Алаш арыстарын алғаш болып театр ұжымы ұлықтады
Биыл Алашорда үкіметінің құрылғанына 100 жыл толады. Ұлттың ұлы мұратын айқындап, қазақ даласының шекарасын шегелеп кеткен сол бір асыл азаматтарға азаттықтың ақ бесігінде тербелген әрбір перзент қарыздар екені ақиқат. Бар қазаққа ортақ осы бір торқалы той Шығыс өңірінде Өскемендегі облыстық драма театрдан басталды.
Театрдың көркемдік жетекшісі Сақан Әкелеевтың мұрындық болуымен өткен шараға облыстағы мемлекеттік мұрағаттың директоры Түсіпхан Түсіпбеков, ақын, белгілі журналист Әлібек Қаңтарбаев бастаған өңірдің зиялы қауым өкілдері қатысты.
Тағылымды кешке жиналған жұрт ең әуелі алашордашылардың өмірінен сыр шертетін көрмені тамашалады. Алашорда көсемі Әлихан Бөкейхановтан тартып, белді-белді мүшелерінің тарғалаң тағдырынан сыр шертетін көрме көрерменге көптеген мағлұматтар береді. Бұдан кейін көгілдір экраннан алаш арыстарының жекелеген өмірлері туралы тарих саласының мамандары өздерінің ой-тұжырымдарын айтты.
– Алашорда үкіметінің негізін құрағандар педагогтар мен саясаткерлер болды. Олар қазақты құлдық бұғаудан құтқару үшін қолына найза ұстап, қан майданға аттанған жоқ. Өздерінің телегей терең білімдерімен мақсат-мұраттарына ұмтылды. Олар жайында мұрағаттардағы көп дүниелер әлі сол құпия қалпында тұр. Бұл олқылықтың орынын алдағы уақытта толтырамыз деп ойлаймын. Алаш деп атқа қонған сол боздақтардың өнегелі өмірімен бүгінгі ұрпақты тәрбиелеуіміз керек. Алаш қозғалысының белді мүшелері болған Шәкерім Құдайбердіұлы, Райымжан Мәрсеков сынды жерлестеріміздің орны ерекше. Алашорданың астанасы өзіміздің Семей қаласы екенін білесіздер. Ендеше бір ғасырлық бұл той біздің өңірден басталуы заңдылық. Ал біздің өңірде осы бір айтулы датаны ең бірінші болып облыстық театрдың қолға алып жатқаны құптарлық дүние, – деді мұрағат директоры Түсіпхан Түсіпбекұлы.
Бұдан кейін сөз тізгінін ұстаған Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры Әлібек Қаңтарбаев алаштың ай мүйіз серкелерінің ұлттық рухын бүгінге ұрпаққа айнытпай сіңіру керек деген ойын айтты.
Тағылымды кештің көрігін театр әртістері қыздырды. Олар жиналған жұртқа алаш арыстары туралы Асыл Қозықановтың режиссерлігімен дайындалған «Алаш азаматтары» атты театрландырылған композициясын ұсынды.
Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев сынды қазақтың қаймақтарын сомдаған әртістер олардың асқақ рухын көрерменге селкеусіз жеткізді.
Шағын қойылымда қазақ зиялыларын алдап-арбаған кеңес жандайшаптары оларды алған беттерінен қайтаруға насихаттайды. Бірақ жұдырықтай жұмылған ұлт серкелерінің тағдыры бір-ақ тал оқпен шешіледі. Бас-аяғы жарты сағатқа толмайтын шағын қойылыммен көп дүние ұқтырған режиссер еңбегіне сүйіндік.
Ұлттың ұлы тойы облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының тапсырмасы бойынша облыстық театрдың ордасында басталып отыр. Аманшылық болса, енді ол әрбір мекеме ұжымдарының ортасында да аталып өтетін болады деп күтілуде.
Мұратхан Кенжеханұлы