Тәуелсіздік - 30

Алаш арыстары музей төрінде

Алаш арыстары туралы айтыла қалса әр қазақтың бір қомданып қалатыны заңдылық. Тіпті суреттеріне де сүйсіне қарап тұратын кезіміз болады. Ал олар туралы көбірек айтылғанымен тереңірек зерттелмей келе жатыр. Десе де Алаш арыстарының әр қырына  үңілуге тырысып жатқандар да жоқ емес. Осындай игілікті бастамалардың бірін Шығыс Қазақстан Өнер музейі бастапты.

Халықаралық музей түні аясында ұйымдастырылған іс-шараның тақырыбы да таланттарға шабыт беретіндей екен. «Өнер еркіндігі» деп аталған акция ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Алаш арыстарына арналып ұйымдастырылды.

– Тәуелсіздігімізді асқақтату үшін оның тарихын тереңірек білуіміз керек. Біліп қана қоймай, жан-жақты, әр қырынан насихаттай білгеніміз дұрыс. Биыл  біздің музей қазақ зиялыларының бейнесін жас ұрпаққа танытуды көздеп, сурет байқауын ұйымдастырды. Тамаша-тамаша туындылар келіп түсті. Музей көрермендеріне Алаш арыстарын әр қырынан көруге мүмкіндік туып отыр, – дейді музей қызметкері Есенбол Нақтыбайұлы.

Тәуелсіздіктің тойымен қатар келген Әлихан Бөкейхановтың 155 жылдығы назардан тыс қалмапты. Ұлт көшбасшысын ұлықтау мақсатында «Алаш асылдары» атты байқау өтті. Оған өңіріміздегі бейнелеу өнеріне бетбұрған суретшілер қатысып, тарихи тұлғалардың портреттерін салған. Көрмені көрген адамның көңілге түйері көп болары сөзсіз. Өйткені залды айнала Алаш арыстары қаз-қатар жайғасыпты. Суретшілер әр тұлғаның бейнесі арқылы замана келбетін, тарих тағылымын сомдауды көздеген. Сүріңкей жылдардың құрбаны болған қазақ зиялыларының тағдырын айшықтау үшін қылқалам шеберлері әртүрлі айла-тәсіл қолданыпты. Олар акварель, пастель, тушь, гуашь, қауырсын қатарлы құралдарды  қажетіне қарай қолданып жұмыстарына тереңірек мазмұн бере білген.

Байқауға облыстың әр өңірінен 17 қатысушы өз туындыларын ұсынған. Жалпы саны 30 жұмыс музей төрінен орын алыпты. Байқауға қатысқан жас суретшілердің көптігі қуантқанымен, қарт суретшілердің қатарласа жүргені сәл қынжылтты. Бұл жалпы қазақ өнерінде қазіргі таңда бар үрдіс екенін көріп жүрміз. Ол енді өнерге деген қолдаудың аздығынан да шығар деген ой келді. Десе де бұл жолғы байқауға азда болса да ақшалай сыйақы тағайындалыпты. Байқауды Өнер музейі ұйымдастырғанымен, ақшалай сыйақыны тағайындаған «ЕКМ СОМPANY» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі екен.

– Өнерге қолдау көрсету әр азаматтың парызы деп ойлаймын. Біз де сол ұлттық құндылық жолындағы іс-шараларға қолдау көрсетуді өзімізге парыз санаймыз. Біз берген бәйге өнердің өлшемі бола қоймас, десе де бұл жолғы сурет байқауына аз да болса  қаржылай қолдау көрсеттік. Байқауға қатысқан үміткерлердің туындыларын көріп талантты жастардың өсіп келе жатқанына көз жеткіздік. Біз бұл музеймен біраз уақыттан бері серіктесе жұмыс істеп келеміз. Әлі де өнер жолындағы іс-шараларға қолдау көрсететін боламыз, – деді «ЕКМ СОМPANY» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Мақсат Асанұлы.

Сонымен қатар биыл мерейлі 85 жасқа толып жатқан ақын Олжас Сүлейменов шығармаларын мәнерлеп оқу сайысының жеңімпаздары да «Музей түніне» арналған шара барысында марапатталды. Музей басшылығы жеңімпаз студенттер мен оқушыларға сыйлықтар  тапсырды.

 

Қызырбек Дүргінбайұлы

Осы айдарда

Back to top button