жеті жылдық мектепте оқытушы болып жұмыс істейді. Оның жарық көрген еңбектері: «Пайғамбар заманы», «Тіл құралы», «Есеп», «Этика», т.б.

1936 жылы күзге қарай М.Тұрғанбаев атажұртын аңсап, жаяу-жалпылап, арбаға кәрі ана, жас сәбилерін отырғызып, Алтайдан Семей шекарасындағы Қызыл ауылға жетеді. Ол жерде де қатардағы ағартушылық қызмет атқарып жүргенінде, көп ұзамай «үштіктің» қармағына ілігеді. Ақыры, қапаста қысым көрсе де, қайыспас ерлікпен, қауіп-қатер төнген сәттерді де қарсы алады. Мәннан Тұрғанбаев 1937 жылдың 20-тамызында, Семей түрмесінде атылады.

Азаматтық, адамгершілік рухты мықты ұстанған Мәннан Тұрғанбаевтың өмірді түсінуін барынша терең ұғынған сайын, біздің ұлттық рухымыздың қайнарын сонау ертедегі ұлылар ұлағатынан алғандығына күмәніңіз қалмайды. Мәннан Тұрғанбаев қашанда рухани бастаушы, ағартушы-үйретуші ұстаздардың алдыңғы сапындағы ірі тұлға. Семей топырағын басып, дәм-тұзын татқан тұғырлы тұлғалардың есімдері жаппай ардақталып, ұрпаққа мәңгі өнегеге айналуы қажет.

Г.Шалатайқызы,
Семей тарихи-өлкетану
музейінің жоғары дәрежелі маманы

Осы айдарда

Back to top button