Мәдениет

Алашорда көсемі мен алаштың соңғы тұяғына арналған көрме

Алашорда көсемі мен алаштың соңғы тұяғына арналған көрме

Өскемендегі облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығында Әлихан Бөкейхановтың туғанына 150 жыл және абайтанушы, жазушы Қайым Мұхамедхановтың туғанына 100 жыл толуына орай «Алаштың ержүрек ұланы» атты көрме ашылды.

Алашорда көсемі мен алаштың соңғы тұяғына арналған көрме

Қос арысқа бір көрме ашу тегін емес. Әлихан Бөкейханов – алашорданың көсемі болса, Қайым Мұхамедханов – Алашорданың соңғы тұяғы. Екеуі екі кезеңде өмір сүрсе де, Абай дейтін алып әлемді ортақ зерделеген. Әлихан Бөкейханов Абайдың өмірбаянын тұңғыш рет жазып, «Қазақ поэзиясындағы жаңа ағымның өкілі» деген ат берсе, Қайым Мұхамедханов – Мұхтар Әуезовтің жетекшілігімен Абай шығармаларының текстологиясын алғаш рет талдаған ғалым. Оның үстіне мерейлі мерейтойлары бір жылда келгендіктен, аталмыш мұражай осындай игі шараны қолға алып отыр.

Алашорда көсемі мен алаштың соңғы тұяғына арналған көрме

Көрменің тұсаукесер рәсіміне арнайы келген облыстық мемлекеттік мұрағаттың директоры Түсіпхан Түсіпбеков Алашорда үкіметінің мақсат-мұратын түсіндірді. Әлихан мен Қайымның қилы тағдыры туралы құнды ақпараттар берді.
– Біз тарих туралы сөйлегенде Ұлы Отан соғысының зардаптары туралы жиі айтамыз. Бірақ, 37-38 жылдардағы қуғын-сүргіннің қасіретінің қасында ол соғыс астар болмайды. Сондықтан бүгінгі көрменің біз үшін мән-маңызы өте жоғары, – деді Түсіпхан Түсіпбекұлы.

Алашорда көсемі мен алаштың соңғы тұяғына арналған көрме

Көрме облыстық мемлекеттік мұрағаттың қолдауымен ашылған. Көрмеге қос қоғам қайраткерінің тарихи-этнографиялық еңбектері мен шығармалары, фотосуреттері, құжаттары мен мемориалдық заттары қойылған. Әсіресе Қайым Мұхамедхановтың көзі тірісінде киген шапаны көрген елдің назарын бірден өзіне аударады. Сондай-ақ, шығысқазақстандық суретші Б.Исиннің абайтанушыны айнытпай салған портреті де бұл көрменің құндылығын арттыра түскен.

– Бұл көрмені ашуымызға облыстық мемлекеттік мұрағат көп көмектесті. Мұнда тұрған фотосуреттердің көпшілігін сол мекемеден әкеліп отырмыз. Бұл көрме бір айға жуық уақыт жұрт назарына ұсынылады, – дейді мұражайдың ғылыми қызметкері Гүлжан Кашакуқызы.

Мұратхан Кенжеханұлы

Суреттерді түсірген – Есімхан Орынбаев

Осы айдарда

Back to top button