Мәдениет

Алаштың ақын Абашы

Алаштың ақын Абашы


Айтыстың ақтаңгері Абаш ақынның айтыс өнеріне ат басын бұрғанына биыл 40 жыл толыпты. Ұлы Абайдың аты естілсе, бүкіл әлем елең ете қалатындай, елімізде Абаштың аты аталғанда, көбісінің «Ақын! Термеші! Әнші!», «Алаштың Абашы» деп қауқылдасып қалатыны рас. Осы орайда ақын ағамыз «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ел ішін аралап, өнерсүйер халқының қамбасын рухани қазынаға толтырып қайтуды діттеп отыр екен. Ол үшін, әрине, тиісті орындардың аз-кем қолдауы қажет болып тұр…

Ауылдың киномеханигінен айтыстың ақтаңгеріне айналды

Иә, Абаш ақынның сахнадағы айтысын немесе әнін бұрын-соңды естімеген, көрмеген өзге ұлттың өкілдері де «Абаш» десе елең ете қалады. Алайда аты алашқа танылған Абаш Кәкеновтің қарт Тарбағатайдың тумасы екенін көпшілік білсе де, оның ауыл киномеханигінен айтыстың ақтаңгеріне қалай айналғанын біле бермейді.

Ақынның айтуынша, ауылда киномеханик болып қызмет етіп жүрген қарапайым адамның сол кездегі атқамінер ағалардың қолқалауымен ойда-жоқта сахнаға шығып, үлкен өнерге қадам басуы, кейіннен айтыс аспанында жұлдыздай жарқырауы – бәрі-бәрі тағдырдың маңдайға жазған жазуы екені даусыз.
Өткен ғасырдың сексенінші жылдары Алматыда өткізілген республикалық ақындар айтысына термеші болып аттанып, ақын болып оралған Абаш ағамыздың киелі сахнада жүргеніне, міне, қырық жыл толыпты.

Абаш ақынның сахнадағы ұтқыр әзілдерін, әуелете шырқаған термелерін, табиғат бере салған кең тынысты, ешкімге ұқсамайтын ерекше дауысын естіген елдің тамсанбауы мүмкін емес. Өз басым ағаның ақындығынан гөрі әншілігін дәріптегім келіп тұрады!

Оның дауысы меніңше қазақы сарынды, әйгілі Жәнібек Кәрменов әншінің дауысындай ғажайып сазды үн. Оның әуелете салған әнін тыңдап, марқайған Жәнібек Кәрменов өзінің киелі домбырасын Абашқа қалдыруы да тегін емес. Мұны Жәнібек Кәрменов пен Абаш Кәкенов өнерінің арасындағы рухани үндестік дейміз бе, әлде, ғаламат дауыс иелерінің рухани жалғасқан әнші-ғұмырларының өзектестігі дейміз бе, әйтеуір, осы екі тұлғаның арасында байланыстың бары анық. Ол байланыс қос әншінің дауыс тембрлерінің ұқсастығында, олардың өнерге, қазақтың қоңыр әніне деген махаббаттарында екені шындық.

Өнерде жүрген 40 жылда Абаш Кәкенов туралы көп жазылды. Аудандық газеттерден облыстық, республикалық газет-журналдарға дейін көптеген басылымдарда әңгімелер, очерктер мен сырлы сұхбаттар жарық көрді. Телеарналар арқылы қаншама бағдарламалар, хабарлар көрсетіліп, ақын ұлын дәріптейтін, өнеріне сүйінген ел-жұртпен кездесулер өткізілді.

Абаш ақынның жеке мұрағатында сақталған құттықтау хаттар, дипломдар мен алғыс хаттар бір чемодан болады десем артық айтқандық емес. Бұның бәрі ақындықпен, әншілікпен, бір сөзбен айтқанда, серілікпен өтіп келе жатқан ағамыздың әнші-ғұмырының тарихы, өнердегі Абаш ағаның шежірелі соқпағынан хабар беретін ақпараттар легі десе де болады.

Алаштың ақын Абашы

Бойы аласа болғанмен, сөзі биік

Абаш ағаның өзі айтпақшы «быдықтау тілі», «домаланған» тұрпаты аралас-құралас болып жүрген замандастарын еріксіз жымитып, жүректеріне бір жылылық ұялататын, соншалық бір сүйкімді, күлгенде көрінбей кететін сығыр көзі өзінің болмысына жарасымды! Халық оны сол тұрған бойында жақсы көріп кеткен ғой! Осы орайда әріптесі Әселхан ақынның:

«Атыңнан айналайын Абашжаным,
Жүйріктей суытылып таң асқаным.
Жез таңдай күміс көмей, бұлбұл үні,
Домалап тұлғасына жарасқаным»,- деп жырласа, әйгілі Әсия Беркімбаева:

«Өнерге жаққан бүгін шырағың – май,
Жүресің жүрегіңнен жыр арылмай.
Той жерде сен жүресің домаланып,
Айтыстық алқасы мен тұмарындай», – деп сүйсіне, еркеле жырлайтын-ды.

Өзінің замандастары мен жасы үлкен ағалары да Абаш ақынды, Абаш әншіні, Абаш термешіні елінің серкесі, сал-серісі деп танып, талай-талай жыр арнаған. Сайлаухан Сағидолдин ағамыз:

«Тұрпаты тұрымтайдай тұрқы бөлек,
Қас тұлпар Құлагердей сұрқы бөлек,
Болдырмас болат тұяқ бір таң шапса,
Екпіні ескен желдей салар өрнек», – деп мақтаса, Қайырды Назырбаев ағамыз:

«Жөні бар әзілдесем жарасатын,
Сөзі биік, ал бойы аласа ақын.
Еңбегің елге сіңген еленді ғой,
Атағың құтты болсын, Абаш ақын!» – деп өнерде асығы алшысынан түскен Абашты дәріптейді. Айтыс өнерінде үзеңгілес жүрген Серік Құсанбаев ағамыз да Абаш Америка елінде қазақ әнін шырқап, мұхиттың ар жағындағы қалың елді сырлы әнімен елітіп келгенде:

«Егеменді елім деп,
Еңіреген егілген,
Қабырғасы қайысып,
Маңдай тері төгілген.
Атлантаға жол тартып,
Дәмдес болған сабазың,
Неміспен де негрмен.
Тойдың көркін кіргізіп,
Талай жамбас, бас мүжіп,
Майлы жілік кемірген.
Жаны жайсаң азамат,
Абаштай ақын бар ма екен,
Уайымсыз, қайғысыз,
Қара суға семірген», – деп әзіл-шыны аралас Абаш ақынның шынайы суретін, аңқылдаған көңілін өлеңмен тізбектеп береді.

Қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасы мен айтары бар қаранардай ағалары Қабдеш Жұмаділов, Тұрсын Жұртбаев, атақты батыр Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова және т.б. қара сөздің шеберлері де Абаш Кәкеновтің өнерін, әсіресе әнін жоғары бағалаған. Белгілі ақын Тұманбай Молдағалиев та Абашты ерекше жақсы көріп:

«Абаш!
Алдың ашық,
Қыздар ғашық жігітсің!
Ұзақ жолға жеңіс үшін шығыпсың.
Сен шығар биігіңде биік шың,
Өзің-дағы биіксің!- деп домаланған Абаш ақынның шын мәнінде биік тұлға екенін дәріптеп кеткен екен.
Иә, алпысты алқымдаса да, қара домбырасымен әлі де еліне әсем әнін сыйлап жүрген Абаш Кәкенов туралы бір ақынның:
«Аузыңа дүйім жұртты қарата бер,
Еліңнің атақ-даңқын тарата бер.
Аянбай өнеріңді сый қылып тарт,
Халқыңның кәдесіне жараса егер.
Көрген сайын көңілде қап бой, тұлғаң,
Талай рет жақсы тілек айтылған.
Бақытты екен Тарбағатай шыңдары,
Шоқтығынан Абаш сынды ай туған», – деген тамаша өлең шумақтары бар. Расында да, қарт Тарбағатай, қала берді Өр Алтай елі бақытты!

Сонымен әрі ақын, әрі әнші, әрі термеші Абаш ағамыз бабадан жалғасқан сал-серілік жолменен жүре отырып, рухани жаңғырып жатқан елін биыл тағы бір мәрте аралап шықпақ. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында саф алтындай сал-серілік өнердің бір парасын насихаттап қайтпақ. Ал біз ел рухын көтеретін термелеріңіз бен ғажайып әндеріңіз туған өлкенің әр ауылында әуелеп, елдің алғысына беленіп қайтыңыз дейміз. Сапарыңыз сәтті болсын, әнші аға!

Гүлжан Қазымова
Өскемен.

Осы айдарда

Back to top button