Алаш зиялылары ашқан мектеп
Қазақ баласының білімді, саналы азамат болып өсуі осыдан 100 жылдай бұрын Алаш зиялыларының арманы болды. Бүгінде Семейдегі үш тілде білім беретін көпбейінді Шәкәрім атындағы мектеп-гимназиясының іргетасы сонау Алаш мектебінің тарихынан басталады. Бұл мектепті Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов ашқан болатын.
-Тарихта «Алаш» мектебі атымен қалған, бүгінде Шәкәрім Құдайбердіұлының атын еншілеген білім ордамыз 2007 жылдан бастап Елбасының «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» Жолдауы негізінде «Тілдердің үштұғырлығы» мәдени жобасын кезеңдеп іске асыруда, -дейді гимназия директоры Алма Әубәкірова.
Айтуынша, Семейдегі бұл мектепті ашуға алғаш бастама көтерген Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсынов екен. Алғашқы директоры (сол кезде завшкола) Хайрулла Ибрагимов Ленин орденімен марапатталған, «Қазақ ССР-іне еңбегі сіңген мектеп мұғалімі» құрметті атанған. Уфада «Ғалия» медресесінде оқыған, мұғалімдік қызметін 1901 жылы медреседе (діни) сабақ беруден бастап, Кеңес үкіметі орнаған соң 1919-1920 жылдардан қазақ балаларына арналған бастауыш мектепте сабақ берген. Осы Хайрулла Ибрагимовтың Ахмет Байтұрсыновпен бірге түскен суреті туралы Қайым Мұхамедханов мақала жазған.
Алаш қаласында 1920 жылдары бірнеше бастауыш қазақ мектебі болған, олар архивтегі материалда «Совет киргиз мектептері» деп аталған. Сонымен қатар 1926-1927 жылдары қаланың бірнеше жерінде шаруа жастарының мектептері ашылады. Ал 1934 жылы №19, 20 шаруа жастарының мектептері бірігіп, №5 қазақ орта мектебі болып қайта құрылады. Соғыс кезінде қыздар, ұлдар мектебі болып екіге бөлініп, бала санының аздығына байланысты 1944 жылы аз уақыт аралығында аралас мектеп болады. 1952 жылы мектептің алғашқы түлектері болып 10 оқушы бітіріп шығады. 1991 жылы 28 маусымда Семей облыстық білім басқармасының №202 бұйрығымен №5 орта мектебіне мектеп-гимназия мәртебесі беріледі. 1991 жылы 18 қыркүйекте қалалық халық депутаттарының атқару кеңесінің шешімімен №5 мектеп-гимназия ғұлама, ойшыл, ақын Шәкәрім есімімен аталды. 2007 жылы 7 тамызда Білім және ғылым министрлігінің бұйрығымен Елбасының «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асыру жұмысының аясында «Дарынды балаларды үш тілде оқытатын мамандандырылған мектеп» деп танылған.
Айта кету керек, Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы үш тілде оқытатын көпбейінді мектеп-гимназия директоры Алма Медетқызының 40 жылға жуық еңбек өтілі бар, жоғары санатты математика пәнінің мұғалімі. Ол өзін іскер басшы, жаңашыл ұстаз, шебер ұйымдастырушы ретінде таныта білді. Ол басқаратын педагогикалық ұжым 2007 жылдан бері үш тілде білім беру бағытында нәтижелі жұмыс істеуде. 2015 жылы республикалық мамандандырылған мектептер арасында өткізілген «Үздік мамандандырылған мектеп-2015» сайысының ІІІ орын иегері атанса, 2017 жылы облыс әкімінің «Орта білім беретін үздік ұйым-2017» облыстық конкурсында жеңіп шығып, 19 000 000 теңгенің сертификатына ие болған. 2017 жылы тиімділік қызметі бойынша қала мектептері арасында «Қаланың үздік инновациялық мектебі», 2018 жылы «Қаланың үздік білім беру мекемесі» аталымдарын жеңіп алды. Алма Әубәкірова ұстаз ретінде «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» белгісінің иегері. Сондай-ақ «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына» арналған мерекелік медальмен, Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгімен марапатталған. Айта берсе, Алма Медетқызының да, ол басқаратын Алаш мектебінің де жетістіктері бір төбе.
2019 жылы мектепке 95 жыл толды. Осы уақытта мектеп 69 рет түлектерін ұшырып, шаруашылықтың алғашқы қалыптасу кезеңінде агроном, есепші тағы басқа мамандарды даярлауға атсалысты. Ұлы Отан соғысы уақытында ұстаздар мен түлектер Отан қорғауға аттанып, қалған оқушылар мен ұстаздар мектеп ғимаратына орналастырылған жаралылар госпиталіне көмектесіп, майдандағы азаматтарды жылы киіммен қамтамасыз етуге қол ұшын созды.
Бүгінгі таңда мектепте әр жылдары білім алған түлектер қатарынан жеті ғылым докторы, 20-дан аса ғылым кандидаты шыққан екен. Олардың қатарында ғалым, абайтанушы Қайым Мұхамедханов, академик Сейіт Қасқабасовты атауға болады. Бұдан бөлек 28 спорт шебері, спорт шеберіне үміткерлер бар. Олардың қатарында спорт әлеміне танымал ағайынды Манкеновтер да бар. Мектептің 95 жылдық тарихында түлектерінің 19-ы Алтын медальға, 30-ы Күміс медальға, 38-і «Алтын белгі» төсбелгісіне, 109-ы Үздік аттестатқа бітірді. Соңғы үш жылда мектеп қабырғасынан шыққан талантты шәкірттердің 23-і халықаралық, 31-і республикалық, 71-і облыстық ғылыми жобалардың, 12-сі республикалық, 68-і облыстық пән олимпиадасының жеңімпаздары атанған.
Оқушыларды ғылыми ізденіске баулу мақсатында 1-7 сыныптар үшін жас зерттеушілердің «Зерде» мектебі, 8-11 сыныптар үшін «Жас ғалым» мектебі жыл бойы жоспарлы түрде жұмыс жүргізеді. Оқушылардың жыл бойы зерттеген жұмыстары сәуірде өтетін «Әлемдегі терең сыр ғылыммен ғана ашылмақ» тақырыбында өтетін ғылым күнінде қорытындыланады. 2019-2020 оқу жылында барлығы 19 жұмыс облыстық ғылыми жобалар сайысына ұсынылып, сегіз оқушы жеңімпаз атанды. Республикалық ғылыми жобалар сайысына физика секциясы бойынша қатысқан 11-сынып оқушысы Алема Толеуғазы ІІ орын иеленсе, география секциясына қатысқан Диас Қуанышев жүлделі ІІІ орынды, әдебиет секциясы бойынша Мадина Толеуғалиева ІІІ орынды иеленді. Жас зерттеушілердің «Зерде» конкурсының облыстық кезеңіне 19 оқушы қатысып, барлығы жеңімпаз атанды. Республикалық сайысқа 12 оқушы қатысып, Бордатқан Әмірлан физика-техника секциясы бойынша бас жүлде, математика, информатика секциясы бойынша Нұралы Төлегенов, Арнұр Нұрғазин І орын, химия, биология секциясында Төлеубек Нұркен, Әділет Серікғалиев І орын, тарих секциясында Қадырбек Серікжан, Тлеуберген Мансұр І орын, физика секциясында Адильжан Какимжанов, Рахым Райымұлы жүлделі ІІ орынды иеленді.
«Цифрлық Қазақстан-2019» ІТ форумы аясында өткен облыс әкімдігінің Инвестициялық орталық алаңында мектеп оқушылары өздерінің Start Up жобаларын қорғады.
– Мұғалімнің кәсіби дамуы үшін тәжірибелік дағдыларды қалыптастыруға ерекше көңіл бөлудің маңызы зор,-дейді Алма Медетқызы – осы ретте оқу жылында мектеп мұғалімдері облыстық, республикалық семинарларға, қашықтан өтетін олимпиадаларға, ғылыми-практикалық конференцияларға қатысып, тәжірибелерімен бөлісті. Жыл сайын тұрақты өтетін «Үздік педагог» байқауына өткен оқу жылында бастауыш сынып мұғалімі Н.Мұқанова қатысып, республикалық «Үздік педагог-2019» атағын иеленді. Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Жыл патриоты-2019» атағын мектебіміздің мұғалімі С.Тусупов иеленді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Ұстаз – өзгерістер елшісі» кіші жобасы аясында химия пәні мұғалімдеріне арналған «Үздік химия пәні мұғалімі» байқауында химия пәні мұғалімі А.Зейтова жүлделі ІІІ орынды иеленді. Өскемен қаласындағы «Педагогикалық шеберлік орталығы» филиалы «Жетекші мектеп – жаңартылған білім мазмұнын қолдаушы мектеп» атты І халықаралық форумына белсене қатысқаны үшін Н.Такеева, Г.Тастекеева, Б.Жұмахановаға алғыс білдірілді. «Қазақстанның жыл мұғалімі» төсбелгісімен және І дәрежелі дипломмен қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Г.Габдуллина, АӘД пәні мұғалімі С.Тусупов, биология пәні мұғалімі Р.Сүлейменова, география пәні мұғалімі Д.Хасенова марапатталды.
Иә, шынында да Алма Әубәкірова басшылық етіп отырған білім ордасының тарихы да, жетістіктері де керемет. Бір мақалаға сыйғызу мүмкін емес. Ұстаздар да, оқушылар да талантты. Мектепте қазақтың тұңғыш академигі Қаныш Сәтбаев, жазушы Жүсіпбек Аймауытов ұстаздық еткен. Ал ақын Қ.Аманжолов білім алған, абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедханов 1924-1928 жылға дейін осы қазақ бастауыш мектебінде оқыған. Осының барлығы Семейде ұлттық білім беруді жолға қоюға тырысқан Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов, Мәннан Тұрғанбаев, Қаныш Сәтбаев, Тайыр Жомартбаев, Сейітбаттал Мұстафин, Хайролла Ибрагимовтың және осы тұлғалардың жолын жалғастырушы Алма Әубәкірованың да өлшеусіз еңбегі деп атай аламыз.
Раушан Нұғманбекова
Семей.